Түрік компаниясы Сайрамда ірі жылыжай салуға ниетті
Түркістан облысы еліміздегі жылыжайлар көлемі бойынша алдыңғы қатардағы өңір. Облыста 1640 гектар жылыжай бар, оның ішінде 634 гектары – көмірмен жылытылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыста өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға және азық-түлік саласында импортты алмастыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Жыл өткен сайын облысымыздағы жылыжайлардың көлемі артуда. Бүгінде республикадағы жылыжайлардың 80 пайызы Түркістан облысыныңүлесінде. Бүгінде жеке кәсіп ашамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау көп. «2021-2025 жылдары кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба» шеңберінде мемлекеттік грант алып, өңірлерде кәсібін бастағандар саны күн сайын артып келеді. Мамандар биыл Үкіметтің қолдауымен жылыжай шаруашылықтарын субсидиялаудың жаңа тетігі енгізілгенін айтады. Енді өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайлардың жылуға кеткен шығынының 20 пайызын мемлекет өтеп бермек. Фермерлік жылыжайлардың әр гектарына 4,8 млн теңге, ал өнеркәсіптік жылыжайларға 8,1 млн теңге субсидия төленеді. Қазір фермерлік жылыжайларды стандарттау жүріп жатыр. 685 жылыжайға сертификат біріліп, енді олар мемлекеттік қолдауға өтінім тапсырып жатыр. Бүгінге дейін 400 өтініш қабылданған. Бұл сырттан келетін арзан өніммен күресудің тиімді тәсілі дейді мамандар.
Жылыжай – жөн кәсіп. Жаңа технологиялар бүгінде жеміс-жидек пен көкөністерді жыл он екі ай өсіруге мүмкіндік беріп отыр. Бабы келіссе, қысқа мерзім ішінде сапалы өнім алуға болады. Қыс мезгілінде жылыжайда өсірілген көкөністер мен өсімдік, жеміс-жидектер сұранысты өтеуі тиіс. Бүгінде еліміздің барлық өңірінде жылыжай шаруашылығы көркейіп, елді өніммен қамтып отыр. Оңтүстіктің жылы аймағында орналасқан Сайрамда да жылыжай көлемі артып келеді.мСаялы Сайрам ауданы – облыстағы ауылшаруашылығы дамыған, өнеркәсібі өрге домалаған аймақтардың бірі. Ауданның климаты да жылыжай ісін жүргізуге өте қолайлы. Ауа-райының қолайлығын және мемлекеттен көрсетілетін жәрдемді тиімді пайдаланып отырған аудан кәсіпкерлері жылыжай ашып, өңірді балғын көкөніс, жеміс-жидектермен қамтамасыз етіп отыр. Солардың бірі Қарасу ауылдық округіндегі 30 адамды жұмыспен қамтып отырған «Нар-Ата» шаруа қожалығы. Аталған жылыжай 2020 жылдың қазан айында өз жұмысын бастаған. Қожалық басшысы Е.Элдарбектің ендігі жоспары жылыжай көлемін ұлғайту.
Аудандағы ірі жылыжайлардың бірі - «Zaure group» ЖШС Ақсу ауылындағы 6 гектар жерге орналасқан. Жылыжайда жылына 3500 тонна көкөніс өндіріледі. 55 адам жұмыспен қамтылған. Инфрақұрылым, су, электр мәселесі шешілген. Зәуре» шаруа қожалығының басшысы Жәния Ашықбаеваның мәлімдеуінше, жобаның құны 2 миллиард теңгені құрайды. Агроөнеркәсіптік кешенді іске қосу үшін жеке кәсіпкердің қаржысы есебінен 80 миллион теңге жұмсалған. Сонымен қатар «Агро кредиттік корпорация» АҚ тарапынан 2,1 миллиард теңгеге қаржыландырылған.
Ал Қайнарбұлақ ауыл округінде жалпы көлемі 3,6 гектарды құрайтын заманауи үлгідегі өнеркәсіптік жылыжай кешені бар. Меншік иесі- «Nur Agro» шаруа қожалығы . Жоба құны- 1000,0 миллион теңгені құрайды.. Қазіргі таңда мұнда 35 адам жұмыспен қамтылған. 3,6 гектар аумақта орналасқан шаруа қожалығында қияр мен қызанақ егіледі. Кәсіпкер бұл жобаны жүзеге асыру үшін өз қаражатын жұмсаған және «Аграрлық несие корпорациясынан» да қомақты қолдау несиесін алған.
