«Ер шенеуніктер харассментті комплимент деп ойлап, проблемаға мән бермейді»

Алматылық фембелсенділер әкімдіктің әйелдер шеруіне 15 рет рұқсат бермегеніне наразы

Jan 21, 2025 - 17:29
 73
«Ер шенеуніктер харассментті комплимент деп ойлап, проблемаға мән бермейді»

Алматыда феминистер әкімдіктің 8 наурыздағы шеруге рұқсат етпегеніне наразы. Сөздерінше, бұл еліміздегі сөз бостандығына нұқсан келтіреді және әйелдердің өз проблемасын айтуына мүмкіндік бермейді. Олар әкімдіктің шешімі не себепті заңға қайшы екенін баспасөз конференциясында айтып берді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап. 

21 қаңтарда Алматыда “Әкімдік әйелдер маршына тыйым салды: Қатарынан 15 рет бас тарту” атты баспасөз конференциясы өтті. Феминистік шеруді ұйымдастырушылар әкімдіктің шешіміне қарсы. Оларға әкімдік аталмыш шара қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді деп жауап берген.

Биылғы 8 наурыздағы шеру мен митингтің тақырыбы "Қазақстан әйелдерінің дауысы" болу керек еді. Бірақ әкімдік оған бірнеше мәрте тыйым салды. Десе де ұйымдастырушылар берілмейтінін жеткізді. 

“2023 жылдан бері феминистік маршқа 40 рет рұқсат берілмеді. Барлығына бір себеп айтылады. Соңғы жауап 15 қаңтарда келді. “Мұндай тақырыптағы” жиын қоғамдық тәртіпке қауіп келтіреді” деп жазылған. Мәселе тақырыпта емес, өйткені біз жылда тақырыбын ауыстырып көрсетеміз, бірақ қандай тақырып қойсақ та, сондай жауап келеді. Қандай қауіп келетіні түсініксіз”, – деді белсенді Любовь Воронцова.

Сөздерінше, бұл азаматтардың құқығын шектейді. Себебі мыңдаған адам сол күні шеруге шыққысы келеді дейді.

“Әкімдіктің бейбіт шеру өткізу ережесін өзгертті. Маршқа шығуға болатын кеңістікті кішірейтіп, қатысуға болатын адамдардың санын азайтқан. Бұдан-ақ белсенділерге тосқауыл көбейгенін көреміз”, – деді ол.

Бейбіт шеруде қандай мәселе қозғалмақ?

Batyr Jamal басылымының редакторы, феминистік шеру ұйымдастырушысы Мөлдір Албан әкімдік мұндай әрекетімен әйелдердің үнін өшіргісі келеді дейді. Сөзінше, жыл сайын мұндай митинг өткізіп, әйелдер мәселесін айтып тұру маңызды. Ол митингте көтергісі келген басты мәселелерге тоқталды. Сөзінше, заңнамалар әлі де әйелдерді толық қорғамайды. 

“Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңа заң қабылданғанын көріп, барлық мәселе шешілді деп ойлаған шығар. Бірақ қазақстандық әйелдер кезігетін әлде де заңнамада қарастырылмаған бірнеше мәселе бар. Харассментке қатысты заңнаманы әлі қабылдамай отыр. Көптеген ер шенеуніктер харассментті комплимент деп ойлап, проблемаға мән бермейді. Сталкинг проблемасы бар. Өзбекстан бұған қарсы заңнаманы қабылдады, ал бізде әлі жоқ”, – деді Мөлдір Албан.

Сталкинг – бұрынғы сүйіктісін немесе жай қыз ер адамның аңдуы, желіде маза бермеуі, ізінен аңдып, қуалауы. Сталкингке кезігетін қыздар заңмен қорғалмаған. Салдарынан соңы зорлықпен немесе өліммен аяқталады дейді.

Фембелсенді “спайкинг” мәселесін де атады. Спайкинг дегеніміз – біреудің басқа адамның сусынына оның білмей немесе келісімінсіз алкогольді, есірткіні немесе күшті дәрілерді араластыру.

“Бізге он шақты қыз спайкингтің кесірінен зорланып қалдым деп көмек сұрайды. Қыз танысымен сусын ішіп отыруы мүмкін, бірақ сусынына түсініксіз затты тығып салып жібергеннен есін жоғалтады. Оянса, біреудің пәтерінен шығады. Бірақ сараптама қарсылық танытпады дегендей түсініктеме айтып, осындай жағдайды есепке алмай жатады”, – деді белсенді. 

Сонымен қатар ол неке үшін қыз алып қашуды арнайы тармақ ретінде қосуды сұрайды. Яғни жалпылай “Адам ұрлау” емес, Қырғызстан, Өзбекстандағыдай бөлек қарастырылуы керек деп санайды.

“Әйелдер шеруі – тек мәселе көтеріп, құқықтарын айтатын жер емес, сондай-ақ өздерін қауіпсіз сезіне алмағандықтан, шығатын үні. Әкімдік шерімізді шығарып үндеуімізге тосқауыл қоймақ”, – деді ол.

Олар митингте ЛГБТ мәселесі көтеріледі дегенді жоққа шығарды. Сөздерінше, бейбіт шерудің тақырыбы мен қозғалатын мәселесі әкімдікке берілді. 

Алматы феминистері 2023 жылғы митингтен кейін бүгінге дейін митинг өткізуге 15, сондай-ақ 2024 жылғы 8 наурыз және 2025 жылғы 8 наурыз күндері шеру өткізуге тағы 15 өтініш қалдырған. Сонымен қатар әйелдердің митинг өткізу құқығы үшін басқа күндерге бейбіт жиналыс өткізуге сансыз өтініш берілген. Жалпы 40 өтініштің ешқайсысына рұқсат жоқ.

Олар әкімдіктің шешіміне шағымданғанымен, сот әкімдіктің шешімін қолдады, апелляциялық инстанция да шешімді әкімдіктің пайдасына шығарды. Сөздерінше, әкімдік митинг немесе шеруге рұқсат бермесе, альтернативті шешім ұсынуы керек немесе өткізуге болатын жер тауып беруге тиіс. Бірақ олар әкімдік кері байланысқа шықпады деп отыр.

Белсенділер әрі қарай да күресуге ниетті. 

“Қазақстанда сөз бостандығына кепілдік берілген. Кез келген адам өз позициясын білдіруге құқылы. Жалғыз адамдық пикет, жиын үшін адамды қамауға болмайды. Ал шынында заң тек кей адамдар үшін жұмыс істейтіні өкінішті”, – деді белсенді Вероника Фонова.

Бұған дейін Алматы әкімдігі 8 наурызда әйелдерге шеруге шығуға рұқсат етпегені айтылды.