Сайрамда ет өндірісі қарқынды дамыған

Jan 3, 2025 - 19:26
 3
Сайрамда ет өндірісі қарқынды дамыған

Мал шаруашылығы – көшпенді қазақ халқының негізгі кәсібі саналды. Сондай-ақ азық-түлік және ішіп-жеммен қамтамасыз ететін негізгі тіршілік көзіне айналды десек те болады. Қазір елімізде өндірілген жал¬пы ауыл шаруашылығы өнімінің 45%-ы – мал шаруа¬шылығының үлесінде. Статистикалық деректерге сүйенсек  ағымдағы  жылы Қазақстандағы ет және ет өнімдерінің бағасы өткен жылмен салыстырғанда тек 3,6% өскен. 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда 315,8 мың тонна ет және ет өнімдері өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп. Шошқа және жылқы етінің өндірісі 7,9 пайызға өсті.

Қазақстандықтар жыл сайын ет мөлшерін көбейтуде. Быилғы  жылдың қаңтарынан қазанына дейін ет тұтыну 3,1 пайызға артса, өткен жылы 2022 жылмен салыстырғанда 2,4 пайызға өсті.

Республикадағы ірі қара мал санының 13 пайызы, қойдың 22 пайызы, жылқының 11 пайызы, түйенің 15 пайызы, өндірілген еттің 11 пайызы, сүттің 13 пайызы Түркістан облысының еншісінде. Облыста мал шаруашылығының дамуы елімізде жетекші орында. Облыс әкімдігінің хабарлауынша  биылғы жылдың 9 аййында  153,2 мың тонна ет, 354,8 мың тонна  сүт, 190,2 миллион дана жұмыртқа өндірілген. Ет экспорты бойынша облыс республикада көш бастап тұр. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, ұсақ мал етінің – 75 пайызы Түркістан облысында өндірілуде. Биылғы жылдың  9 айына 10,0 мың тонна ірі қара мал, 4,6 мың тонна қой еті экспортқа шығарылыпты. Ет экспорты бойынша Түркістан өңірі республикада көш басында. Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорттық көлемін ұлғайтуда өңірде бордақылау алаңдары мен кешендерін жүйелі дамыту оң септігін тигізіп отыр. Өңірде жалпы 9 183 бірлік ірі қара мал бордақылау алаңы бар. Оның ішінде, 400 басқа дейін 9148 бірлік, 400 бастан – 1000 басқа дейін 13 бірлік, 1000 бастан жоғары 22 бірлік мал бордақылау алаңдары жұмыс жасауда. Сүт өндірісін ұлғайту, өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бойынша Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесімен жалпы құны 4,8 миллиард теңгені құрайтын 400 бастан жоғары 2 ірі тауарлы сүт фермалары инвестициялық жобалары жүзеге асырылды (809 бас). Бұл жобаларды қолдауға Республикалық бюджеттен жылдық 2,5  пайыз мөлшерлемемен 3,8 миллиард теңге несие қаржы бөлінді.

 Түркістан облысында 60 мыңға жуық адам тұратын ауыл бар. Аты – Қарабұлақ. Сайрам ауданында орналасқан. Елге үлкен мал базарымен танылған.  Облыстың ет өндіру саласының дамуына дәл осы ауылдың қосып отырған үлесі зор.  Ауданда 1 мыңнан астам мал бордақылау орындарында бір мезгілде 42 мың бас мал бордақылануда.Тәулігіне 3 мыңға жуық мал сойылады. Тұрғындардың көбі үй ауласындағы қорада мал ұстайды.  Ауылда он мыңнан аса үй болса, оның тоғыз мыңға жуығы мал ұстайды. Әкімдік дерегінше, Қарабұлақта 124 мыңнан астам мал басы бар. Оның ішінде ірі қара саны – 22,3 мың бас, жылқы 54 мың бас, ұсақ мал 86,4 мың.

Қазақстан ең ірі деген мал базары осы Қарабұлақта орналасқан. Бұрын ауылдың ортасында болған базар кейін шетке көшіріліп, аумағы ұлғая түсті. Үш бөліктен тұрады. Бірінде қой-ешкі, екіншісінде ірі қара, үшіншісінде жылқы сатылады. Базар сәрсенбі және жексенбі күндері жұмыс істейді. Сәскеге таяу базарда аяқ алып жүру қиын: мал да көп, адам да көп. Базарға көрші ауылдар мен аудандардан, кейде өзге облыстардан келіп жатады. Қарабұлақтың көп тұрғыны осы базардың арқасында күн көреді. Бірі арық мал алып, семіртіп сатса; бірі алыпсатарлықпен айналысады.