Жылдың төрт мезгілінің барлығы дерлік жылы әр қолайлы болып келетін Оңтүстік өңірінің мұнан да жоғары мүмкіндігі бар екенін ескеріп, шағын және орта бизнестің үлесі артатынына сенімдіміз.
Ғылым мен техника дамыған заманда жылыжай өніміне сұраныс еселеп артпақ. Жердің тозуы, топырақтың құнарсыздығы және климаттың өзгеруі – оған басты себеп болмақ. Жылыжай жұмысын жандандырып, егіс көлемін арттыруда, сонымен қатар, шығынды азайтып, өнімді көбейтуде ауыл шаруашылығы мамандары мен Қазақ ғылыми зерттеу институты ғалымдары бірлесіп жұмыс істеуде. Жылыжайдың болашағы зор. Келешекте өңірге көгілдір отын келгенде оған кететін шығын неғұрлым азайып, кәсіпкерге жеңілдік туады.
Қайнарбұлақ ауылының шетінде орналасқан «Нұршатемір» ЖШС Сайрам ауданы игілігіне жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда серіктестік жылыжайларында витаминдік өнімдерді өсірумен қатар Шымкенттің агроколледж студенттерін үйретеді.
Жылыжай 2017 жылдың наурыз айында іске қосылып, қазіргі таңда қияр өсірумен айналысады. Жылыжай тұрақты 21 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жылыжайға жалпы 700 миллион теңге қаржы жұмсалған. Оның ішінде 541,0 миллион теңге "ҚазАгроҚаржы" есебінен жұмсалса, 159,0 миллион теңгесі – жеке қаражат. Екі гектар аумақта «Чайковский» сұрыпындағы үгіршіктер егілген. Бұл неміс және голланд сұрыптарының гибриді. Әр бұтаның астына ылғал тамшылап суару арқылы жетеді. Өсімдіктер қатарынан бір деңгейдегі шпалераға байланады.
Жұмыс көп еңбекті, сабырлықты талап етеді. Барлық агротехникалық талаптарды сақтайтын болса, тынымсыз еңбек өзін ақтап шығады. Жылыжайда өсірілген дәрумендерге бай көкөністер аудан орталығының базарларында сатылып жатыр.
Сайрам ауданында алдағы уақытта тағы бір заманауи ірі жылыжай салынбақ. Жыл басында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркияның атақты «Alarko Holding» компаниясының өкілдерімен кездескен болатын. Атап айтқанда, «ALSERA KZ» ЖШС-нің директоры Гюнай Гокалппен кездесіп, әріптестік орнату, инвестиция тарту жөнінде келіссөз жүргізген еді. Нарықта 30 жылдық тәжірибесі бар компания Сайрам ауданында 100 га аумаққа заманауи жылыжай кешенін салып, қызанақ егетін болды.
Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысы экономикасының негізгі драйвері. Біздің аймақтың климаты жыл бойы егіншілікпен айналысуға мүмкіндік береді. Өңірде еліміз бойынша мақтаның 100 пайызы, бақша дақылдарының 74,1 пайызы өсіріледі. Сонымен бірге 316,8 мың тонна жеміс, 1168,9 мың тонна көкөніс, 247,1 мың тонна ет өнімдері өнімдері өндіріледі.
Гюнай Гокалп Қазақстанның әлеуеті жоғары екеніне тоқталып, ұтымды ұсыныстар бойынша әріптестік орнатуды қарастыратынын жеткізді. Өңірдің мүмкіндіктерімен танысуға мүдделі екенін айтты. Кездесу қорытындысы бойынша келіссөзді жақын арада жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
«Alarko Holding» – көлік, мұнай-газ секторы, энергетика, өнеркәсіп, туризм, жерге орналастыру саласындағы жобаларды инвестициялайтын және іске асыратын әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Сонымен қатар өткен жылы бұл холдинг инвестициялаудың жаңа бағытына, атап айтқанда ауыл шаруашылығы жобаларына да бет бұрды.
Корпоративтік даму шеңберінде 2030 жылға дейін ауыл шаруашылығы мен азық-түлік секторына инвестиция салмақ. Ең алдымен жылыжай шаруашылығына, минералды тыңайтқыштарға, азық-түлікті өңдеуге және сатуға, сондай-ақ ауылшаруашылық технологияларына назар аударуда. 2023 жылдың мамырында «Alarko Holding» Түркияда жылыжай алаңдарын бөлу жұмысы басталғанын жариялады. 2028 жылға қарай компания шамамен 5 000 000 м2 жылыжайда 300 000 тонна көкөніс пен жеміс өндіруді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, бүгінгі таңда аудан бойынша 52,9 гектар көлемінде 110-ға жуық жылыжай бар.