Кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау көрсетіледі

Jan 1, 2025 - 15:52
 3
Кәсіпкерлерге ақпараттық қолдау көрсетіледі

Ел Президенті Қ.Тоқаев  Қазақстан халқына арнаған Жолдауын­да азамат, мемлекет және бизнестің арасында қарым-қатынас өзгеретінін айтты. Осыған орай Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті ынталандыру бойынша ауқымды жұмыс қолға алынбақ. Қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебековтің мәлімдеуінше, былтыр бизнесті дамыту, халықты кәсіпкерлік саласы бойынша ақпараттандыру бағы­тында «Бизнеске арналған үкімет» орталығы ашылған. Бұл  мекемеде бизнесті қолдауға арналған түрлі мем­лекеттік бағдарламаларды түсіндіру, келу­шілерге бизнесті жаңадан қалай бас­тау керектігін үйрету, жол сілтеу бойын­ша сервистік қызметтер көрсетіліп, ке­­ңестер беріледі. Жыл басынан бері бұл орталықта шаһардың 5 мыңнан аса тұрғынына ақпараттық қолдау мен қызмет ұсынылды. Кеңес берумен бірге кәсіпкерлікпен айналысуға ден қойған азаматтарға бизнес-жос­пар да жазып береді. Басқарма алдағы уақытта орталықтың мүмкіндігін кеңейту мақсатында қаланың әр ауданынан «Бизнеске арналған үкімет» мекемесін құруды ұйғарып, оны қалай іске асыру жолдарын қарастырып жатыр. Себебі сол кезде кәсіпкерлік бастамасына сервистік қолдау табу адамдарға қолжетімді бола түсер еді. 

Кәсіпкерлікті қолдауға мемлекеттен жыл сайын қыруар қаржы бөлініп жатыр. Соның ішінде Шымкент қаласы­ның алар үлесі орасан. Осы арқылы кәсіпкерлік саласы жанданып отыр.

Мемлекет басшысы Жолдауда жас­тардың кәсіп бастауы үшін 2,5 пайызбен несие беріп қолдайтынын айтқан болатын. Осыған байланысты қалада бұл жұмыстар былтырдан бері жүзеге асып келеді. Айталық, өткен жылы қанатқақты жоба ретінде «Мен кәсіпкер боламын» атты жергілікті бағдарлама қабылданған. Бұл жоба қаладағы 29 жасқа дейінгі жас­тар мен әйелдерге кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында қолға алынған. Бұл бағдарлама ретінде қабылданған жергілікті өңірлік іс-шаралар жоспары. Осы жобаның аясында бюджеттен 1 млрд теңгеге дейін қаржы бөлініп, 763 млн теңгеге 79 бизнес жоба қолдау тапты. Ендігі жерде бас­қарма Президент Жолдауындағы тапсырламаларды орындау мақсатында «Мен кәсіпкер боламын» жобасы аясындағы қаржы көлемін 10 млн-нан 30 млн теңгеге ұлғай­туды және жастардың кәсіпкерлік бас­та­маларына қолдау білдіретін тағы бір арнайы бағдарлама қабылдауды ойластырып жатыр.