«Алтын адам» бренді әлемге танылар күн алыс емес

Jan 3, 2025 - 19:26
 2
«Алтын адам» бренді әлемге танылар күн алыс емес

Адам көркі шүберек екені белгілі. Киім-кешек адамзат баласының күнделікті тұрмыстағы ең қажетті тауары. Үй киімдерінен бастап, сәнді, жұмыс киімдеріне дейін мұқтажбыз. Сондықтан киім-кешекке сұраныс қай заманда болмасын толастаған емес. Әлемнің көптеген елдері дәл осы жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде киім-кешек тігу ісін дамыту арқылы экономикасын көтеріп отырғаны жасырын емес. Қазақстанға киім тауарларының басым бөлігі ешетелден импортталады. Статитикалық мәліметтерге сүйенсек осы жылдың қаңтар-шілде айларында елімізге шетелден 85,5 мың тонна киім сауда-саттық үшін әкелінген. Бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 13,4 пайызға аз. Киім-кешек тасымалдау барысында Қазақстанға жасалған импорт көлемі 702,2 миллион долларға жеткен. Саудаланған тауардың дені – Өзбекстаннан (10,8 мың тонна), Қытайдан (5,6 мың тонна) және Түркиядан (1,6 мың тонна) әкелінген. Күнделікті киетін киімдердің 59,9 тоннасы Үндістаннан және 14,3 тоннасы Португалиядан жеткізілген.

Отандық нарықта импорттық костюм-шалбар мен көйлектердің сатылымы көлемі 25,4 пайызға азайғанын байқауға болады. Қалай десек те, Қазақстан нарығы үшін негізгі тауар жеткізуші Қытай болып қала береді. Өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе аз болса да, Қытайдан жеткізіліп жатқан киім-кешек көлемі 9,9 мың тоннаны құрап отыр.

Бір ескеретін жайт, соңғы кезде елімізге өзге елдерден де киім-кешек көптеп әкеліне бастады. Мәселен, жыл басынан бері Бангладештен – 1,1 мың тонна, Ресейден – 997,7 тонна, Пәкістаннан- 169,4 тонна және Румыниядан 6,4 тонна киім әкелінді.

Қазақстан нарығында пальто, күртешелердің импорты 23,4 пайызға, яғни 5,5 мың тоннаға дейін қысқарды. Ел экономикасы шамамен 143,7 миллион АҚШ долларын жоғалтты деп есептеуге болады. керек.

Елімізге биыл сырт киім Қытайдан 4,6 мың тонна, Мьянмадан 146,3 тонна, Индонезиядан – 19,7 тонна, Италиядан 10,6 тонна, Ұлыбританиядан 1,7 тонна жеткізілді.

  Дегенмен елімізде киім-кешектің 100 пайызы импорт емес. Қазақстанда да түрлі киім бұйымдарын тігіп, ішкі нарықты қамтамасыз етіп отырған зауыт-фабрикалар қарқын жұмыс істеп келеді. Елімізде жеңіл өнеркәсіп 20-дан астам кіші саланы қамтиды, олар үш негізгі топқа біріктірілген. Өнеркәсіп комитетінің мәлімдеуінше, жеңіл өнеркәсіпте   1400 кәсіпорын жұмыс істеуде, онда 58% (818) кәсіпорынның негізгі үлесін тігін кәсіпорындары, 33% (463) тоқыма бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар, 9% (119) былғары және оған жататын өнімдер өндіретін кәсіпорындар алады. Саланың 97% (немесе 1 362) шағын кәсіпорындар құрайды. Өңдеу өнеркәсібінде жеңіл өнеркәсіптің үлес салмағы 2023 жылдың қорытындысы бойынша – 0,97 пайызды құрады. Өткен  жылғы қаңтар–желтоқсанда Қазақстанда тоқыма бұйымдарының өндірісі 116,8 миллиард теңгеге жетті, бұл оның алдыңғы  жылмен салыстырғанда құндық мәнде 15,4 пайызға артық. ФКИ 118,9 пайызды құраған. 

