Машина құрастыратын әмбебап кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс жоғары
Қазақстан үшін машина жасау – индустрияландырудың негізгі діңгегі. Өйткені экономиканың өзге бағыттары дәл осы салаға тәуелді. Маши¬на жасау агроөнеркәсіп, энергетика, металлургия, көлік секілді іргелі секторлардың жұмысын жандандырып отыр. Тәуелсіздіктің отыз жылында отандық машина жасаушылар шығаратын өнімдердің тізбегі де кеңейді, көбейді. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы машина жасау кешені тарихи тұрғыдан алғанда өте қысқа мерзім ішінде құрылған. Мәселен, Қазақстан машина жасаушылар одағының мәліметінше, бүгінде еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі бұл саланың үлесі 14 пайызды, ал жалпы өнеркәсіптегі үлесі 7 пайызды құрап отыр.
Әсіресе, машина жасау саласы ин¬дустрияландыру бағдарламасы қабылданғаннан кейін ерекше қарқын алды.QazIndustry орталығының дерегіне сүйенсек, 2009-2020 жылдар аралығында машина жасау саласындағы өндірісінің қаржылық көлемі 6,4 есе өсіп, рекордтық деңгейге жеткен – 1,8 триллион теңге.
Индустрияландыру жылдарында машина жасау саласында жаңа тауарлар пайда болды. Бұл қатарға электровоздарды, жолаушылар вагондарын, қуаты аз тракторларды, автотіркегіштер, пресс-жинауыштарды, желдеткіш жабдық¬тарды, темір жол дөңгелектерін, осьтер мен темір жол саласына арналған басқа да жиынтықтауыштарды жатқызуға болады. Бұдан бөлек, өндірісі Орталық Азия нарығы үшін бірегей болып саналатын қуатты трансформаторлар, модемдер мен коммутациялық жабдықтар және тағы басқа да өнім бар.
Мамандардың дерегіне сүйенсек, машина жасау саласында 3 007 кәсіпорын тіркелген. Оның 63-і – ірі, 102-сі – орта және 2 842-сі – шағын кәсіпорындар. Ин¬дуст¬рияландыру бағдарламасы шамамен 14,2 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүм¬кіндік берді. Ең ірі кәсіпорындар қатарында «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «Степногорск ЕПК» АҚ, «Қайнар-АКБ» ЖШС, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Агромашхолдинг KZ» АҚ, «Атыраумұнаймаш» АҚ, «Алматы ауыр ма¬шина жасау зауыты» АҚ және «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ бар. Бұл жердегі мультипликативті әсер¬ді ескерсек, шамамен 70-80 мың жұмыс орнын құру мүмкіндігі барын атап өткен жөн.
Машина жасау саласын дамытуға түрлі мемлекеттік бағдарламалар, сұраныс пен экспортты қолдау шаралары, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы, техника лизингі бойынша арнайы талаптар, жобаларды қамтамасыз етуге арналған жеңілдетілген қаржы құ¬рал¬дары мен гранттар оң ықпал етуде.
Түркістан облысы Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында аты дардай болмаса да шағын кәсіпорын жұмыс істейді. Түрлі ауыр жүк көліктерін, техникаларды құрастыратын өндіріс орнының аты кішкентай болғанымен өндіріс ауқымы, ассортименті кең. "Kuzov Karabulak" деп кәсіпорынды облыс жұрты жақсы біледі. Себебі бұл еліміз бойынша жалғыз ауыр жүк көлік тіркемелерін жасайтын мекеме.
Жалпы Сайрам ауданына қарасты Қарабұлақ ауылының тұрғындары бүгінде еңбекқорлығымен бүкіл елге мәшһүр болып келеді. Мәселен, Қазақстан бойынша ең үлкен малбазар осы Қарабұлақта орналасқан.
Қарабұлақ – шағын ғана ауыл болғанымен халқы өте еңбекқор. Мұнда нәпақасын Жер-Анадан терген диқандар мен төрт түлікті көбейтіп, әрі семіртіп сататын нағыз шаруалар тұрады. Содан болар, бірі таңертең ерте кетпен-күрегін қолына алып, бақша ішінде жүрсе, енді бірі жинаған көкөністерін қолтықтап қалаға алып кетеді. Сондай-ақ, әр сәрсенбі сайын ауылдағы мал базарда сауда қызады. Төрт түлігін жетектеп еліміздің әр аймағынан, тіпті Өзбекстан мен Қырғызстаннан келетіндер көп.
Тағы бір айта кетер мәселе, ауылдағы әрбір үйдің ауласындағы жер бос жатпайды. Бірі қызанақ ексе, енді бірі қиярдан мол өнім алып отыр. Тіпті, кішкене ғана жерге жылыжай салып, бір алқаптан екі-үш рет өнім алып жатқандар да бар. Мал шаруашылығымен аналысатындары да көп. Тұрғындардың барлығы дерлік қорасында мал ұстайды. Оның сүтін өткізіп, табыс табады. Ауылда сондай-ақ ірі мал сою бекеттері мен сүт өңдейтін зауыттар баршылық.
