Арықтарды тез арада тазалау керек – қала әкімі
Демалыс күндері Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов су тасқыны қауіпі бар қаланың біраз аудандарында тексеру жұмыстарын жүргізді. Бұл туралы altaynews.kz сайты хабарлайды.
Қалалық ақпарат орталығының мәліметіне сүйенсек, былтыр көктемде қала бойынша 57 су тасқыны қауіпі бар учаске анықталған болатын. Олардыың 50-і қауіпті аймақ тізімінен шығарылып, қалған 7 учаске бойынша жұмыс жүргізілуде.
«Бірнеше сағат ішінде барлық аудандар араланды. Рейд қатысушылары Омская, 5 өткел, Потанин көшелері, Әуежай ауданы, Степной және Мирный кенттеріндегі ахуалмен танысып қайтты. Қала әкімі арықтар жағдайына баса назар аударды. Коммуналдық мекеме қызметкерлері оларды белсенді түрде тазалауда. Бірақ арықтар жеке аулалар арқылы өткендіктен үй иелері жұмысшыларды кейде өз учаскеліріне жібермеді», - деді Семей ақпарат орталығының мамандары.
Ермак Сәлімов бұл кемшілікті байқап, коммуналдық мекеме қызметкерлеріне тұрғындармен жұмыс істеуді, оларға түсіндіруді тапсырды. Ауа-райы мүмкіндік беріп тұрғанда арықтарды тез арада тазалау керек. Рейд барысында тұрғындармен әңгімелескен қала әкімі Ермак Сәлімов жеке сектордың басым бөлігі күл-қоқыс қалдықтарын шығару бойынша келісім-шарт жасамайтындығын анықтады. Содан қоқыстар бақшаларына жиналады. Әкім учаскелік инспекторларға бұл проблеманы ерекше бақылауға алып, күл-қож қалдықтарын далаға тастайтын барлық тұрғындарға ескерту жасау керектігін айтты.
Ермак Сәлімов биыл жылы жауын-шашын көп түскенін атап өтті. Қар шығару жұмыстарын арттыру және қаладағы әрбір су тасқыны учаскісін бақылауда ұстау күн тәртібіндегі мәселе.Сонымен қатар, қала әкімі Мирный кентінде жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Былтыр Семейді су басқан кезде зардап тартқан аудан осы Мирный кенті болатын.