Мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерліктің өрісін кеңейтіп жатыр
Бүгінгі таңда негізгі мемлекеттік бағдарламалар «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасына» біріктірілген. Аталған ұлттық жоба аясында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, мемлекет атынан банктерге кепілдендіру беру, зауыт-фабрикалар аумағына тегін инфрақұрылымдар тарту, кәсіпкерлерге қаржылай емес көмек беру, яғни оқыту, сервистік қызметтер ұйымдастыру және қайтарымсыз грант ұсыну тетіктері қарастырылған.
Осы тұста айта кетейік, Шымкент қаласында «Мен кәсіпкер боламын» іс-шаралар жоспары жергілікті «Іскер қала» бағдарламасына біріктірілген. Осының аясында жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға 10 миллион теңгеге дейін салалық шектеусіз 1 пайыздық несиелер беріледі. Және өндірістік алаңдардың резиденттеріне 50 миллион теңгеге дейін 2 пайыздық жеңілдікпен жобаларды несиелеу қарастырылған. Осы мақсатқа орай «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірлесіп ағымдағы жылға шағын жобаларды несиелендіруге 800 миллион теңге, ал пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 60 миллион теңге бөлінген.
Аталған жергілікті бағдарламаға бүгінде өзге өңірлерден де қызығушылық танытып жатқандар көп екен. Олар да осылайша кәсіпкерлікті дамытудың тың тәсілін қолға алып, бизнесін кеңейте алмай, кәсібін дөңгелете алмай жүрген жандарға қол ұшын созғысы келеді.
Сонымен бірге былтыр Шымқаладағы «Тассай» индустриалды аймағында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында бір жоба іске қосылды. Ол кәсіпорында бүгінде құрылыс жұмыстарына, күнделікті тұрмысқа қажетті арба, сылаққа арналған ожау, күрек, кетпен, кіржайғыш, саты секілді қарапайым құрал-саймандар шығарылады. Киім үтіктейтін құралға дейін жасайтын бұл зауыт енді сол үтіктің өзін де жасап шығаруды жоспарлап отыр. Өз кезегінде «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыруға Шымкент қаласына мемлекет қазынасынан 3,9 миллиард теңге қаражат бөлінген. Соның бүгінгі таңда 1,1 миллиард теңгесінің игілігін кәсіпкерлер көріп отыр. Сондай-ақ аталған бағдарлама бойынша 74 жоба қаржылай қолдау тапты. Екінші деңгейлі банктің қарауында жатқан басқа да жобалар бар. Сондықтан жыл соңына қарай бағдарлама аясында қаржылай көмекке ие болған жобалар саны әлі арта түседі.