Жазира Қамбарова: «Жеке мектеп ашқым келеді, алайда...»

Музыка – жүректі жұмсартатын құдірет...

Sep 18, 2024 - 15:10
Jan 16, 2025 - 15:13
 33
Жазира Қамбарова: «Жеке мектеп ашқым келеді, алайда...»

Жетіген – көнеден жеткен әрі күрделі, әрі сиқырлы әуен аспабы. Күрделі деп – жасалу жолы мен ойнау тәсіліне байланысты айтсақ, сиқырлы деп – төгіліп түскенде жан сарайыңды ашатын, тыңдаушысын арбап алатын қасиетіне байланысты айттық. Түбі түркіге ортақ, музыка мәдениетінің мәйегі болып табылатын жетігеннің қазақ тарихы мен мәдениетінде де алар орны ерекше. Кешеде жетігенде ойнайтын бірен-саран ғана музыканттар болушы еді. Және оны Алматы, Астана сынды үлкен меаполистерде ғана үйренуге мүмкіндік болатын. Ал, бүгінгі таңда тек қала, облыстардан емес, Бәйдібек ауданынан да жетігеннің сырына үңіліп, жеті ішегін шертіп үйренем деген жанға мүмкіндік бар. Біз бұл туралы Бәйдібек ауданы, Шаян ауылындағы Орынбай Тайманов атындағы өнер және саз мектебінің мұғалімі Жазира Жолдасбекқызымен сұқбаттасқан едік.

