Сайрамда облыстағы жалғыз қазандық шығаратын кәсіпорын бар

Jan 3, 2025 - 19:25
 3
Сайрамда облыстағы жалғыз қазандық шығаратын кәсіпорын бар

Назарға ілікпейтін бірақ тұрмыс тіршілікке маңызды жабдықтың не екенін білесіз бе? Қыста баспанаңызды жылумен қамтып, ыстық суыңызды даярлайтын жылыту қазандықтары. Шағын үйге де алып ғимаратқа да қажетті құрал бұл. Елімізде жылыту қазандықтарын дайындайтын кәсіпорындар саусақпен санарлық.  Оның өзінде олар қуаттылығы жоғары, кең көлемдегі оырндарды жылытатын алып қазандықтарды әзірлемейді. Сол себептен нарықтағы сұраныста болып тұрған қазандықтарды  шетелден импорттауға мәжбүрміз. Айта кетейік, облысымыздағы жылу қазандықтарының 60 пайызы Қытайдан, 15 пайызы Ресей, Корея елінен әкелінеді. Әрине өз елімізде өндіргенге не жетсін?

 Халқымыз үшін аса қажет осындай ерекше өндіріс орындарының бірін Сайрам ауданының кәсіпкері қолға алып отыр. Аудан орталығы  Ақсукент елді мекенінде   «АРТ Boilers»  ЖШС қуаттылығы 100 000 ш/м жететін жылу қазандықтарын шығарады. Серіктестіктің Отандық өнімдердің өрісін кеңейтуге қосар үлесі зор. Сырттан тасымалдаушы көрсеткішін өзгертуге ниетте. Кәсіпорын бастапқы кезде металл өнімдерін өндірумен айналысқан.  2008 жылдан бастап елімізге аса қажетті жылу қазандықтарын шығара бастады. Технологиясы немістердікі. Германиядан білікті мамандар шақырылып, заманауи үлгідегі құрылыстар іске қосылды. Мекеме директоры Нұрлан Нұрышовтың айтуынша, бастапқы кезде қаражат жағынан қиыншылықтар болған. Маман тапшылығы болғандықтан мамандарды оқытқан. 

«Алдында біз метал өнімдерін шығарудан бастағанбыз. 2010-шы жылдан бастап жылу қазандықтарын шығара бастадық. Өзіміздің кіші үлкен мекемелерден тапсырыстар түсіп, оларға  қоя бастадық. Қазіргі таңда шағын аудандар қойып жатырмыз. Түркістан, Тараз қалаларына, сонымен қатар Отырар ауданындағы шағын аудандарға қазандықтарымызды қойдық»,- дейді «АРТ Boilers»  ЖШС директоры Нұрлан Нұрышов. 

Мекемедегі жұмыс процесі шикізат орналасқан алаңқайдан басталады. Мұнда айына шамамен 80 тоннаға жуық темірді  қолданып, пайдаға жаратады. 

«Жылдан жылдан өсіп, дамып жатырмыз. Дайын өнімдерден жылыту қазандықтары мен бу қазандықтарын жасаймыз. Бұрын көмір қазандықтарымен айналысқанбыз. Бұл өнімге  кейде сұраныс түсетіндіктен  оны да жасап шығарамыз. Қазір қаланы айтпағанда еліміздің ауыл-аймағының барлығына көгілдір отын тартылып жатыр. Сондықтан газбен жылытылатын қазандықтарға сұраныс өте көп болуда. Шикізатымыздың басым бөлігін өзіміздің отандық металл өндіруші кәсіпорындардан аламыз. Бұл шамамен 80-90 пайыз шикізатты құра»ды. Ал кейбір металлдар елімізде өндірілмегендіктен Ресейден аламыз»,- дейді зауыт директорының орынбасары Мұхтар Райымбеков. 

    Өндіріс ошағының жүрегі саналатын алып цехта  тарсылдаған темір терсек, жарқылдаған жарықтар мен  у-шу . Зауыттағы 70 маманның күнделікті жұмысы осындай у-шумен байланысты. Мұнда 5 кезең бойынша жұмыстар атқарылады. Алғашқы кезеңде металдар пішінделеді. Бірақ мұны адамдар жасамайды. Плазмалық кесу аппараты арқылы компьютерлік жобалармен метал қажетті пішінде  толықтай кесіліп шығады. Одан кейін қазандықтың құбырлары дәнекерлеуге дейінгі өңдеуден өтеді. Яғни технолог мамандар құбырларды өзге де шикізаттарды алдымен тексереді екен. Шытыныған, майысқан жерлері бар-жоғын анықтайды.  Сосын ақауы жоқ, жарамды шикізатты  тазалап алады. Яғни шикізатты әрмен қарай өңдеуге рұқсат беретін дәл осы мамандар. 

