«Turkistan» май» зауыты күніне 45 тонна күнбағыс майы өндіреді

Jan 3, 2025 - 18:57
 4
«Turkistan» май» зауыты күніне 45 тонна күнбағыс майы өндіреді

Күнбағыс майы халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің біріне жатады. Статистикалық деректерге сүйенсек Қазақстанда ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында тазартылмаған күнбағыс майын өндіру көлемі 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,4 пайызға өсіпті.  Осы уақыт ішінде қазақстандық кәсіпорындар 136,5 мың тонна өнім шығарса, былтырғы жылы 103,9 мың тонна күнбағыс майын өндірген. Отандық өнімнің нарықтағы үлесі 83,7 пайыз, бұл ретте өнімнің 16,3 пайызы сырттан әкелінеді.

Күнбағыс майының негізгі үлесі (софлор және мақта майын қоса алғанда) өткен жылы Өзбекстанға, Қытайға және Тәжікстанға экспортталыпты.

Елімізде күнбағыс майының орташа бағасы литріне 651 теңге. Өңірлер арасында күнбағыс майының ең төменгі бағасы Шымкентте - 529 тг/л, ал жоғары бағасы Жезқазған қаласында – орташа баға 865 тг/л.

Өткен жылдың қаңтар–қараша қорытындысы бойынша, жергілікті компаниялар күнбағыс майына деген сұранысты (ішкі нарықта сату және экспорт) бір жыл бұрынғы 83,8  пайызбен салыстырғанда 85,1 пайыз қанағаттандыра алған. Импорттың үлесі тиісінше 14,9 пайызды құрады.  Бұл ретте экспорт айтарлықтай өскені байқаладыі. Жыл басынан қараша айына дейін елімізден 326,1 мың тонна күнбағыс майы экспортталды, бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 61 пайызға артық.

  Бұл сандардан байқағанымыз елімізде май өндіру ісі жолға қойылған.  Тазартылған күнбағыс майы көлемінің үштен екісін және тазартылмаған майдың 85%-ін Шығыс Қазақстан облысы өндіретін көрінеді. Өңірде «Май» АҚ, «Востоксельхозпродукт», «Өскемен Май зауыты» серіктестіктері және басқа да компаниялар жұмыс істейді.

    Соңғы уақытта күнбағыс майын өндіру ісі Түркістан облысында да көптеп қолға алына бастады. Өңірдің әр түкпірінде май шығаратын зауыттар ашылып, халыққа сапалы тауарларын ұсынып жүр. Солардың бірі Сайрам ауданы Қарасу ауылдық округі Қарасу ауылында орналасқан «Turkistan» май» зауыты. Өз жұмысын бастағанына екі жылға жуықтаған кәсіпорынның ауқымы кең.  Мұнда күніне 45 тоннаға дейін күнбағыс майы өндіріледі.  Өндіріс орны жоғары сортты өнім әзірлейді. Тауарға қажетті шикізат Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарынан жеткізіледі. Бүгінде кәсіпорын тауары Түкістан облысынан бөлек Тәжікстан , Өзбекстан, Қытай нарығына экспортталады. 

«Шикізкатымыз 5 рет тазалау проецесінен өтеді. Сондықтан майдың сапасы өте жоғары. Тұтынушыларымыздан тек жақсы пікірлер алып жатырмыз. Өнімімізді мақтап жатыр. Келешектегі жоспарымыз экспортты күшейту. Сондай-ақ бүкіл Қазақстанды өнімімізбен қамтамасыз ету. Осы жоспарларды  орындау үшін алғашқы қадамдарымызды жасап жатырмыз. Сонымен қатар зауытты үлкейтсек деп отырмыз. Модернизациядан өткізіп дегендей. Әйтсе де ашылғанымызға екі жыл болып жатыр. Осы екі жылдың ішіндегі көрсеткішіміз жаман емес. Ең бастысы тұтынушыларымыз риза. Алла қаласа барлығы ойдағыдай болады деген ойдамыз»,- дейді «Turkistan» май»  ЖШС директорының орынбасары  Акрам Утаметов. 

Зауыт басшылығының сөзіне сүйенсек кәсіпорын  өнім көлемін арттыруды көздеп отыр. Сонымен қатар мұнда  құрама жем шығаратын цех жұмыс істеп тұр. Және де  кір сабын өндірісін қолға алмақ. Оған зауыттың мүмкіншілігі жетеді екен. Қазір мұнда 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Егер жоғарыда аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда кәсіпорын тағы 80 тұрғынды жұмыспен қамтитын болады. Сөйтіп ауданның экономикалық, әлеуметтік дамуына ат салысып, сонымен қатар жұмыссыздық мәселесінің де оңтайлы шешілуіне септігін тигізбек.  

Отандық өнім өндіріп отырған кәсіпорынның күнбағыс майына әсіресе, шығыстағы көршіміз  аспан асты елінен сұраныс көп көрінеді. «Мұның себебі Қытайда өздеріңізге белгілі халық саны өте көп. Яғни отандық өнімдері ішкі нарықтарын толық қамтамасыз ете алмайды. Екіншіден, зауыттың өнімдері сапалы. Өнімге қажетті шикізаты да жоғары сапада. Сондықтан қай ел болмасын ең алдымен сапалы өнімді тұтынғысы келетіні анық»,- дейді Акрам Утаметов . 

Зауыттағы шикізатты өңдейтін құрылғылар Ресейден, Қытайдан әкеліген және кейбір станоктар отандық өнім болып табылады. 

Кәсіпорын басшысының дәл осы кәсіпті қолға алуына бірнеше факторлар әсер еткен. Ол бірінші өнім өндіруге қажетті шикізат өзіміздің елден шығатыны қуантқан. Екіншіден, күнбағыс майы сұранысқа ие азықтың бірі. Яғни әрбір үйге, асхана, мейрамхана, кондитерлік цехтардың барлығына бірінші кезектегі қажетті өнім деп айтуға болады. 

Зауыттың алғашқы жұмыс процесі қоймадан басталады. Мұнда 300-400 тоннаға жуық пісте сақталады. Анау-мынау емес, күнбағыстың «пионер» деген сорты әкелінеді. Себебі дәл осы сорт май өндіруге таптырмас шикізат.  

    Күнбағыс – күрделі гүлдесін тұқымдасына жататын өсімдік. Оның шамамен 90-ға тарта біржылдық және көпжылдық түрлері кездеседі. Үлкен гүл шоғырлары бар күнбағыстың сары жалқын жапырақшалары бір қараған адамға күн секілді көрініс береді. Күнбағыс күнді сүйеді. Оның басын үнемі күнге қарай бұрып өсетіндігінің өзі осыдан болса керек. Таңертең күн шығыстан шыққанда басын күнге қаратып тұратын күнбағыс күннің ізін қуалай отырып, кешке жақын батысқа қарап тұрады.

       Күнбағысты өсіру көктемде басталып, күзде аяқталады.  Бұл үдеріс күнбағыстың тұқымы мен сорты және технологиясына қарай 100-150 күнге созылады. Ол өзінің бастапқы өніп-шығу кезеңінен бастап, гүл жару кезеңіне дейін суыққа, құрғақшылыққа төзімді болып келетін өсімдік.  Былайша айтқанда, біздің қатаң климатымызға бейімділігімен ерекшеленеді.

Күнбағыстың тағы бір жағымды қасиеті ол қаржы шығындарын соншама қажет етпейді. Оның үстіне оны өсіру де өте қарапайым. Бірақ соған қарамастан, пайдасы мол, яғни жоғары рентабельді болып келеді. Сондықтан күнбағыс өсіру бизнесі өзін-өзі аз уақыт ішінде жедел ақтайтын бизнес түрі болып есептеледі.

Кұнбағыс пістелері (дәндері) адам денсаулығы үшін өте пайдалы. Олардың құрамында май, құнды өсімдік ақуыздары, көмірсутегілер, өзек, лецитин бар. Түрлі микроэлементтерге де өте бай. Мәселен, оның құрамында магний, темір, мырыш, селенит өте көп кездеседі. Сондықтан дәрігерлер адамға йод жетіспеген жағдайда көкөніс дәндерін пайдалану жайында кеңес беріп жатады.