Сондай-ақ, ауылдағы көшелерден жүк көліктерін көп кездестіруге болады. Олардың бір бөлігі – жергілікті тұрғындардың өсірген жеміс-жидегін алыс-жақын қалаларға тасуға келгендер болса, енді бір бөлігі – көлігінің тіркемесін жөндету үшін арнайы ат басын бұрғандар. Себебі, Қазақстандағы жалғыз жүк көліктерінің тіркемесін құрастыратын, әрі қайта жаңғыртатын кәсіпорын Қарабұлақта орналасқан.
"Kuzov Karabulak" өндіріс орнының жұмыс істеп жатқанына 7 жылдың жүзі болды. Алғашқыда екі-үш үйдің ауласын біріктіріп, кәсіп бастаған жігіттер бүгінде ондаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Негізінен мұнда жүк көліктерінің тіркемесі жаңадан құрастырылады. Одан бөлек, тіркемені жаңарту, көлемін ұлғайту, кішірейту, созу секілді қызмет түрлері көрсетіледі.
«Біз бұл кәсіпті 2017 жылы бастадық. Қазір өзімізге қажетті қосалқы бөлшектерді Қарағандыдан және Ресейден алдырып жатырмыз. Тіпті Кореядан, Тайваньнан да тапсырыс беріп алдыратын кездеріміз болады. Кейбір құрылғыларды өзіміз жасаймыз. Ең бастысы, біз өз өнімдерімізге кепілдік бере аламыз» дейді серіктестік директоры Рыстай Рысқұлов.
Алғашқыда өз қалталарынан 20 миллион теңге инвестиция құйып, темірді қайта өңдейтін цех болып құрылған кәсіпорынның уақыт өте келе ауқымы ұлғайған. Негізінен ауыр жүк көліктеріне реставрация жасайды. Одан бөлек кәсіпорын қызметкерлері тапсырыспен кез-келген техниканы жасап шығарады.
Кәсіпорын жылына 500 тіркеме шығаруға қауқарлы. Бұл бағытта арнайы лицензия да алған. Дегенмен, күнделікті тоқтаусыз жұмыс істеуге күн райы көп кедергі келтіреді. Әсіресе, күннің суығында жұмыс істеу қиын. Сондықтан, қысқы мезгілде жұмыс саябырсиды. Жалпы, бір тіркемені жасау мен қайта жаңғырту жұмыстарының бағасы 300 000 теңгемен 8 миллион теңгенің аралығында. Егер тапсырыс берсеңіз талғамыңызға сай, сапасын көтеріп, сәнін келтіріп құрастырып береді.
«Біреулер тоңазытқыш қойып бер деп келеді. Ал, біреу тіркемесін создырмақшы болады. Жалпы сұраныс көп. Ел аумағынан және көршілес Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен, тіпті Ресейден келетіндер бар. Ешқандай жарнама бермейміз. Барлық тұтынушыларымыз бір-бірінен естіп, хабарласып жатады. Сондай-ақ, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы, «Дала-Транс» серіктестігі секілді үлкен фирмалармен де жұмыс істейміз. Оларда жүк көліктері көп. Сондықтан, жөндеуге, қажетті тіркемені жасатуға көп тапсырыс береді» деді кәсіпорын басшысы.
«Көршілес тұрған Өзбекстан республикасы мұндай ауыр жүк кқліктері мен техникаларының бөлшектерін Еуропадан алып, құрастырып, экспортқа шығарады. Оның ішінде Қазақстанға да сатады. Ал бұл кәсіпорын барлығын өздері жасайды. Тапсырыс беруші не қалайды соның барлығын жасайды. Әмбебап кәсіпорын деуге болады. Мұнда нағыз темір ұсталары, шеберлер, креативті мамандар жұмыс істейді»,- дейді . Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев.
Бүгінде өндіріс орны 80 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Оның 30-ы – дәнекерлеуші болса, қалғандары – әрлеп, бояушылар мен кеңсе қызметкерлері. Кәсіпорынға жаңадан келген жас мамандарды тәжірибелі қызметкерлер қасына алып, жұмыстың қыр-сырын үйретеді.
– Кәсіпорын 2 гектар аумаққа орналасқан. Болашақта жаңа ғимаратқа көшеміз деп жоспарлап отырмыз. 8 гектар жерге жаңа кәсіпорын салып жатырмыз. Онда 9 мыңға жуық адам еңбек ететін болады, – деді Рыстай Рысқұлов.
Кәсіпорынның өнімдеріне сұраныс өте жоғары. Кәсіпорын Қытай мен Ресейден шығатын кез-келген техниканы өздері құрастырады. Қажет болса көліктің құрылымдарын өзгертіп жібере аламыз дейді. Қазір олар айына 15 техника сатып шығаруда.