Кәсіпорын қазір ай сайын 15 жылу қазандықтарын әзірлейді. Шикізатты қабылдап алғаннан дайын өнімге дейін 5 кезеңдік жұмыс бар. Өндірісте уақыттың көп бөлігін алатын ол жылу қазандықтарының құбырларын орнату. 

«Бізде қуаттылығы 24 мың киловатқа жететін  қазандықтарымыз бар. Олар 240 мың шаршы метр алаңды жылыта алады. Бір сөзбен айтқанда бір тұрғын үй кешенін жылытуға қауқарлы. Бұл қазандықтар шағын мөлтек ауданға әрі жылу береді әрі ыстық сумен қамтамасыз етіп отыра алады»,- дейді Мұхтар Райымбеков.  

Екінші кезеңде пішілген темір бөлшектерін дәнекерлеу процесі жүреді. Бұл жұмыс өте шыдамдылықты, ұқыптылықты талап етеді. Себебі бір қазандықтарға 108 құбыр орнатылады. Соның барлығы екі жағынан дәнекерленіп шығады. Осылайша мұндағы 40-қа жуық дәнекерлеуші мамандар 250-300 –ге дейін детальді дәнекерлеп шығуы қажет. Ал бұл бұл процесс орта есеппен 3 күн мен 7 күннің аралығын қажет етеді. 

«Сонымен қатар кәсіпорнымыз 812 киловаттық қазандықтарды әзірлеп шығарады.Ол  8-10 мың  шаршы метр аумақты жылыта алады»,- дейді маман.

   Жоғарыда атап өткеніміздей зауытта дәнекерлеу жұмысы өте көп болғандықтан мекеме басшысы   робот дәнекерлеуші аппаратын алдыртқан.  Қондырғы зауыттағы адам күшімен орындалатын жұмысты едәуір жеңілдетіп, уақытты да үнемдеп отыр. 

Дәнекерлеу цехынан шыққан қазандықтар 80 пайызға дайын  өнім болып саналады. Әрмен қарай дәнекерленген түрлі бөліктерді бір-біріне жалғау, құрастыру процесі жүреді.

Қазандық газ, дизель, көмірмен жұмыс жасайды. Жылыту қазандықтары тек жылуды ғана емес, жылы су, будыда береді. Бу қазандықтарына мұнай өндіруші компаниялар қызығушылық танытып отыр. Әлі алда жұмыстар көп, дизаин бойынша жұмыс жасау керек. 65 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бір ерекшелігі жылу қазандықтары он қабаттық үйге арналған болса, келер жылы он қабаттық үйдің жанына ғимарат соғылса, жылу қазандықтарында қоса беруге болады. Кәсіпорын жылына мың қазандық шығаруға қауқарлы. Қазан жылу құбырларының 400-ден астам түрі шығарылады. Өндіріс орында модульдік қазандықтар қолға алынды. Оны шағын аудандарға қоюға ыңғайлы. Оның ерекшелігі ауданын үлкейтіп кішірейтуге болады. Әрі жылжымалы, толықтай автоматтандырылған, қашықтан басқару мүмкіндігі бар. 2 жылға сертификат беріледі.

 «Өздеріңізге белгілі бұрын нысанды қолдан соғып, оның ішіне қазандықтарды кіргізіп жататын. Қазіргі қазандықтардың бір жақсы жері жылжымалы қазандықтар болып есептеледі. Кез-келген жерге көтеріп апарып қойып, орната беруге болады. Зауыттағы сұранысқа ие қазандықтардың бірі осы жаңа модульді қазандықтар. Ал жылжымайтын бұрынғы қазандықтарды қазір  шамамен 20 пайызын өндіріп жатырмыз»,- дейді мекеме басшысының орынбасары.         Түркістан облысы бойынша жоғары технологияларын қолдана отырып, жылыту қазандықтарын өндіретін жалғыз өндіріс орны екенін айта кетейік. Жылыту қазандықтары Түркістан облысында салынып жатқан әлеуметтік нысандардың құрылысында сұранысқа ие. "ART Вoilers" сауда маркасымен газды, сұйық және қатты отынға арналған жылыту қазандықтарын заманауи неміс технологияларын қолдана отырып, шығаруды жолға қойған. Кәсіпорында жылыту қазандықтардан бөлек қосымша сервис орнату қызметін көрсетеді. Бүкіл жабдықтар арнайы контейнерге орналастырылады. Серіктестік директоры кәсіпорынды кеңейту мақсатында  Шымкент қаласындағы индустриялды аймақта қазандық шығаратын  тағы бір зауыттың  ірге тасын қалаған.  

