Аймағамбетов: «Оқушыларға даладағы дәретханаға баруға жол бермеуіміз керек»

Jan 7, 2025 - 16:19
 1
Аймағамбетов: «Оқушыларға даладағы дәретханаға баруға жол бермеуіміз керек»

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарын бейнебақылау жүйелерімен және санитарлық-гигиеналық жайлылықпен қамтамасыз ету мәселесін көтерді деп хабарлайды Oinet.kz сайты Baq.kz порталына сілтеме жасап.

- Бұл «министрлік деңгейінде қарайтын сұрақ емес» деген пікірлер түсіп жатыр. Бірақ балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығына байланысты мәселе болғандықтан, мұны ұсақ сұрақ деп қарауға болмайды. Бұл - өте маңызды сұрақ. Алдыңғы жылы Тараз қаласында болған оқиға әлі де естеріңізде болуы керек. Сондықтан бұл мәселені шешу бойынша 10 ай бұрын Мемлекет басшысы тапсырма берген болатын. Бұған дейін 2 700 мектепте тиісті жылы дәретханалары болмаса, бүгінгі күні соңғы 10 айда 2 456 дәретхана салынып, іске қосылды. Қалған 245 мектеп бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, - деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар министр сапа мәселесі маңызды екенін айтты. Яғни дәретханалар жұмыс істеп тұруы, бөлек кабиналардың болуы, сумен қамтамасыз етілуі және басқа да мәселелер шешілуі керек. 

- Дәретхананы салып алып, кейін оны жауып қойып, даладағы дәретханаға барып жүруге жол бермеуіміз керек. Мұндай мәселелер де кездесіп тұрады. Жасыратыны жоқ. Ондайды алдыңғы жылы көрдік, - деді министр.

БҒМ басшысының сөзінше, өңірлер бойынша әлі де жыл соңына дейін жүргізілетін жұмыстар бар. Білім басқармаларының басшылары осыны бақылауға алуды тапсырды және желтоқсан айында осы мәселе қайта қаралатынын айтты.