Өңірлер бойынша ең көп тоқыма өнімдері Түркістан облысында өндірілді: 40,3 миллиард  теңге, бір жылда 31,2 пайызға көбейген. Одан кейін Шымкент (23,2 миллиард теңге, 0,6 пайызға азайған) және Ақмола облысы (10,5 миллиард  теңге, 9,9 пайызға көбейген). 2023 жылғы қаңтар–желтоқсанның аяғында тоқыма өндірісі секторындағы негізгі капиталға салынған инвестиция құндық мәнде 2,4 есе өсіп, бір жыл бұрынғы 5,5 миллиард теңгеден 13,2 миллиард  теңгеге жетті.

Ағымдағы  жылдың бірінші жартыжылдығында жеңіл өнеркәсіп өнімінің көлемі 95,7 миллиард  теңгені құрады. Киім өндірісі секторы оң динамика көрсетті, өсім 11,5 пайызды құрады.

Жоғарыта атап өткеніміздей Түркістан облысы  еліміздегі тоқыма өндірісі, тігін индустриясы мен былғары өңдеуді қоса алғанда жеңіл өнеркәсіп кең дамыған өңір. Бұл саланың әлеуметтік маңызы зор. Өйткені кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің дені – әйелдер. Жеңіл өнеркәсібімен мақтана алатын Сайрам  ауданында өңірдің ғана емес бүкіл елдің мақтанышына айналып отырған тігін фабрикасы бар. Ол «Алтын адам» кәсіпорны. Дәл осы бренд атауын сіз де естіген боларсыз. 

    Аудан орталығы Ақскент елді-мекенінде орналасқан  тігін фабрикасы әлемдік өндірісшілердің тігісін пайдалана отырып, еліміздің жеңіл өнеркәсібінің өрісін кеңейтуде. 2013 жылы негізі қаланған «Алтын адам» іскерлік киімінің алғашқы отандық бренді болып саналады. Кәсібін классикалық үлгіде ерлер киімін тігуден бастаған қазақстандық бренд отандық нарықта сапалы әрі сәнді киімдерімен танылуда. 

«Фабриканы ашу кезінде мемлекетімізден қолдау алдық. 2012 жылы құжаттарымызды дайындап, 30 пайыз мемлекеттің, 70 пайыз өзіміздің қаражатымызды салып осы «Алтын адам» тігін фабрикасы ашылды. Мемлекет  тарапынан «Даму» ұлттық қоры арқылы жалпы 110 миллион теңге қаражат алдық. Несиені 5 жылға алып, тәуекел деп жұмысымызды бастап кеттік»,- дейді кәсіпорын директоры Балжан Халмұратова. 

Кәсіпорында жұмыс қызу. Алдымен мұнда киімнің дизайны сызылады. Екінші кезеңде оны пішу жұмыстары жүргізілед. Мұнда жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған. Айталық пішу кезінде матаны жаятын арнайы құрылғы бар. Сонымен қатар матаны пішетін аппараттың да қуаттылығы жоғары. Аталмыш құрылғының арқасында  сызылған кескіндерінің барлығы матаның үстіне келіп түседі. Аппарат бір мезгілде 500 дана матаны кесе алады. 

«Біздің өзіміздің арнайы екі бағдарламамыз бар. Бізге тапсырыс келеді. Ерлер костюмын арнайы бағдарлама арқылы жасаймыз. Әр адамға жеке істейміз. Бағдарлама арқылы компьютерде дизайны сызылған соң қағазға басып шығарамыз. Әрі қарай пішу кезеңіне жібереміз »,- дейді конструктор Оразалы Елдос. 

 Өндірісте жоғары дәрежелі мамандар жұмыс істейді. Фабрика қызметкерлерінің арасында жергілікті тұрғындардан 80-90 адам жұмыс істейді. Қызметкерлердің 90 пайызы әйел заты. Өндіріс орны қазіргі таңда күніне 150 мың , айына 6-7 мың дана костюмдерді нарыққа шығарады. 

«Өндіріс орнында Германияның сапалы тігін машиналары орнатылған. Айталық қалтаның бірнеше түрін тігетін тігін машинасы бар. Алдыңғы, артқы, жан қалта секілді барлығы осы мәшинелерде тігіледі. Егер адам қолымен тігетін болса қалтаны бес, алты кезеңнен өткізіп барып тігеді. Ал бұл құрылғы бір тігіспен 3-4 операцияны орындап шығады» дейді  технолог Ділмұрат Пазилов.