Зауыттағы жұмысшының әрбірі жұмысына аса жауапкершілікпен, ұқыптылықпен кіріспесе мұндай өндіріс тұралайды. Мекемеде жас мамандардың біліктіліген де баса назар аударады. Аудандағы колледж студенттерін осында өндірістік іс тәжірибеден өткізіп, үйретіп, ептілерін жұмысқа қабылдайды. Қазір мұнда 20-дан астам жас мамандар қызмет етуде. Олардың арасында 19 жастағы    Шахрухбек Хайтматов та бар.  Оның мұнда жұмысқа тұрғанына 1 жыл болған. Осы уақыт аралығында ол өңірдің ең үздік дәнекерлеушісі атанған. 

«Менің кәсіпорындағы негізгі міндетім қазандықтардың бөліктерін дәнеркерлеу болып табылады. Бұл мамандықтың қауіп-қатері көп. Сондықтан аса жауапкершілікті, мұқияттылықты талап етеді. Мұндағы қызметкерлер көшеден келген жандар емес. Барлығының дипломдары бар, білікті кадрлар. Жұмысым өзіме ұнайды. Барлық жағдай қарастырылған. Түскі асына дейін береді»,- дейді жас маман.

Бұл 58 де 24 мың киловатқа дейінгі жылыту қазандықтарын жасайтын елімізде әзірге жалғыз зауыт. Сондықтан ең ірі қазандықтар осы жерден шығады. Білікті мамандар жұмыс істейтін кәсіпорын басшылығы енді өнімін ұлғайту үшін робот құрылғыларды сатып алмақ. 

«Біздің мекеме тек қана жылыту қазандықтарды шығаруммен ғана емес оны монтаждау, жеткізу секілді сервистік қызметтер көрсетумен де айналысады. Жылжымалы, модульді қазандықтар толық автоматикамен жұмыс істейді. Қажетті нысанға апарып тек су, газ, электр энергиясына жалғайды болды. Бұл өнімнің басқа қазандықтарға қарағанда басты артықшылығы мекеме  су мен газдың қанша кетіп жатқанын, жылуды қанша беріп отырғанын, шығынын есептеп   көре алады. Бұл операторларға өте ыңғайлы. Мұны әкімшілік мамандары да телефон арқылы басқарып отыра алады. Қазандық электр энергиясы немесе газ өшіп қалған жағдайда өзі автоматты түрде өшіп-жанады. Яғни оны күндіз-түні жанында бақылап отырудың қажеті жоқ. Сосын сыртқы ауаның температурасына қарап қондырғы өзі керекті жылуды беріп отыра алады.Қазіргі таңда тағы бір дайын жобамыз тұр. Ол үшін бізге жер телімі де дайын тұр. Бұл жобамызға үкімет те , банк те көмек береміз деп отыр. Бізді тек уайымдатып отырғаны тапсырыс беруші. Қазірдің өзінде 400-500 тапсырыс алмасақ, ертең үлкен зауыт іске қосылғанан кейін кем дегенде 1000 тапсырыс алатын болсақ жоба өз өзін ақтайды»,- дейді мекеме басшысы.  

 Жалпы Сайрам ауданында кәсіпкерлік саласы қарқынды дамуда.  Мамандардың мәліметінше Сайрам ауданында биылғы 9 айдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 203,1 млрд.теңгеге жетіп, өсім 19,2 пайызды құраған. Басым бөлігі ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда, құрылыс салаларының үлесінде. Биылғы жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемін 269,0 миллиард теңгеге жеткізіп, 12 пайыз өсімді қамтамасыз ету жоспарланған. Соңғы 4 жылда өзіндік кірістер 2 есе ұлғайған. Жыл қорытындысымен 135 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланып, жеке инвестиция есебінен 2,6 есе ұлғайту көзделген. Алдағы 6 жылда құны 1 115,3 миллиард  теңгені құрайтын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, сауда және туризм салаларында 100-ден астам инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Нәтижесінде 7 мыңға жуық жұмыс орнын құру болжануда. Облыс бойынша халқы ең тығыз орналасқан Сайрам ауданы экономикасының өсу резервтерін тиімді пайдалану және жаңа өндірістерді іске қосу есебінен өнеркәсіп өнім көлемін 2030 жылға 3,7 есеге немесе 205,4 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланған. Яғни, жоспар бойынша 6 жылда 635,1 млрд.теңгенің өнімі өндірілмек. 2030 жылға мал шаруашылығы саласында құны 48,1 млрд.теңгеге 15 жобаны іске асырып, өнім көлемін 188,2 млрд.теңгеге жеткізу болжанып отыр. Өнеркәсіп саласында 2030 жылға құны 912,7 миллиард теңгені құрайтын 48 жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Алдағы уақытта сүт өнімдерін өндіру, мал қалдықтарын өңдейтін цех, құрама жем шығаратын, ауыр жүк көліктерінің тіркемесін және арнайы жасақталған көліктер шығару сияқты жобалар мен тамақ өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыру көзделген.