Жасөспірім өлімі: 6 балаға байланысты сот отырысы басталды

Oinet.kz 04-03-2025 129

Ақтөбе облысында Қопа ауылындағы мектептің 9 сынып оқушысы Нұржан Сыдықтың өліміне қатысты сот отырысы басталды. Қоғамда резонанс тудырған істе алты жасөспірімге айып тағылды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Screenshot_1.jpg

Істі Ақтөбе облысы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарауда. Қылмыстық істің бабы үш рет өзгертілді. Жасөспірім өліміне күдікті ретінде алты оқушы қамауда отыр.

Судья Жанат Бекенова қылмыстық процесуалдық кодекстің 24 бабы 1 бөлігіне сәйкес сотталушылар кәмелет жасқа толмағандықтан істі жабық түрде өтетінін айтты. 

Іс сотқа үш баппен жіберілді. ҚК 106-бап 3 бөлігі “Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкелген қасақана ауыр дене жарақатын келтіру”, ҚК 293- бабы 2 бөлігі “ Бұзақылық” және  ҚК 28-бап 3 бөлігі “Қылмысты ұйымдастыру” бойынша қаралады. Прокуратура мәліметіне сүйенсек, қамауға алынған алты оқушының біреуіне ғана ҚК 106-бабының 3-бөлігімен айып тағылды. Қалған бесеуі ҚК 293-бабының 2-бөлігі (Бұзақылық) және ҚР ҚК 28-бабы 3-бөлігімен жауапқа тартылады.

Сотта жәбірленуші тарап қана істің ашық қаралуын сұрады. Олар әлімжеттік көрсеткен барлық баланың жауапқа тартылуын өтінді.

“Бауырым аяусыз соққыға жығылды. Сол соққының салдарынан көз жұмды. Оқиға кезінде оның қасында 18 оқушы болған. Олардың қатарында спорт шеберлері де болды. Алғашында күдіктілерге қатысты тергеу ҚК 99-бабы адам өлтіру бабы бойынша қарастырылған еді. Алайда тергеу бірнеше рет қайта қаралды. Жәбірленуші тарап ретінде 9 сыныптың 7 оқушысы, 10 сыныптың 5 оқушысы танылды. Біз соттың әділ әрі заңды шешім қабылдауын сұраймыз. Бұл тек менің бауырымның ісі емес, бүкіл қоғам үшін өте ауқымды мәселе. Егер мұндай қатыгездікке көз жұма қарай берсек, ертең кез келген ата-ана осы жағдайға душар болуы мүмкін”,- деді марқұмның туысы Мереке Қалдыбаева.

Еске салсақ, қайғылы оқиға 2024 жылдың 2 қыркүйекте Ақтөбе облысы Темір ауданы Қопа селосында болды. 14 жастағы Нұржан Сыдық қайтыс болды. Істі бас прокурор бақылауына алды. Қылмыстық істің негізгі бабы үш рет өзгертілді. Жасөспірім өлімі алғашында ҚК 106 бабы 3 бөлігімен қаралды. Тергеу кезінде ҚК 99-бабы Адам өлтіру бабына ауыстырылды. Алайда тергеу бірнеше рет қайта қаралып,ҚК 106-бап 3 бөлігімен сотқа жіберілді.

4500 теңге үшін жасөспірім 14 жастағы баланы өртеп жіберді (ФОТО)
Денесіне пышақ жарақатын салып, тоқпен қинаған: Қаза тапқан журналист түрмеде аяусыз азапталған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу