Кенжехан ТӨЛЕБАЕВ: Жастармен жұмыс жасау бір ғанибет

Screenshot_15.jpg

- Кенжехан аға, қазір білім берудің жаңа стандарттарына сай  орта буынды оқу орындарының көпшілігі дуальдық оқыту жүйесіне көшіп жатыр. Сіздер ше?

- Оқу мен тәжірибені ұштастыратын дуальдық білім беру жүйесі бүгінгі таңда елімізде мықтап қолға алынып жүр. Дегенмен бұл  Қазақстан үшін тың жаңалық емес.  Себебі егемендік алмай тұрып-ақ қазақ жеріндегі кәсіптік-техникалық білім беру орындары осы жүйені тәжірибе ретінде қолға алып, тиімді екеніне көз жеткізген. Кеңестік кезеңде «училищелердің» барлығы дерлік дуальдық оқыту жүйесіне ұқсайтын әдіспен талай студенттерді оқыта отырып, оларды  тәжірибеден өткізетін. Оның ішінде  1972 жылдан бастап  «Шымкент облысының совхоз техникумы» ретінде шәкірттерге білім берген қазіргі Шымкент аграрлық колледжінің де тәжірибе жинақтайтын станциялары болған.  Бірақ, экономиканың жоспарлы түрде қысқарып, көптеген өндірістердің жабылуы оқу орындары мен жұмыс берушінің арасындағы осы байланысты үзіп тастады. Үзілген байланыстар қазіргі таңда қайта жалғасуда. Өйткені үкімет бүгінде орта және шағын бизнесті дамытуға, өндіріс орындарының,  шаруа қожалықтарының  өркендеуіне бар жағдайды жасап отыр.  Бізде  облыстың көптеген  өндіріс орындарымен өзара  келісімшартқа отырып, студенттерді сонда жіберіп жатырмыз. Мәселен Сайрам ауданындағы шұжық, консерві шығаратын зауыттар, Оңтүстік батыс ғылыми зерттеу институтының тәжірибелік станциясы, «Дендробақ» тағы да басқа өндіріс орындарымен тығыз байланыстамыз. Аудиториядағы дәрістің мәні зор, бірақ тәжірибемен айналысудың жөні бөлек. Сол себепті колледж студенттері қазір 40 пайыз дәріс оқыса, 60 пайыз тәжірибе жинаумен айналысып жатыр.  

- Кезінде колледждің тәжірибе жинақтайтын станциясы да болған дедіңіз. Ал бүгінгі білім ордасының оқу базалық жағдайы қандай?

- Өкінішке қарай, колледждің бұрынғы станциясы, бау-бақша, егістік алқаптарынан бүгінде алақандай жерде қалмаған. Тек оқу ғимараты, жатақхана және тозығы жеткен лаборатория бар. Оқу орының базасын кеңейту мақсатында облыс әкімі Асқар Мырзахметовке өтінішімді жеткізген болатынмын. Ол кісі бұл мәселені шұғыл қолға алып, Тассай елді-мекенінен 5,5 гектар жер телімін бөлді.   Кең аумаққа жаңа корпус, жатақхана, ветеринарлық клиника, жылыжай, көкөніс өнімдерін сақтайтын сыйымдылығы 10 тонналық қойма, жабық типтегі спорт ғимараты бой көтеретін болады. Сондай-ақ тәжірибелік бақтар, егіс алқаптарын да жасау жоспарымызда бар. Алқаптар жер асты суымен  тамшылатып  көгалдандырылатын болады. Оқу өндірістік кешен тек қана агроколледждің студенттерінің игілігіне ғана емес сонымен қатар өңірдегі шаруа қожалықтарының мамандарына да ауылшаруашылығының озық технологиясын үйрету үшін беріледі. Осы жобалардың барлығына бюджеттен 17 миллион теңге бөлінді. Осылай Асқар Исабекұлының бастамасымен біздің колледж облыстағы оқу базалық бірегей орта буынды оқу орынадырының біріне айналатын болады.     

- Ауыл шаруашылығы саласында қай мамандыққа сұраныс жоғары? 