– Жазира Жолдасбекқызы, алдымен өнер жолына, одан ұстаздық жолына қалай келгеніңізді айтып өтсеңіз. 
– Менің алғашқы мамандығым – «бастауыш мұғалімі». Оқушы кезімде анамның қолдауымен орта мектеппен қатар қосымша Шаян жеті жылдық саз мектебінің домбыра аспабы бөлімінде 1992-1997 жылдар аралығында 5 жыл толық оқып, үздік куәлігін алған болатынмын.
Алайда мектеп бітірген соң әкем мен атам қыз балаға өнерден гөрі, мұғалімдік жақсы деп тауып, бастауыш мұғалімі мамандығын оқып бітірген болатынмын. Дегенмен іште бәрібір өзіңнің қалауың, қабілетің тұншығып жатады ғой. Кейінірек олай жүре беруге болмасын ұғып, Шымкент қаласындағы Халықаралық гуманитарлы-техникалық университетінің «Музыкалық білім» мамандығын оқып алдым. Еңбек жолын туған жерім Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында 2000 жылы бастадым. Содан бергі 24 жылда бұрынғы атауы «Шаян жеті жыдық балалар саз мектебі», қазіргі таңда «О.Тайманов атындағы өнер және саз мектебінің» ұстазымын. Өзім сол кезде армандарыма қол сілтеп қоя салмай, кейінірек болса да өз қалауыма қол жеткізгеніме қуанамын. 
– Ал, жетігенге қызығушылығыңыз қашан артты?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын білім жетілдіру мақсатында мектеп мұғалімдерімен бірге Алматыға барған болатынбыз. Сол жерде жетігентанушы, тәуелсіздік тұсындағы тұңғыш жетіген мектебінің негізін қалаушы Нұргүл Жақыпбек сабақ берді. Сол кісі сабақ барысында жетіген туралы айтып, оқушыларын әкеліп концерт қойып, мастер-класс көрсетті. Кілең жетігеншілер күй ойнаған кезде қатты әсерленіп, өне-бойымыз түгел  тітіркеніп кетті. Міне, сол кезде өзімнің жетігенде ойнағым келетінін түсіндім. Сосын Нұргүл апаймен ақылдаса келе, мұғалімдердің білім жетілдіру курсымен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясынан 86 сағаттық курсын да оқып алдым. 2022 жылдың мамыр айында оқуымызды аяқтап ауылға қайттық. Міне, содан бері жетігенді қолға алып, өзім үйреніп қана қоймай, шәкірттерге де білгенімді үйретіп келемін. Әзірге жетігенді меңгеруге қызығушылық танытқан 2 оқушым бар. Ал мектепте жетігеннен бөлек, домбырадан, флейта, примадан да сабақ беремін.
Өздеріңіз де білесіздер, жетіген аспабы еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана жеке аспап ретінде танылып, ойнала бастады ғой. Жалпы негізі жетіген аспабы композитор Болат Сарыбаевтың жаңғыртуымен 1960 жылы қайта дүниеге келді. Сол уақыттан бері жетіген – ансамбль, оркестр құрамында қосалқы аспап ретінде қолданылып жүрді. Жеке аспап ретінде танығанымызға 15 жыл ғана уақыт өтті. Қазір конкурстар мен фестивальдерде жетігенге арнайы номинация ұйымдастырылады. Бұл – үлкен жетістік! Қазіргі таңда салада мамандар әлі де аз. Бірақ, музыка мектептерінен бастап, жоғары оқу орындарына дейін жетіген аспабы арнайы оқытылады. Байқасаңыздар, әр аспаптың танылатын өз уақыты болады. Қазір жетігеннің сондай дәуірі деп есептеймін. 
– «Музыка – жүрек тілі» дейді. Енді өзіңіз музыкант ретінде осы музыка өнерінің ұрпақ тәрбиесіне әсері қалай деп ойлайсыз?
– «Музыка – ұлтқа бөлінбейді» дейді. Қай ұлттың да өзіне тән бояуы болады. Жалпы музыка – жүректі жұмсартатын құдірет қой. Сондықтан да ол – бала тәрбиесіндегі қажетті, таптырмас мәдениеттің бір бөлшегі деуге болады. Ол баланы музыка әлемін түсініп, қабылдауға, талғамын қалыптастыруға, сезімталдығын дамытуда, білімді әрі мәдениетті болып өсуіне әсер етеді. Сол үшін де болар музыканы мектеп бағдарламасына жеке дара пән ретінде қосқаны. Себебі мектепте өнерді, оның ішінде ұлттық өнерді ұрпақ санасына сіңіру – болашақтың да тәрбиесіне ықпал етеді. Одан бөлек, дарынды балалардың қабілетін дер кезінде байқап, одан әрі дамытуға да керек.
– Бәйдібек ауданындағы балалардың өнерге деген қабілеті қалай? Шәкірттеріңіздің жетістіктері туралы айтып берсеңіз. 