Күнбағыстың түрлері. Ең көп тараған түрі – майлы күнбағыс. Күнбағыстың бұл түрі әлемнің барлық жерінде өседі және күн¬бағыс майын өндіру үшін пайдаланылады. Майлы күнбағыстың 4-5 метрлік толық сабақтары, кә¬дімгі немесе бұтақты, бір немесе бірнеше кішкене бастары болады; жалғыз бастыларының ені кейде жарты метрге (әдетте – 15-20 см) дейін жетеді; шетіндегі гүлдері сары, орта тұсы күлгін түсті болып келеді. Күнбағыстың жемісі – сопақша, төрт қырлы немесе бүйірінен сығымдалған дән, ол жеміссеріктен (қабық немесе қауыздан) және тұқым қабығымен жабылған ақ дәннен (өзек) тұрады.

Сондай-ақ күнбағыстың көп тараған түрінің  бірі – біржылдық. Сабағы тығыз, биіктігі 2,5 метр¬ге дейін тік өседі. Жапырақтары кезекпе-кезек, ірі, жүрек тәрізді, бұдырлы, ұзын сап бойына орна¬ласқан. Гүлдері сары, жоғары  ұш¬ты, үнемі күнге қарай бұрылып тұратын ірі себетке жинақталған. Жемісі – жолақты немесе қара түсті сопақша жұмыртқа тәріздес дән. Ол ұдайы күннің  сәулесін, топырақтағы ылғал мен құнарлы заттардың болуын қажет етеді.

         Өндіріске қажетті құнары мол, майлы пионер сортты күнбағыс зауытқа Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарынан әкелінеді.  Бұл қоймаға бір күнде  300 тоннаға жуық өнім келеді. Шикізаттар жүк көліктерімен және арнайы вагондармен де тасымалданады екен. Вагон тіркемелерінде 120 тоннаға жуық өнім әкелінсе, 5 жүк көлігі әрқайсысы шамамен 30 тоннаға жуық өнім бар. Зауытқа әкелінген шикізаттар алып құрылғыға төгіледі. Автоматтандырылған жабдық шикізатты қоймаға жөнелтеді. 

Пионер сортындағы бұл күнбағыс кәсіпорынға қара алтымен пара-пар. Зауыт өніміне негізгі қолданылатын шикізат осы. Дәнегі майлы, құрамы да дәрумендерге толы. Зауыттың артықшылығы сол мұнда мүлдем қалдық қалмайды. Күнбағыс дәнегінен бөлек оның тіпті қабығынан да май алынады. Қала берді сырты тағы өңделіп мал азығы дайындалады. Жоғары атап өткендей мұнда мал азығы саналатын  құрама жем шығаратын цех жұмыс істейді. 

      Мамандар мұнда бір күнде 100 тоннаға жуық пістені өндіреді. Одан 45 тоннаға жуық өнім шығады. Зауыт толық автоматтандырылған. Сондықтан алып қоймада  бір аған оператор жұмыс істейді. Оның міндеті түтікшені үйілген пісте дәндерінің маңына жақындатып отыру. Осы түтік арқылы дәндер келесі станокқа жөнелтіледі. Осылайша жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. 

Осылайша бір айда 3 мың  тонна шикізаттан 1200 тонна пісте май, 800 тонна мал азығы жасалады. 

Қоймадан екінші кезеңге өткен шикізат арнайы қүрылғылардың көмегімен сыртқы қабығынан тазаланып, дәнектері арнайы құрылғы арқылы келесі кезеңде жөнелтіледі.   Мұнда күніне шамамен 70-80 тонна шикізат өңделеді. Үшінші кезеңде дәнектер станокта тығыздалады. Бұл құрылғыдан өткен өнім арнайы пешке жөнелділеді. Бұл пештің ішкі температурасы 120 градус шамасында. Нәтижесінде май алынады. 

Күнбағыс майының өзге көкөніс майларынан (зәйтүн, пальма, кокос майы) пайдалы тұстары бар. Мәселен, күнбағыста Е дәрумені басқа майлардан әлдеқайда көп. Ал мұндай дәрумен көзге, теріге өте пайдалы. Ендеше күнбағыс майының денсаулыққа 6 пайдасын сұрыптап ұсынайық.

