Наурыз думан алдындағы көгеру мен көркею

Jan 4, 2025 - 07:03
 7
Наурыз думан алдындағы көгеру мен көркею

Шымкент – шырайлы қала. Биыл қаланың 2200 жылдығына арнап біршама іс-шаралар онлайн әрі офлайн форматта өтуде. Солардың арасында ерекше атап өтерлігі, шаһардың көркін ажарлап, аймағын абаттандыра түсуге бағытталған экологиялық акциялар. Қала әкімдігінің қолдауымен 18 наурыз – Игі істер күніне орай үшінші мегаполисте экологиялық акция ұйымдастырылып, 8-шағынаудандағы аллеяда көшеттер егілді. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов және Майра Мұхамедқызы, Заттыбек Көпбосынұлы, Ақбота Керімбекова бастаған өнер жұлдыздары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, көшет екті.

– Тал егу – ата-бабамыздан қалған дәстүр. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейміз. Көктем келе айналамызды тазартып, жыл басына дайындаламыз. Тал егіп, бұлақ көзін ашамыз. Бұл акция да осынау игі іс аясында өтуде. Биылғы Наурыздың орны ерекше. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-

Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Әз-Наурыз мерекесін он күн бойы, 14-24 наурыз аралығында әр күнді өзіне тән атаумен мерекелейміз. Бүгін Игі істер күні табиғатқа жанашырлық танытып, аллеяда тал егілуде. Жалпы, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың идеясымен «Наурыз Шымкенттен басталады» мега жобасын қолға алдық. Өңіріміздің табиғаты да бұған сай келіп тұр. Мұндағы мақсат – жаңа жылды Шымкентте қарсы алу үрдісін бастап, үшінші мегаполистің өзіндік брендін қалыптастыру, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.