Қарабұлақ аграрлы ауыл, аудан бойынша өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 30 пайызы осы ауылға тиесілі. 2023 жылдың қорытындысымен, 42 млрд теңге ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Аудан бойынша ірі қарамал басының 47 пайызы Қарабұлақ ауылына тиесілі. 

 Аталған ауылдағы ірі мал сою бекеттерінің бірі  «Шадикулов»  ЖШС. Мұнда қазіргі таңда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бекетке 200 миллион  теңге инвестиция салынған. Жобаның қуаттылығы – тәулігіне 100 бас мал. Мал сою алағы 40 гектар аумақты алып жатыр. Кәсіп орын 2022 жылы ашылған. Мекеме басшысы Олимжан Шадикуловтың айтуынша өнімдері ішкі нарыққа жөнелтіледі. 

  Сондай-ақ қарабұлақтық кәсіпкер ерекше, қалдықсыз жобаны іске асырмақ. Ауыл тұрғыны  Убаев Жахангир жылына 2 мың тонна қалдықтарды өңдеуге мүмкіндігі бар жобаны іске асыруды қолға алып отыр. Инновациялық жобаның құны 1 миллиард  теңгені құрайды. Яғни, ауыл шаруашылығы жануарларын сою кезінде қалған қосалқы өнімдерін қайта өңдеуден өткізеді. Мысалы  сүйек, қан, ішек қарын.  Қазіргі таңда мұндай қалдық өнімдерге Қытай елі қызығып отыр. Жоба жүзеге асса қалдықтарды өз елімізде де кәдеге жарататын боламыз. 

Жалпы ет экспортын арттыруда Сайрам ауданы кәсіпкерлерінің жұмысын ерекше атап өтуге болады. Атап айтқанда, 8 айда "Тұран Агро Ет-Сүт" АШӨК-і 3500 тонна сиыр етін және 1560 тонна қой етін Өзбекстан еліне экспорттаса, "Қайып ата" ЖШС 2 945 тонна сиыр етін және 12 тонна қой етін Өзбекстанға, 118 тонна қой етін Иранға экспорттады. "Қайып ата" ЖШС Тәжікстанмен 110 тонна ет экспорттау бойынша келісімшарт жасады. 

      Сайрам ауданында мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған шағын кәсіпкерлік нысандар да ауданның экономикасының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Айталық  аудан тұрғыны 62 бас сиырмен өз кәсібін бастап, бүгінгі таңда бизнесін сәтті жүргізіп отыр. Жанұялық сүт фермасының жұмысы қазіргі таңда жандана түскен.  Анарметов әулетінің табыс көзіне айналған шаруашылық «Аграрлық несиелік корпарация» АҚ-ның қолдауымен 14 миллион теңге қаржылай несие алған. 

Сонымен қатар  ауданда  «Meat magnat» ЖШС-сі 2 мың ірі қара малға арналған бордақылау алаңын салып жатыр. Ірі жобаның  құны 800 миллион теңгені құрайды. Мұнда 10 адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда.

       Статистикалық деректерге сүйенсек орташа алғанда, бір қазақстандық жылына 80 келіден  астам ет тұтынатын көрінеді. Бұл көрсеткіш Тонга (147,7 келі) және Моңғолия (137,8 келі) тұрғындарымен салыстырғанда едәуір төмен, бірақ Бангладеш (4,4 келі) тұрғындарына қарағанда әлдеқайда жоғары.

Ет тұтыну бойынша Қазақстанның "жетекші" аймақтары - Маңғыстау облысы, мұнда ағымдағы жылдың алғашқы алты айында әр тұрғын орташа 49,1 келі ет пен ет өнімдерін тұтынған. Жамбыл және Атырау облыстары екінші және үшінші орындарды бөліседі, әрқайсысында 47,1 келі ет тұтынылған. Ең азы Шымкент және Түркістан облыстарында: сәйкесінше 29,7 келі және 31,6 келі Қазақстандықтар еттің ішінде ең көп сиыр етін тұтынады, ағымдағы  жылдың бірінші жартыжылдығында әр тұрғынға 12,7 келіден тиген. Одан кейінгі орындарды жылқы (3,6 келі), тауық (2,6 келі) және қой еттері (2,5 келі) алады. Бұл деректерге қарап елімізде ет өнімдеріне сұраныстың жоғары екенін байқауға болады. Бұл ретте Сайрам ауданы ішкі және сыртқы нарықты ет өнімдерімен қамтамасыз етуде өлшеусіз үлесін қосып келеді.