Шымкенттен шығатын дизельді генератор Өзбекстанға экспортталады

Jan 5, 2025 - 02:17
 6
Шымкенттен шығатын дизельді генератор Өзбекстанға экспортталады

Кәсіп түбі – нәсіп демекші, бүгінде үшінші мегаполисте еңбекқор халық көп. Олар темірден түйін түйіп, екі қолға бір күрек ұстап жүргендер. Сол себепті еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына да өз үлесін қосуда. Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриалды аймағында дизельді генератор шығаратын «New Technology Ltd» ЖШС-ы орналасқан. Онда жылына 300 дана дизельді генератор өндіріледі.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов аталмыш мекеменің жұмысымен танысты. 

Жоба 2018-2020 жылдары жүзеге асты. Құны - 300 млн теңге. Қазір мұнда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

Өнімнің 70 пайызы – ішкі нарықта саудаланса, қалған 30 пайызы Өзбекстан еліне экспортталады. 

Кәсіпорында альтернатор, дизельді қозғалтқыш, металл, поролон, шланг секілді қосалқы бөлшектер де өндіріледі. «Бизнестің жол картасы -2020» бағдарламасымен индустриалды аймақтан 1 гектар жер бөлінген болатын. 

Зауыттың жұмысымен танысқан шаһар басшысы жұмысшы санын және өнім көлемін арттыру қажеттігін айтты. Сонымен бірге, мемлекеттік мекемелерді – ауруханалар мен мектептерді жергілікті өндіріліп жатқан дизельді генераторды тұтынуға шақыру керек деп тиісті басшыларға тапсырма жүктеді.