Кәсіпорын мектеп формасынан бөлек темір жол, қорғаныс істері қызметкерлеріне арнғалған арнайы жұмыс кіимдерін дайындайды. Сонымен қатар фабрикада жеке лекалдар базасы бар. Соның арқасында киім өнімдері сәндік үлгілерге сай дизайнда жасалады. 

«Осы фабрикада жұмыс істеп жатқаныма 10 жылдан асты. Өз мамандығым бойынша тігінші болып істеймін. Осы жұмыстың арқасында мен өз отбасымды асырап отырмын. Біздің фабрикаға жастарды шақырамын. Бізде жұмыс сапалы атқарылады әрі қызметкерлерге барлық жағдайлар қарастырылған. Айлығымыз уақытылы беріледі»,- дейді тігінші  Гүлмира Тазабекова. 

Компания ұжымның арқасында классикалық киімдерді жеңіл өнеркәсіп өнімдері нарығында танымалдығы артып, сән индустриясынан мықты орын алуда. Фабрика заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Кәсіпорынға арнайы халықаралық деңгейдегі кәсіпкер, инжинер технолог, негізгі өндіріс мамандары, сәнгерлер, тігіншілер,жинақтаушылар, жабдықтарды жөндеушілер және қалыпты ұстау жөніндегі маман, механик секілді білімді мамандар жұмыс жасайды. 

Отандық өнімді дамытып отырған ксәпорында тігілетін ерлерге арналған сәнді костюмдердің бағасы 30 мың теңгеден басталады және оқушыларға арналған мектеп формалары небәрі 12500 теңгеден басталады. 

Өнімдері алғашқыда Шымкентке, кейіннен еліміздің өзге де бірқатар өңірлерінде сатылымға шыққан. Кәсіпорын қолданатын ең соңғы үлгідегі автоматтандырылған тігін машиналарының тігісі жатық, теп-тегіс. Еуропалық үлгідегі киімдер соңғы дизайнымен ерекшеленеді. Мұнда әр тұтынушының дене бітімі мен талғамына орай әрбір өлшемге мән беріліп, киімнің қонымды болуын ескереді. Дизайны мен тігісі шетелдік костюм, шалбарлардан кем түспейтін отандық өнімнің матасы да сапалы. Түркия, Италия елдерінен арнайы тапсырыспен әкелінген маталар түтілмейді және бояуы оңып кетпейді. Ал бағасы шеттен тасымалданатын костюмдердің бағасынан әлдеқайда арзан. 

«Менің осында жұмыс істеп келе жатқаныма 10 жылдай уақыт болды. Осы кезге дейін әр түрлі костюмдердің тігісін көрдік. Әйелдерге арналған белдемшелерді де тіктік. Менің негізгі мінедтім өнімнің сапасына қарайтын болғандықтан өз ісіме үлкен жауапуершілікпен қараймын. Біз сапаны бірінші орынға қоямыз. Тексеріс өте күшті. «Мына жері қате», «ұнамадамы», «сапасы нашар» деген сөздерді естімес үшін біз қолдан келгенше қадағалаймыз. Тексеріс процесін 3-ке бөлеміз. Бірініш кезеңде өнім осы тігін цехында тексеріледі. Екінші кезеңде арнайы тексеру бөлімінде және үшіншісі орап-қаптау кезінде тағы бір рет тексерістен өткіземіз. Үшінші кезеңде жарамсыз, сапасыз киімдердің өтуі мүмкін емес. Біздегі техникалар  Түркия, Германия, Жапониядан алдыртқан тігін машиналарымыз бар. Олардың сапасы өте жоғары. Тігістің өзінен байқайтын болсақ Қытайдың машиналарымен тігілген тігістерді біз қолмен тартып, ашып тастауымыз мүмкін. Ал біздегі неміс технологиясымен тігілген киімдердің тігісі өте сапалы, берік болып келеді» технолог  маман.

«Алтын адам»  тігін фабрикасында киім өндірісінің толық циклді дизайнын әзірлеуден бастап, қаптамаға дейін жүзеге асырылады. Барлық жұмысты шеберлер жоғары технологиялар арқылы атқарылады. Өнім өте сапалы, ыңғайлы, мектеп формасына қойлатын талаптар толық сақталады. Фабрикада орнатылған заманауи шетелдік жабдықтардың сапасы әлемдік берндетерден еш кем түспейді. 

