Қазақстан президенті Тоқаевтың Өзбекстанға сапаары әлі жалғасып жатыр. Бұл Тоқаевтың президент ретінде шет елге жасаған алғашқы мемлекеттік сапары. Кездесуде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев мұны ерекше атап өтті.
«Қазақстанмен достық қарым-қатынасты, тату көршілікті нығайту - Өзбекстанның сыртқы саясатының басым бағыты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екеуміз екі ел арасындағы қарым-қатынастардың берік іргетасын қалап, өзара байланысты жаңа деңгейге көтере алдық», - деді өзбек президенті.
Ал Қасым-Жомарт Тоқаев:
-Тұңғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мықты әрі үйлесімді екіжақты қатынастарды қалыптастыруға зор үлес қосты. Сіздер де екі мемлекеттің көшбасшылары ретінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықты биік деңгейге көтердіңіздер, - деді.
Кездесу барысында Мирзияев пен Тоқаев екі ел арасындағы тауар айналымын көбейтуді, іскерлік байланыстырды тереңдетуді мақсат тұтқан бірқатар маңызды жиындар өткізді.
Тоқаев та, Мирзияев та Тәуелсіз мемлекеттердің екінші президенттері саналады. Бірақ ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға қарағанда, Мирзияев кездесу барысында Назарбаевтың еңбегін атап өтіп, Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовты аузына да алмаған сияқты.