Жалпыұлттық «Азат» социал демократиялық партиясының беделді өкілдерінің бірі, қазақтың тұңғыш ғарышкері, «Халық қаһарманы» Тоқтар Әубәкіров таяуда оппозициядан кетті. Бұл қадамға неге барғанын түсіндіріп, саяси мәлімдеме жасады. Мұны биліктің сөзін сөйлейтін мемлекеттік телеарналар «жерден жеті қоян тапқандай» қуана жарнамалап жұртшылықтан сүйінші сұраған ақпаратты армансыз таратты. Осыған байланысты қоғамдық пікірдің әлі қызуы басылмай тұрғандықтан оқырманның сұрауына орай мәселенің мәнісіне үңілген едік.
-- Халық өзінің Көшбасшысын жақсы көреді. Бұған Президенттің және Парламент Мәжілісі депутаттары сайлауларының қорытындылары дәлел болады. Сайлау кезінде халық Тұңғыш Президенттің бағытын қолдап, зор сенім білдірді. Мына алмағайып заманда Қазақстан табысты, бақытты және еңсесі тік мемлекет болуы үшін біздің президент бәрін жасауда. Ендеше, оның Отан үшін істеген жұмысы халықтың тарапынан қолдауға лайық. Сондықтан да, бүкіл қазақстандықтарға үндеу жолдай отырып, елдің болашағы үшін өкпе-реніш пен саяси амбицияларды қалдырып, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айналасына бірігуге шақырамын! Бүкіл Қазақстан халқын күш-жігері мен білімін және тәжірибесін Отанға қызмет етуге, гүлденген Қазақстанды құруға жұмсауға шақырамын. Мен бұл іске тікелей атсалысып, Тұңғыш Президенттің командасында болғым келеді!—деді «Халық қаһарманы» Тоқтар Әубәкіров теледидар арқылы сөйлеген сөзінде.
Билік буы бұрқырап тұрған мансап ұсынса оп-оңай оппозициядағы ойыннан шыға салатын талай саясаткерді көріп едік. Бірақ кешегі даңқты Баукеңдей, Бауыржан Момышұлы сияқты батыр мінезді, өршіл, бетің бар, жүзің бар демей тіке айтып салатын Тоқтар Әубәкіров дәл мұндай ел күтпеген қадамға барады деп кім ойлаған дейсіз? Ғарышкердің өзінің жүріп келе жатқан орбитасынан ауытқып кетуін ел әлі түсінбей әлек. Былтыр «Азат» партиясының сьезінде «Халық бізді қолдайды. Өйткені біз халықтың атынан сөйлеп тұрмыз» деп, билікке қарата жұдырығын түйіп-түйіп қойған Тоқтар еді. Енді ол мерзімінен бұрын сайланған Елбасыдан да, мәжілістен айналып-толғанып отыр. Күні кешегі президент сайлауында «Президенттіке Тоқтар түссе, қолдар едік» деген халық енді кімге сенбек? Бұған дейін «қазақтандықтар бұдан да жақсы өмір сүруге лайықты» деп, билікті аямай сынап жүрген Тоқтар өзінің атышулы мәлімдемесінде «Гүлденген Қазақстан» деген сөзді де қосып айтты. Олай болса уақтысында «гүлденген Қазақстанынан» неге суыды? Халық сүйген Елбасының командасынан неге кетті? Түсініксіз.
Өзінің партиядан кету себебі туралы Тоқтар Әубәкіров:
-- "Азат" партиясының стратегиясында қарапайым халықтың жағдайын жақсартып, мемлекетті табысты дамытудың нақты жоспары болған жоқ, - деді.
Тоқтардың оппозициядан кетуін Ақорданың астыртын әрекетімен байланыстыратындар да бар. Кім біледі, ел-жұртты дүр сілкіндірген Жаңаөзендегі оқиғадан кейін билік халықтың бойындағы жалындай бастаған төңкерісшілдік рухты өшіру үшін осындай сценарийді ойластырған болар сірә.
Билікпен қайта ымыраға келердің алдында ғарышкер өзінің әріптестерімен, үзеңгілес серіктерімен ақылдасқан сияқты. «Азат» партиясы тең төрағаларының бірі Жармахан Тұяқбай баспасөзде Тоқтардың осындай мәлімдеме жасайтынынан алдын ала хабардар екенін білдіріп, «Жағдай солай болды. Мен оның бұл шешімін түсіністікпен қараймын» депті. Кейбір саясаттанушылар «Тоқтар батыр, бірақ нашар саясаткер еді. Ол ақыры адасып жүріп, өзінің орнын тапты. Оған бұдан басқа жол қалған жоқ» дейді. «Адасқандар ұлдардың қайта оралуы» мұнымен тоқтамауы да мүмкін. Кейінгі кездері Жармақан Тұяқбай туралы да алып-қашты әңгімелер көп. Елбасының кеңесшісі Ертісбаев айтқандай, оның жүзінен өкініш, сөзінен ауыр күрсініс байқалады. Күні ертең ол да Тоқтар сияқты оппозициямен ат-құйрығын кесісіп, билікке кетпесе де саясат сахнасынан ізім-қайым жоғалуы мүмкін. Шатаяқтап тұрған оппозиция бұдан кейін есін жия ала ма, әлде тоз-тозы шыға ма, оны уақыт көрсетер.
1988 жылы тәжірибелі ұшқыш ретінде жасаған ерліктеріне орай Кеңес Одағының батыры атағын алған Тоқтардың жасы биыл 66-ға толады. Ол 1991 жылдың 2 қазанында ғарышқа ұшып, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, сонымен бірге Кеңес Одағының 72-ші ғарышкері ретінде тарихқа енді. «Халық қаһарманы» атағын алды. 1992 жылдан бастап Қорғаныс министрінің 1-орынбасары, Ұлттық аэроғарыштық агенттігінің бас директоры – Ғылым және жаңа технология министрінің орынбасары, Жоғарғы Кеңестің депутаты – Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болды. 1996 жылдан Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі,2001 жылы Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланған.
Зейнеткерлік жастан асып кетсе де әлі тың Тоқтар Әубәкіровтың «президенттің командасында болғым келеді» деген мәлімдемесін сан-саққа жорыған кейбір сарапшылар, оның жуық арада тәп-тәуір қызметтің құлағын ұстап қалуы мүмкін дейді. Кім білсін?..Бірақ халқы сүйген батырды қызметке қызығып осындай қамға барды деуге қимайсың-ау, қимайсың...
Мұрағаттан, 13.05.2011 ж