Жүрек жұмысын жақсартады. Күнбағыс майының 80 пайыз құрамы қанықпаған мономайдан тұрады. Ал бұл жүрек жұмысына өте пайдалы. Аз қаныққан майда ағзадағы май қышқылының көлемін тепе-тең ұстауға және холестерин деңгейін реттеуге көмектеседі.

Теріге пайдалы. Күнбағыстың құрамында А мен Е дәрумені мол. Бұл дәрумендер теріге пайдалы. Сондай-ақ, терінің тез жетілуі мен жарақат түссе, жылдам жазылуына, бактериялардан қорғануына көмектеседі.

Күш-қуатты көбейтеді. Қаныққан май ағзаға ауырлық түсіреді, содан адам шаршайды, әлсіз күйге түседі. Ал қанықпаған май ағзаға бұлай ауырлық түсірмейді, керісінше энергия өндіруге көмектеседі. Мәселен, гликогеннің бауырдан қанға тез түсуіне осы қанықпаған май көп әсер етеді. Гликоген – күш-қуат беретін, энергия бөлетін қанттың түрі.

Шашқа пайдалы. Күнбағыс майы құрғақ шашқа нәр беріп, жұмсартады. Шашыңызға аптасына бір рет күнбағыс майын жағып тұрыңыз.

Иммунитетті күшейтеді. Күнбағыс майында антиоксиданттар көп. Бұлар жасуша мембранасын берік етіп, ағзаға бактерия мен вирустарды енгізбейді. Күнбағыста жасушаны қалпына келтіруге көмектесетін ақуыздар бар. Бұл ағзаның дұрыс жұмыс жасауына ықпал етеді.

Ас қорыту жақсарады. Жоғарыда айтылғандай, күнбағыс майы – қанықпаған май. Мұндай майды қорыту асқазанға оңай. Ішек те қанықпаған майды тез сіңдіреді. Сондай-ақ іш өтудің алдын алады.

Шикі май немесе бірінші сығылған май ең сапалы әрі пайдалы түрі. Бұл май өңдеудің ең жұмсақ түрінен өтеді, сол себепті құрамына барлық дәрумендер мен пайдалы заттарды сақтап қалады. Мұндай май хош иісті, өзіне тән дәмі болады. Шикі майды көбінесе салаттарға қосады. Жалпы мұндай май жоғары температураларға шыдай алмайды, оны қуыру үшін қолдануға болмайды. 90 градустан асқан кезде май өзінің пайдалы қасиеттерін жоғалтып, тіпті канцерогенді болып кетуі мүмкін.

Рафинацияланбаған май да пайдалы майлардың бірі екендігі белгілі. Рафинацияланбаған май белгілі бір өңдеу сатыларынан өтеді. Оның тұнбасын түсіріп, түрлі сүзгілерден өткізеді. Бірақ бұндай майда бастапқы шикізаттың бөлшектері қалып қоюы мүмкін, сол себепті кішкентай балаларға (3 жасқа дейін) оны бермеген жөн.

Рафинацияланған май мөлдір және иіссіз келеді. Өндірісте оны толықтай тазартады, сол себепті оның құрамында нашар қосылыстар да, табиғи пайдалы заттар да аз қалады. Бұл майды қуырып қолдануға болады: ол көбіктенбейді, тұнба мен жағымсыз иіс бермейді.

Әрине ас үйіңізде бір шикі не рафинацияланбаған және бір рафинацияланған май болғаны дұрыс. Бірін салаттарға қоссаңыз, екіншісіне тамақ әзірлеуге болады. 

