Сұлтанханов сынға ілікті
03-05-2023
Естеріңізде болса, «Рейтинг» газетінде Ж.Исмаиловқа мамыр айында қарамағындағы қызметкерлеріне бақылауды әлсіретіп, өзіне тиесілі міндетті орындамағаны үшін сөгіс алғанын кеңінен жазғанбыз. Арада алты ай уақыт толар-толмас ол тағы бір сөгісті арқалады. Негізі бұл жолғысы заңдылыққа сәйкес қатаң сөгіс алуы тиіс еді. Түсінеміз, үш миллионға жуық оңтүстік тұрғындарының аманатына қиянат жасамай үлкен жауапкершілікпен қарауға жауапты ең бірінші адам облыс әкімі. Елдің, Елбасының сеніміне сызат түсірмей осы жүкті бірге көтерісетін кадрларды жаңылмай командасына іріктеу оған да оңай емес. Бірқатар басқармаларда басшының осы облыс әкімінің тұсында бірнеше рет ауысып үлгергені командасына шақырған кадрлардың сенімді ақтамағанынан да болар. Түсінбейтініміз, елді де шулатып бітірген, Елбасының да саясатына кереғар тірліктерімен «көзге шыққан сүйелдей» болған Жұмағали Исмаиловты жұмыстан босатпай бұл жолы да сөгіс берумен шектелді. Неге? Әлде, біз түсінбейтін, ел білмейтін Жұмағали Исмаиловты ақтап алуға тұрарлық маңызды дәлел-дәйек бар ма? Ондай дәлел-дәйек болса, басқарма бастығы өзі баспасөз мәслихатын өткізгенде мүмкіндікті пайдаланып неліктен шындықтың бетін ашпады? Ондай дәлел-дәйек болса, облыс әкімінің баспасөз қызметі журналистерге неліктен жөн-жосығын айтпайды? Бәлкім...
Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық саласындағы «төтенше жағдай» -- бас дәрігерлер мен денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың арасындағы әбден шиеленісіп кеткен шатақ әлі басылмай тұр. Қызметіне кіріскелі бері баспасөз бетіндегі сыннан көз ашпай келе жатқан Жұмағали Исмаиловтың жұртты шулатуы соңғы айларда тіпті үшығып кетті. «Ж.Исмаиловтың зорлық-зомбылығымен жұмыстан қуылған бір топ бас дәрігерлер қызметіне қайта тағайындалсын, денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қуғын-сүргін тоқтатылсын, ал басқарма бастығының өзі отставкаға кетсін» деген талап қойылған Ашық хат жергілікті, республикалық белгілі бұқаралық ақпарат құралдарының бірқатарында жарияланды. Тіпті Елбасының саясатын жүргізетін, оңайлықпен анау-мынау сын жазбайтын еліміздің көшбасшы басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде Жұмағали Исмаиловтың жұртты шулатқан әпербақан әрекеттері жайында екі бірдей көлемді сын мақала жарық көрді.
Елдің наразылығы «Егеменге» дейін жетуінің ақыры облыс басшысы Асқар Мырзахметов пен әділетсіздікке шыдай-шыдай шыдамы шытынап тынған бас дәрігерлердің өзара кездесуіне, ашық пікірталасқа ұласып, айтыс-тартысқа толы алқалы жиында басқарма бастығы Ж. Исмаилов көпшіліктің көзінше тізесі батқан адамдардан амалсыздан кешірім сұраған болатын. Мемлекеттік қызметті әкесінен мұраға қалған меншігі секілді сезініп, «қолдан келіп тұрғанда қоныштан оңдырмай басудан» қорықпайтын басқарма бастығы Исмаиловқа қатаң шара қолданылмағанына қапаланған бас дәрігерлер «Достық» қонақ үйінде баспасөз мәслихатын өткізуге мәжбүр болды. Бас дәрігерлердің ашына сөйлеген сөздері, нақты талаптары республикадағы танымал телеарналардың барлығында дерлік көрсетілді, белгілі басылымдарға өткір сын мақалалар жарияланды. Ушыққан дау төңірегінде қоғамда қызу пікірталас туындады. Мұндай жойқын дүмпуден кейін Ж.Исмаиловтың қызметтік тағдырына нүкте қойғандар тым көп еді. Бірақ облыстың бас дәрігері, «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» кадр екенін даусыз дәлелдеді. Орыстың «суға салсаң, құрғақ шығады» деген теңеу сөзі осындайда айтылса керек-ті. Бүгінде республика жұртшылығына ұлардай шулатқан ақпараттар тасқындағанмен Жұмағали Исмаилов түк болмағандай әлі қызметтің қызығын алаңсыз көріп жүр. Оған қатысты дауға нақты шешім қабылдау үшін арнайы құрылған комиссияның қорытындысын күту елге ескертілген болатын. Әділ төрелігін айтамыз, мәселенің мән-жайына тереңірек үңілеміз деген комиссия жуырда жұмысын аяқтады. Оның қорытындысы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі арқылы «Рейтинг» газетінің электрондық почтасына да келіп түсті. Танысып шықтық.