- Жалпы колледжде былтырға дейін 12 мамандық оқытылып келген. Өткен жылы елімізге қажетті, зәру деген 5 мамандықты тізімге қостырдым. Соның ішіндегі орман шаруашылығы, мал шаруашылығы, ландшафтық дизайн және тамақ өнеркәсіп өндірісі мамандықтарының оқытылып жатқанына бір жыл болса да осы кәсіпті қалап жатқан жастар өте  көп. Сондай-ақ, соңғы уақыттары егіншілік саласында тамшылатып суару әдісіне көшіп жатқан қожалықтар саны артып келеді. Демек,  осы кәсіпті игерген маманға деген сұраныста жоғары болуы тиіс. Және өздеріңіз білесіздер әсіресе, біздің облыста құс шаруашылығы жақсы жолға қойылған. Осыған байланысты биылғы оқу жылынан бастап тамшылатып суару, құс өсіруші-техник, құс өсіруші-оператор мамандықтарын оқытуға сұраныс білдіріп отырмын. Әзірге мұндай ұсынысты бірде-бір оқу орны жасаған жоқ. Егер мақұлданған жауап келсе, жаңа оқу жылында талапкерлерді жаңа мамандыққа үйретуге дайынбыз.

- Қосымша мамандық даярлауға колледждің мүмкіндігі жете ме?  

- Әрине, биыл жатақхана және лабораториямыз күрделі жөндеуден өтіп, керекті құрал-жабдықтармен толығымен қамтамасыз етілді. Оның үстіне жоғарыда атап өткен оқу базасы келесі жылы аяқталуға тиіс. Ал оқытушы-профессорлар құрамында ешқандай қиындықтар жоқ.  Қазіргі таңда студенттерге 150 мұғалім дәріс береді. Жас мамандарды да қабылдап жатымыз. Өткен жылы ұстаздардың барлығы аттестациядан өткен болатын. Оқу орынының өрлеуі де, дамуы да бірінші кезекте ұстаздар қауымына тікелей  байланысты. Сондықтан ұстаздарға қояр талабым жоғары. Олардың білімі, біліктіліктерімен қатар жауапкершілік сезімдері жоғары болуы тиіс. Мен әр жиында «Бала оқыту үлкен жауапкершілік. Олардың жарқын болашақтары, терең білімді маман болулары сіздердің қолдарыңызда» деп үнемі айтып отырамын. Мұнда студенттерге де тәртіп қатаң. Бір жапырақ диплом үшін аудиторияға тектен-теке келіп кететін студенттерді колледжде ұстағым келмейді. Ондайларға бірден шығар есікті нұсқаймын. Себебі оқымаған бала ертең білімсіз маман болып шығады. Ал білімсіз маман ол маман емес -  қойшы.  Оқуға ниеті бар жастарға әрдайым қолдау көрсетіп, ынталадырып отырудан қашқан емеспін.

- Сіз осыған дейін Мақтарал, Шардара ауданының әкімі, ОҚО  әкімінің орынбасары секілді лауазымды қызметтерді атқарып келдіңіз. Осындай қызметтерден кейін жастармен жұмыс жасау қиынға соққан жоқ па?  

- Мен еңбек жолымдағы қарапайым механизаторлықтан бастап, аудан әкіміне дейін қызмет барысында түрлі саланың мамандарымен, бұқара халықпен  араласып,  қоян-қолтық жұмыс жасап көрген адаммын. Осы тәжірибемнің барлығы білім саласына келгенде пайдасы көп тиді. Жастармен жұмыс жасаудың өзі бір ғанибет. Ең бастысы оларды таяқпен, күшпен емес, дос, сырлас ретінде қарым-қатынас жасасаң алмайтын асулары қалмайды. Жастарды сөгудің қажеті жоқ, керісінше мақтап, кез-келген іске ынталарын оятып отырсаң болды. 

Мұрағаттан: 26.06.2014




Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Кенжехан ТӨЛЕБАЕВ: Жастармен жұмыс жасау бір ғанибет