Өндіріс орны  4 цехтан құралған. Негізгі жұмыс шикізатты өңдеу, май қайнату кезеңінен тұрады. Күнбағыс дәні толық сығылып, майы алынғаннан кейін тазалау процесіне өтеді. Бұл процестің өзі 5 кезеңнен тұрады. Яғни алдымен рафинадттық тазартудан өтеді, одан кейін вакумдық кептіру кезеңінен өтеді. Май қайтадан рафинадталады. Сұйықтық 260 градусқа дейін қайнап, суыту станогына өтеді. Кезең-кезіңімен атқарылаған жұмыс нәтижесі лабораторияға жіберіліп, сапасы анықталады. Сапасы жақсы деген нәтиже шыққан соң ғана май ыдыстарға құйылады. Өндіріс алаңында технолог  маман 24 сағат бойы бақылап жүреді. Үш маман ауысып істейтін көрінеді. Кәсіпорында 100 ден астам станоктар бар. Оның барлығын сөндіріп, қайта қосудың өзіне біршама уақыт кетеді екен. Сондықтан шикізат таусылмаса мұндағы қондырғылар да сөндірілмейді, яғни жұмыс процесі 24 сағат бойы тоқтамайды. 

Бір күнде 4 мың дана 5 литрлік күнбағыс майы құйылып, қапталып нарыққа шығады. Сонымен қатар  1 литрлік құтыдағы май да шығады. 

  Айта кетейік, Сайрам ауданындағы майлы дақылдар өсірумен айналысатын «Сардор КЗ» шаруашылығы бүгінде аудан мақтанышына айналған. майлы дақылдарды да жаппай өсіріп, оны көршілес елдерге экспорттап отыр. Майлы дақылдар сұранысқа ие. Тұқымынан өсімдік майы өндірілетін бірқатар екпе дақылдар майлы дақылдарға жатады: күнбағыс, мақсары, майлы зығыр, перилла, ляллеманция, майкене, жер жаңғағы, күнжіт, қыша, рапс, арыш, қышабас. Сонымен қатар өсімдік майлары мақта өсімдігі, талшықты зығыр, кенепшөп сияқты тоқыма дақылдары мен майбұршақ сияқты дәнді бұршақ дақылының тұқымдарынан да өндіріледі, ал кейбір майлы дақылдарды мал азығы ретінде де өсіреді (күнбағыс, рапс, т.б.). Өсімдік майлары тағамға кеңінен қолданылады, сыр, сабын, тері, тігін өнеркәсіптерінде, т.б. пайдаланылады. Тұқымдарынан май өндіргеннен кейінгі қалдығы күнжарасы малды азықтандыруға жарамды. Жекелеген майлы өсімдіктердің (майкене, майлы зығыр) сабақтарынан қағаз, қалың маталар өндіріледі. Өсімдік майлары кебетін (зығыр, перилла, арыш), жартылай кебетін (күнбағыс, майбұршақ, мақсары, күнжіт, рапс, қыша) жөне кеппейтін (жер жаңғағы, майкене) болып ажыратылады. Қазақстанда өндірістік маңызы бар майлы дақылдарға күнбағыс, майлы зығыр, рапс, арыш, қыша, мақсары жене майбұршақ жатады. Сайрамда мәдени күнбағыс көп өседі.  Мәдени күнбағыс — кіндік тамырлы бір жылдық өсімдік, көптеген ұсақ бүйір тамыршаларының арқасында Қазақстанның құрғақ далалы аймағында ойдағыдай өсіріледі. Күнбағыс сабағы тік өседі, қуатты, тікенекті түктермен көмкерілген, майлы сорттары бұтақтанбайды, биіктігі 0,6-2,5м. Жапырақтары ірі, сағақта, сабақта кезектесіп жөне қарама қарсы орналасқан, сопақ, жүрек пішінді, түкті. Гүл шоғыры — диаметрі 15-20 см және одан да жоғары себет. Оның негізін гүл тұғыры құрайды, шеттерінде жыныссыз тілді, ал ортасында, қосжынысты түтік тәрізді гүлдер орналасқан. Себеттің гүлдеуі созалаңқы және 7-10 тәулікке созылады. Жемісі — шекілдеуік, ол жеміс қабығынан және тұқымнан құралады. Майлы сорттардың 1000 шекілдеуігінің массасы 40-80 г және қауыздылығы (қабықтылығы) 28-35%.

    Сайрам ауданында мұнан өзге майлы дақылдарды өңдеумен және өсімдік майын өндірумен айналысатын «Шығыс-Нұр»   атты кәсіпорын жұмыс істейді.