«Оқыған мамандығым басқа болғанымен осы фабрикада сатушы болып жұмыс істеп жүріп, мұндағы жұмыс ұнаған соң түбегейлі осында ауыстым. Ұжымға тез сіңісіп кеттім. Біз тек қана бір салада емес сан түрлі салада да қазақтың жігіттерінің қолынан келетінін көрсеткіміз келеді. Біз де   әлемдік деңгейге шыға аламыз. Сондықтан біз мұнда барынша маңдай терімізді сіңдіреміз. Өнімдерімізді әлі әлемге паш етеміз деп сенемін»,- дейді қойма меңгерушісі Жанғали Ғалымжанұлы. 

Кәсіпорынның алдағы мақсаты  ішкі нарықты түгелімен  қамтып, елімізде сатылымдағы отандық өнім мөлшерін ұлғайту. Мектеп оқушыларын сапалы, сәнді, бағасы да қолжетімді мектеп формаларымен қамтамасыз ету. Осы орайда ата-аналар мен мектеп ұжымдарына отандық өндірушіні қолдап, отандық киім киюге шақырамыз. Себебі отандық өнімді тұтынудың ел экономикасына пайдасы зор деді кәсорын басшысы. 

«Мына нарықтық заманда экспортқа шығып жатқан тауарларымыз тоқтап қалды. Пандемияға қатысты мектептер жабылып жатты. Сол қиын қыстау кезеңде мемлекеттік тапсырыстарды да тігуге бел будық. 2020 жылдан бастап темір жол қызметкерлеріне арналған костюмдерді тігуді қолға алдық. Біздің фабрикамызда ең бірінші ашылған кезде 50 адаммен басталып, 220 орынға дейін қамтамасыз етттік. Кәсіпкердің негізгі мақсаты кәсібін жүргізу. Ал кәсіпті жүргізу үшін оның  артынан халық ереді деген сөз ғой. Біздің марқайып айтатын бірінші жетістігіміз көптеген тұрғындарды жұмыспен қамтып отырмыз. Ол дегеніміз фабрика бірнеше отбасын асырап отыр деген сөз. Одан бөлек мемлекетіміздің қазынасын толтырып отырмыз десек қателеспейміз. Жасап жатқан жұмысымыз бен өндіріп отырған өніміміз арқылы мемлекетке, елге пайдамызды тигізіп отырмыз. Дүние жүзінің статистикасын алып қарайтын болсақ алпауыт мемлекеттердің барлығы осы жеңіл өнеркәсібімен бүкіл елді, экономикасын жоғарыталып отыр. Біздің алға қойған мақсатымыз ертелі кеш сондай сатыға жетіп, экспортпен жұмыс істеу. Жеңіл өнеркәсібіміз дамытса еліміз дамиды»,- дейді Балжан Оразәліқызы.

Тігін фабрикасында жыл сайын 30 мың дана балалардың мектеп киімінен құралған бір жинақ дайындалады. Мұнда пандемия кезінде 30 мың данадан артық бетперде тігіліп шығарылғанын айта кетейік.

  Дайын өнімдері Республика аумағында, оның ішінде Астана қаласындағы екі дүкенге және жыл сайын өтетін жәрмеңкелерге қатысып, сатылымға шығарылып отырады.  Мектеп формасының ұл және қыз балалар үшін бір жинағы 14500 теңге құрап тұр.  Оның ішінде жейде 3000, костюм 5500, шалбар 4500, жилет 3500, белдемше 3000 теңге көлеміндегі бағада сатылуда. Дайын тауар өнімдерін шығару үшін жалпы 3 ай мерзім көлемінде уақыт алады. Тапсырыс берушілерлермен келіссөздер жасалған соң, қажетті маталарды таңдап, сатып алуға 2 ай, сонан соң киімдерді пішіп, тігу үшін  1 ай уақыт жұмсалатыны ескертіледі.  Маталар Түркия, Қытай елдерінен және Алматы қаласынан келісімшартпен сатып алынады. Яғни, шетелдің шикізатынан мата мен жібі қолданылады. Фабрикада қалған дайын өнімдер де тұрғындардың сұранысына сәйкес, ұсынылып отырады.  Фабрика 1 ауысымда, таңертең 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейінгі уақыт аралығында жұмыс істейді. 

     «Алтын адам» аудандағы жалғыз ірі тігін фабрикасч емес.   Ақсукент ауылы, Қарабұлақ тасжолының бойында орналасқан «АХБК» ЖШС-нің тігін фабрикасында бүгінде белсенді түрде жұмыс істеп тұр. 2018 жылдың қараша айында іске қосылған фабрикада арнайы формалар, әскери киімдер, төсек-орын бұйымдары тігіледі. Қазіргі таңда әскери киімге деген сұраныс артқан. Отан қорғаушыларға арнап киім тігетіндер аса көп емес. «АХБК» ЖШС осы олқылықты реттеп, әскери азаматтарды сапалы киіммен қамтуда оқ бойы озық тұр. Көптеген әскери мекемелер өздеріне қажетті киім-кешекті «АХБК» ЖШС-нан алады. Яғни бұл фабрика өзінің тұрақты клиенттерімен тығыз жұмыс істеп, екіжақты тиімді келісімде отыр. Әскери киімге қойылатын басты талап – киімнің сапалы болуы. «АХБК» ЖШС бұл үдеден шығып келеді. Олар киім тіккенде матаның сапасына ерекше мән береді. Сапалы матадан тіліген киім ұзаққа шыдас береді. Ал әскер адамы күнделікті қимыл-қозғалыста болып, күн астында көп жүреді. Оларға сапалы киім керек екені айтпаса да түсінікті. Әскерилердің киімі ауа өткізіп тұратын, қыста жылу сақтап, жазда салқын өткізетіндей сапалы болса, сарбаздың өміріне де оң әсер етеді.   Сонымен қатар шағын кәсіпорын жылына 1 млн дана киім-кешек пен төсек орын бұйымдарын шығаруға қауқарлы. Шикізат Ресей, Түркия елдерінен тасымалданады. Яғни Қазақстан тек шетелден киім алып қана қоймай, шетелге де киім эскпорттайды. Әйтпесе халықтың санасында Қазақстан киімді тек шетелден алады деген қасаң түсінік қалыптасып кеткен. «АХБК» ЖШС осы түсінікті бұзып-жарып, жергілікті кәсіпкерлердің шамасы экспорттық киім-кешек шығаруға жететінін айқын дәлелдеп отыр. Осылайша Қазақстан өндірісі әлемдік деңгейге шығуға алғашқы қадамдарын да жасауда.  Бүгінде кәсіпорын өнімдері негізінен ішкі нарықты қамтамасыз етіп отыр. Аталған өндіріс орнының құны 1200,0 миллион  теңгені құрайды. 1,2 гектар  аумақты алып жатқан шағын кәсіпорында жергілікті 100 адам жұмыс істейді. Кәсіпкер алдағы уақытта өндіріс орнын ұлғайтуды көздеп отыр. Оған мемлекет тарапынан әрқашан қолдау көрсетілетінін айта кеткеніміз абзал. 

Айта кетейік, елімізде жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітігені, оған жеңіл өнеркәсіптің нормативтік құқықтық базасын жетілдіру, шикізат базасын дамыту және шикізатты қайта өңдеу, мемлекеттік қолдау шаралары, саланы кадрлармен қамтамасыз ету, жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау және қадағалау, отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілердің қуаттылығын арттыру, инвестициялар тарту, әлемдік тәжірибені енгізу және экспортты дамыту шаралары кіреді.

Жеңіл өнеркәсіп тауарларына мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде ұлттық режимнен 2 жыл мерзімге алып тастау белгіленді (2024 жылғы 19 ақпандағы № 99 Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы). «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы соңғы қарыз алушылар үшін жылдық 3 пайыздан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша жеңіл өнеркәсіп жобаларына қаржыландыру бөлінді. Саланың дамуын қосымша ынталандыру үшін Арнайы экономикалық аймақтар қызметінің басым түрлерінің тізбесіне жеңіл өнеркәсіп салалары енгізілді.