Бас дәрігерлер арызда, баспасөз мәслихатында Жұмағали Исмаиловқа қатысты сыбайлас жемқорлық мәселелерін алға тартқанда нақты фактілерді қадап-қадап айтқан еді. Осындай «өткір» фактілер бола тұра комиссия ақша төңірегіндегі мәселеге араласпай, тексерудің қажеті жоқ деп тауыпты. Себебі биыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы өткізген мемлекеттік сатып алу, тендерді ұйымдастыру және жүргізу заңдылығын анықтау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық қызметтерді бақылау комитетінің облыстық департаменті, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы 3 тақырыптық тексеру жүргізіпті. Осыны алға тартқан комиссия қайта-қайта тексерудің қажеті жоқ деген шешімге келген. Сонда бұл көзжұмбайлықтың астарында не жатыр? Заң бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында немесе жалпы жұртшылық алдында айтылған мәлімдемелер сыбайлас жемқорлықпен байланысты болса, құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Өкінішке қарай, құрығы ұзын, құзыры мықты органдар бұл мәселеге көзжұмбайлық танытты. Басқарма бастығының мемлекеттік қызметкерге жат әдеп-қылығы туралы әңгіме болып жатқан кезде Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық басқармасы да үнсіз қалды. Ж.Исмаиловқа келгенде құзырлы органдардың да моп-момақан бола қалатынында не сыр болды екен?!
Екінші мәселе, комиссия денсаулық сақтау басқармасының бастығы Ж.Исмаилов туралы облыстағы 45 бас дәрігермен жеке-жеке әңгімелесу өткізіп, олардың ой-пікірлерін сұрастырыпты. Нәтижесінде, бас дәрігерлердің басым бөлігі Ж.Исмаиловты бірінші басшы ретінде оң бағалапты. Бұған басқарма бастығының теріс әрекеттеріне ашық қарсы шығып аты-жөндерін көрсеткен 30 шақты бас дәрігер түбегейлі келіспейтіні айтпаса да түсінікті. Сонда облыс әкімінің аппарат басшысы Б.Жылқышиев бастаған комиссия о бастан-ақ, шындықтың бетін ашу үшін емес алдын ала бекітілген сценарий бойынша жұмыс жүргізгені ме? Сенімді ақпарат көздеріне сүйенсек Ж.Исмаилов өкпелі бас дәрігерлерді жинап, өзара ымыраға шақырған. Жұмысынан түрлі себептермен шеттетілген кадрларға қайта қызметке қою туралы ұсыныс білдірген. Бірақ мұндай сый-сияпатқа алданбай, алға қойған мақсат жолында әлі де күрес жүргізе береміз дегендер де табылып жатыр. Сөйтіп Исмаиловқа қарсы топтың өзі енді екіге жарылған сыңайлы. Бұған Исмаиловты ақтап, жақтап қарамағындағы қызметкерлерін де осы қадамға баруға мәжбүрлеп жанталасып жүргендері қосыңыз. Демек облыстың денсаулық сақтау сақшылары бүгінде бір-екі емес бірнеше топқа бөлінуге бет бұрғаны байқалады. Оларды осылай бүлдірген, бүлік салған Исмаиловтың беті бүлк етпей қызметінде қала беруі елді қатты қайран қалдыруда.
Сіз не дейсіз?
Алмас Мамытбеков, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, комиссия мүшесі:
«Ар-намыс Кодексінің қағидаларын сақтамаған»
--Арнайы жұмыс тобы өзінің шешімін айтты. Оны жарияладық та. Өздеріңіз де естіген шығарсыздар. Облыс әкіміне біраз ұсыныстар берілді. Жұмыстан шеттетілген Қ.Ыдырысовтың, С.Рахымбердиевтің, А.Ошақбаевтың қызметтен босатылуы заң шеңберінде жүзеге асырылғаны анықталды, бірақ денсаулық сақтау жүйесіндегі ұзақ жылдар қызмет атқарғаны ескеріліп, оларды жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Сонымен бірге Ж.Исмаиловқа өзінің мінез-құлқымен қызмет барысында қарамағындағылармен мемлекеттік қызметшінің Ар-намыс Кодексінің қағидаларын сақтамағаны үшін шара көру туралы ұсыныс бердік. Облыс әкімінің денсаулық сақтау басқармасына бақылау жасайтын орынбасары Б.Нажметдинұлына медицина қызметрлері арасындағы моральдық-этикалық ахуалды жақсарту үшін тиісті шараларды қарастыру тапсырылды.
Қалдыбай Ыдырысов: «Ол жұмыстан кетуі керек»
--Комиссияның ұсынысында сізді, қан орталығының бұрынғы бас дәрігері Сүндет Рахымбердивті және Қазығұрт аудандық туберкулезге қарсы ауруханасының бас дәрігері Алғатай Ошақбаевты заң шеңберінде жұмыстан босатылса да қайта қызметке алу жөнінде ұсыныс беріпті. Осы ұсыныстың орындалуы қалай болып жатыр?
--Менің білуімше, екеуі де қызметтеріне қайта оралды. Қан орталығының бас дәрігері Сүндет Рахымбердиев онсыз да сот шешімімен орнына қайта баратын еді. Ал, Жоғары сот Алғатай Ошақбаевтың жұмыстан босатылуы заңды деп тапқан еді. Бірақ мына жағдайдан кейін Ж.Исмаилов сот шешіміне де қарап жатпай, оны қызметіне қайта орналастырды. Кадр бөлімінің бастығы маған да келіп, қызмет ұсынған. Мен қарсылық білдірдім.
--Неге?
--Біз «тәттіге» алданбауымыз керек еді. Алға қойған мақсатымызға әлі жеткен жоқпыз. Қойған талабымыздың біреуі ғана орындалды, екеуі орындалған жоқ.
--Талаптың негізісі Ж.Исмаиловтың қызметінен кетуі екені түсінікті. Онымен бірлесіп жұмыс істей алмаймын демекшісіз ғой?!
--Мен солай ойлаймын.
Мұрағаттан: 04.10.2012