Жолдау оқылатын күнді демалыс деп жариялауды ұсынамын

Screenshot_3.jpg

Жалпы Елбасының жыл сайынғы жолдауына жалтаңдаймын да отырамын. Не күтетінімді өзім де білмеймін. Әйтеуір, Жолдауда жаман нәрсенің айтылмайтынын ептеп ішім сезеді. Әй, бірақ кейінгі кездері телеарналар мемлекет басшысының бір жылда бір-ақ рет берілетін дәстүрлі жолдауын тікелей эфирден көрсетуді қойды. Қай жылы екені есімде жоқ, Парламент үйі жаңадан салынып бітіп, сонда алғаш рет Жолдау оқылып, залдағылар оған енді есі ауа бастағанда жарықтың жалп етіп өшкені есіңізде ме? Осы бір төтенше жағдайдан кейін де Елбасының Жолдауын тікелей эфирден көріп, елмен бірге қуанып, елмен бірге тебіренуші едік. Енді жылдан жылға оның да тынысы тарылып барады. Теледидар басшылары Жолдаудың жазып алынған нұсқасын әбден монтаждап, сүзгіден өткізіп барып кешкісін көрсетеді. Мұнысы қалай? Бұрынғыдай халықпен телекөпір ұйымдастыру да азайды. Жақсы дәстүрлердің бәрі ұмытылып барады. Бүйте берсе, ел мұң-мұқтажды кімге айтады?

 Жарайды мейлі, Жолдау туралы айтып жатырмыз ғой. Алдымен айтарым, жалпы біз сияқты жасы жер ортасынан ауып қалған жанға 2030 жылдың өзі де алыс болып көрінетін. Ол күнге жетеміз бе, жетпейміз бе деуші едік. Енді ол 2030 жылдан 2050 жылға ауып кеткен соң, қайғы-мұңсыз, шалқып-балқып өмір сүретін жұмақ жылдан үмітімізді біржолата үздік. Мейлі біз көрмесек балаларымыз, олар болмаса немелеріміз көрсін дейміз енді...Кешкісін теледидардан Жолдауды естіп отырғанбыз. «Ата, «Мәңгілік ел» деген немене, сонда қазақ жерінде бұған дейін ел деген болмаған ба? Әлде олар мәңгі емес уақытша, әңкі-тәңкісі шыққан бірдемелер болған ба?» дейді немерем. Не айтарымды білмедім. Елбасының елге сіңірген ерен еңбегін, мәңгілік елдің мәнісін немереме тәптіштеп тұрып түсіндіп  бердім. «Әй, шал, Елбасы жаңа қазақ тілі туралы жақсы айтты ғой, бірақ неге өзі Жолдауды  орыс тілінде оқиды? Әлде бұл Жолдау қазақтарға арналмаған ба?» дейді кемпірім. «Әрине, қазақтарға арналған. Сен де «бүйректен сирақ шығарып...». Елбасының жарғақ құлағы жастыққа тимей күні түні дамыл көрмей жүргені осы жерпгілікті ұлттың, қазақтың қамы емес пе? Әй, осы кемпір де қарап отырмай, қай-қайдағыны сандырақтап» дедім іштей кіжініп. 

Жолдаудан шатып-бұтып  түсінгенім, «ХХІ ғасыр ортасына таяп қалыпты», «Бұл ғасырда жеңіл-желпі жүріп өту» деген болмайды екен. Әлемдегі дамыған отыздық тобының тізіміне кіретін үміткерлер саны тым шектеулі екен....Қартайғандықтан ба қайдам, созылмалы ауру құрғыр маза бермей түнгі ұйқым тыныш болмағандықтан қалғып кетіппін, ду етіп қол шапалақтаған кезде шошып ояныппын, сөйтсем, Елбасы дәрігерлердің, мұғалімдердің, әлеуметтік қызметкерлердің жалақысын және шәкіртақыны өсіру туралы тапсырма беріп жатыр екен. Біз сияқты зейнеткерлер туралы бірдеңе деді ме, демеді кереңдеу құлақпен дұрыс ести алмадым. Мойындаймын, Жолдауың біраз жерлерін түсінінбей қалғаным да рас, бірақ күні ертең министрлер мен Парламент депутаттары Жолдауды насихаттап өңір-өңірге ағылады емес пе? Түсінбегенімізді сол кезде сұрап алармыз. Менің айтайын дегенім мүлем басқа еді. Біз алдымен Елбасының туған күнін, одан кейін президент болып сайланған күнін мереке деп жарияладық. Енді Елбасының халыққа жолдау арнаған күнін де ұлттық мереке деп жариялап, жұмысшыларға қатарынан екі күн демалыс беруді сұранып үкіметке хат жазсам ба деп жүрмін. Неге екі күн дейтін шығарсыз, бірінші күні халық Жолдауды тыңдайды. Жолдаудағы жағымды жаңалықты, естен тандырарлық табысты естіп, басы айналып қалған халық бәрібір ертеңіне жұмыс істеп жарытпайды екен. Сондықтан екінші күнді де демалыс деп жарияласақ. Бздікі енді ұсыныс, оны қабылдау қабылдамау үкіметтің өз еркінде. 

Ақан СЕРІКБАЕВ,

Түркістан қаласының тұрғыны

Мұрағаттан, 30.01.2014 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: