Жеті метрден асатын ғимарат салуға болмайды. Түркістанның мәртебесі туралы заң мақұлданды
18 желтоқсанда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті.
18 желтоқсанда Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Мәжілістің ресми сайты хабарлады.
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң жобасы мен оған ілеспе түзетулердің Мемлекет басшысының қалаға рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беру жөніндегі тапсырмасына сәйкес әзірленгенін, сондай-ақ Түркістан қаласын Түркі мемлекеттері ұйымы мен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде тану, қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі негіз болғанын айтты.
– Құжаттың басты новеллалары: Түркістан қаласы археологиялық ескерткіштерінің резерватын құру, ұлттық қолөнер саласындағы шеберлердің шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтеу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау. Сондай-ақ кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді, – деді Н.Байбазаров.
Жұмыс тобының жетекшісі, депутат Темір Қырықбаев қосымша баяндамасында орталық мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Түркістан қаласының жергілікті өкілді және атқарушы органдарының өкілеттіктері қайтадан қарастырылып, қолөнер, туризм салаларына қоян-қолтық қолдау көзделгенін атап өтті. Бұл ретте жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштерді пайдалану және оларды күтіп-ұстау тәртібіне мемлекеттік бақылау жүргізу, ғылыми реставрация жүргізу бойынша ғылыми-жобалау құжаттамасын келісу, қаланың дизайн кодын және қала құрылысы регламентін әзірлеу, туризм инфрақұрылымын дамыту және басқа да құзыреттер Түркістан қаласының әкімдігіне жүктеледі.
Ілеспе заң жобасында сәулет, құрылыс және қала құрылысы қызметін нормативтік реттеуге және тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғауға бағытталған 1 Кодекс пен 3 заңға өзгерістер мен толықтырулар қарастырылған.
What's Your Reaction?