Ержан Белғозиев, композитор: «Ондатра аулауға әуес едім»

Screenshot_11.jpg

         Балдай тәтті балалығымның бәрі қармақ ұстап, балық аулаумен өтті десем болады. Неге екенін қайдам, балық аулауға соншалықты құмар болдым, бұл құмарлық әлі күнге дейін басылған жоқ. Бағыма қарай ауылымның жанында Бозарық деген үлкен арық болды. Сол арықтың суымен бүкіл ауыл бақшасын суарып, егіншікпен айналысты. Бірақ қазір Бозарықтың бір тамшы суы да қалмапты. Әлгі судың бойында күннің суық-ыстығына да қарамастан балық аулап отыра беруші едім. Өзге балалар шуылдасып балық аулауға келгенімен біраз уақыттан кейін жалығып қайтып кететін. Үшінші сыныпта оқып жүргенде балықты былай қойғанда ондатраны да ұстадым. Ондатра өте сақ, оңайлықпен қолға түспейді. Сондықтан оны аулау екінің бірінің қолынан келе бермейді, әсіресе, жас баланың. Әлі есімде, қолдан тор жасадым да шамалап ондатраның ұясының жанына салып қойдым. Бір кезде қолымдағы таяғым тыпыршып кетті. «Әп, бәлем, ұсталды ғой» дедім де, торды көтеріп қалғаным сол еді бір емес төрт бірдей ондатра жыбырлап шыға келді. Қазына тауып алғандай қуандым. Судан торды ептеп шығарып, олжамды мысықтың баласын ұстағандай қорабыма  жалаңаш қолмен сала бастадым. Сонда ондатраның қауіпті екені ойыма да кіріп шықпаған ғой. Бір кезде кеміргіштің кішкентай баласы саусағымды тістеп алмасы бар ма?! Өзі тіпті жабысып, ажырар емес. Тісінің батқаны соншалық қан деген сорғалап ағып жатыр. Жан-жағыма қарасам көмекке келетін тірі пенде жоқ. Содан жабысқақты аяқпен жерге қағып кеп салдым. Басы ауырған болу керек, әйтеуір, саусағымды жіберді. Басқа балалар күшік, мысық асыраса мен сол ондатраларды үйде асырадым. Күн сайын суын, шөбін беріп тұрдым. Балықты да талай асырадым. Алайда дұрыс күтімін білмегендіктен олар өліп қала берді. 

         Үйдің кенжесі болғасын менің бос уақытым көп болатын. Бар шаруам сабақтан кейін бұзауды арқандап кешкісін айдап әкелу. Сенесіздер ме, кітап бетін  ашқан оқушы болмадым, бірақ мектепті алтын медальға бітірдім. Себебі менің есте сақтау қабілетім мықты болды. Қазірдің өзінде кез-келген сыныптың оқулығынан сұрақ қойса тура кітапта жазылғандай етіп қайталап бере аламын.  

        Есейе келе музыкаға оның ішінде гитарға қатты қызыға бастадым. Оныншы сыныпта  ме екен, Байырқұмға тұрмысқа шыққан әпкемнің үйіне қыдырып бардым. Каникул сайын сонда баруды жақсы көруші едім. Мен үйде болмағасын Жақсыбай деген жездемнің інісі гитарамды сұрамай «вечерге» алып кетіп қалыпты. Ол кезде гитара оңайлықпен табыла бермейді, біреу сындырып қоятындай оны ешкімге бермеуші едім. Гитарамнан айырылып қалмайын дедім де сұрастырып әлгі «вечер» өтіп жатқан үйге келдім. Екі-үш бітіруші сынып бірігіп мектеппен қоштасу кешін ұйымдастырған екен. Бар ойым гитарамды алып үйге қайту болды. Жақсыбай ішке кіріп келе жатқан мені көріп құрдастарымен таныстырып шықты. «Өзі гитарамен әнді жақсы орындайды» деп арасында мені жарнамалап қояды. Содан қыз-жігіттер қоярда қоймастан қалуымды өтініп, қолқа салды. Байқасам қыздар маған көзін сүзіп қарап қояды. Сол заманға сай ұзын шаш менде де болды. Үстімде ала көйлек,  белветовый кала-кала шалбар. «Модный» бейтаныс жігітке қызыға қараған арулардың ішінде Рая есімді сұлуға көңілім ауды. Таңға дейін жалғасқан отырыста онымен бір-екі рет билегенім болмаса, жақынырақ таныса алмадым. Кейіннен пысықай Жақсыбай Раямен оңаша кездеуіме жол ашып берді. Таныстығымыз махаббатқа ұласты. Арақатынасымыз студент атанғанда бұзыла бастады. Ол Шымкентте, мен Алматыда оқыдым. Сырттай оның басқа жігітпен жүріп жүргенін естігенде одан мүлдем көңілім қалды. Сәтсіз аяқталған алғашқы махаббатымды уақыт өте келе ұмытып кеттім. Қазір мұның бәрі күліп еске алатын жарқын естеліктерге айналды.     

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Туысы қайтыс болғанды қарызға батырмау жағын қарастырсақ...
  • Күнсұлу Шаяхметова, актриса: «Анам әкемнің алдына түсуді артық санапты»
  • Есей Жеңісұлы. Нағып бос отырсыз?
  • Жұтынсам да жұмаққа, күнәм тартар тамұққа
  • Мақпал Мыса, ақын: «Жоғалған көзілдірігімді маймылдан таптым»