– Баланың бәрі қабілетті ғой. Ауданымызда да өнерсүйер, талантты балалар өте көп. Домбырадан болсын, жетігеннен болсын республикалық байқаулардан біздің балалар бас жүлдені бермей тұр деп айтуға болады. Халықаралық байқауларда да бақ сынап жүрміз. Ол жақтан да құр қол қайтып жатқан жоқпыз. Атап айтсам, 2022 жылы «Сал домбыра» атты республикалық жас өнерпаздар арасында ұлттық әрі дәстүрлі өнер байқауынан, былтыр Алматыда өткен «Жарқыра жұлдыз» атты өнер байқауынан 1-орын, «ART BAYTEREK» шығармашылық байқауынан бас жүлде алып қайтқан болатынбыз. Ал халықаралық байқауларға келсек, Ташкентте өткен «Азия таланттарынан», ТЮРКСОЙ ұйымының 30 жылдығына орай Түркияда өткен «VI. Türk Dünyasinda Kadin ve Moda Haftas!», «Global art Competition», «Art Planet» байқауларынан да жүлделер мен алғыс хаттар иеленіп қайттық.
Жетігеннің танылуына осындай елімізде ұйымдастырылып жатқан түрлі фестивальдар мен конкурстардың септігі мол. Алдағы уақытта домбыра сияқты әлемге кең тараған аспапқа айналады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде күннен-күнге көне жетігеннің танымалдылығы ұлғайып келеді. Бұл аспаптың дамығаны соншалықты, бұрын онымен қысқа күйлер, әндер ғана орындалса, қазір күрделі үлкен классикалық шығармалар ойнауға болады. Республика аясынан шығып, халықаралық деңгейдегі өнер додаларына қосылды. Шетелдік музыкалық байқаулардың бас жүлдесін әкеліп жүр. Қазір Азия елдерінен өнертанушылар осы аспапты арнайы іздеп келіп, даму үрдісіне, орындаушылық ерекшелігімізге қызығушылық таныта бастады. Қытайда осы аспаптың тарихын зерттеп, дамытатын ұйым бар екен. Олардың да музыкалық сарапшылары Қазақстанға жетігенді іздеп келді. Өйткені оларда да жетіген тектес музыка аспабы бар екен. Олар біздің музыкалық аспабымыздың өзіндік ерекшелігін тексеріп, ойнау әдісіне оң бағасын беріп кетті. Оңтүстік Кореядан келгендер де ЮНЕСКО шеңберінде зерттелген біздің жетігенімізді көрді. Бізде бұл аспаптың мықты дамып келе жатқанын мойындады. Сондықтан шет мемлекеттер жетіген аспабын бағалап, біліп отыр.
– Бәйдібек ауданындағы өнер, мәдениет саласының халі қалай? Көңіліңіз тола ма?
 – Ауданда мәдени шаралар, концерттер өте жиі ұйымдастырылып отырады. Мамандарға, идея авторларына жақсы қолдау танытады. Ішкі саясат пен мәдениет үйінің мамандары да жақсы атсалысады. Алда аудан деңгейінде «Мәдениетім – мерейім» атты іс-шара ұйымдастырылғалы жатыр.
Тағы бір айтып кетер жайт, ауданымызға осы жетіген аспабы келгелі тұрғындар мақтаныш тұтатын болды. Тек телевизордан көріп жүрген аспапта аудан балаларының ойнай бастағаны, кімнің болса көңіліне қуаныш орнатары сөзсіз.
 – Аспаптарды қайдан алдырасыздар? Ол үшін жергілікті қазынадан қаржы бөліне ме?
– Енді жетігенші ұсталар сирек болғандықтан, жетігенді Алматы қаласынан алдырамыз. Жоғарыда атап өткен жетігентанушы Нұргүл Жақыпбек, шеберлермен бірлесе отырып, түрлі-түрлі жетіген нұсқаларын қарап, қазір біздің қолымыздағы 23 ішекті жетігенге тоқталған болатын. Ал домбырашы шеберлер ауыл, аудан, обылысымыздан да табылады.  Сондықтан домбыраны өз өңірімізден аламыз. Инструменттерді өзім сатып аламын. Оқушыларым да өздері алады. Алда-жалда ішектері үзіліп, қандай да бір нұқсан келер болса, оны да өзіміз жөндетеміз. Әрине, алда бұл мәселеге қаржы қаралып жатса, нұр үстіне нұр.
Мен алдағы уақытта жетіген сыныбын ашып, жетігенші қыздарды үкілеп, сахнаға шығарып, мүмкіндік болса жеке мектеп те ашқым келеді. Алайда біздікі аудан деңгейі болғандықтан, құрығанда өзім қызмет ететін мектептің жанынан штат ашылса деген ұсыныс айтқан болатынмын. Әзірге өздеріңіз көргендей жаныма бірді-екілі оқушыларды жинап, үйретіп жүрмін. Алда ол арманымыз да орындала жатар. 
– Енді жүрегі өнер деп соғатын балаларға, ол балалардың ата-аналарына маман ретінде қандай лебіз айтасыз?
– Ең алдымен, баланың қабілетін көре білу, қалауына құлақ аса білу қажет. Құдайдан берілген қабілеттің іште тұншығып жатқан обал болса керек-ті. Қазақ – жаратылысынан өнерге жақын халық қой. Ал оның ұлттық аспаптары мен мәдениеті өзгелерден ерекшелеп, дара болмысын танытады. Сосын қандай өнер болмасын әкенің қаны мен ананың сүтінен келеді емес пе? Сол үшін де баланы қолдау әрдайым маңызды. Ал балалар қабілетін әрі қарай дамыту үшін, өзі қалаған саланың нағыз маманы болу үшін тынбай еңбектену қажет. Кез келген аспапты үйренуге болады. Алайда оны шыңына жеткізіп орындау, әр нотаны сезіну кез келген музыканттың қолынан келе бермейді. 

Әңгімелескен Сезім МЕРГЕНБАЙ