«Темір» ханшайымдар

Screenshot_13.jpg

Ел басқарған әйелдердің ерекшелігі неде? 

Бүгінде тендерлік саясат пен гендерлік саясат күн тәртібіндегі қызу пікірталас тудырып жүрген тақырыптар болып тұр. Елдің есептеуінше оңай олжаның өзі, теңге сауудың көзі саналатын тендерлік саясат түсінікті. Ал  гендерлік саясаттың отын қоздатып, әйелдердің еркектермен тең дәрежеде құқығы мен құзырын күшейтуді айқайлап айтып жүргендер билік жүйесіне өзге елдердегідей өзгеріс енгізгісі келетіндері қаншалықты ақылға қонады? Қазақ халқының ежелден қалыптасқан, атадан балаға жалғасып келе жатқан жазылмаған заңдылықтары, еркек пен әйелдің қоғамдағы, ең әуелі отбасындағы ролін айқындап берген ұлтық ерекшелігіміз сонда не болмақшы? Әрине, мұндай мәселе өз алдына арнайы тоқталатын тақырып. Бұл жолы тарихқа үңіліп, өзге елдердегі биліктің бишігін ұстау сыбағасына бұйырған әйелдер туралы мәртебелі оқырманға мағлұмат беруді жөн санадық. 

   Әйелдер осыдан шамамен 3500 жыл бұрын-ақ билікке араласуды бастап қойған екен. Әріден қозғасақ, біздің дәуірімізден 1500 жыл бұрын  тарихта Клеопатра болып танылған Хатшепсут атты әйел фараон атанып,  Мысыр елін  ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған. Беріден айтсақ, Аргентина, Ұлыбритания, Германия,  Индия, Норвегия, Канада, Швейцария,  Португалия, Жаңа Зеландия мемлекеттеріне әйелдер басшылық жасаған. Соңғы жылдары президенттік лауазым пешесіне жазылған әйелдер саны артпаса азаяр емес. Ал 18-ғасырда көршілес Ресей мемлекетін  бес патшайым басқарыпты.  

Көпшілік арасында қалыптасқан пікір бойынша ислам дінін ұстанған мемлекеттерде әйелдің билік басына келуі ешбір қисынға келмейтін құбылыс. Солай бола тұра зерттеушілер ислам тарихында 20 шақты әйелдің мемлекет басқарғанына нақты дәлел келтіреді. Мұсылман мемлекетін ең  алғаш басқарған әйел басшы – Дели түркі мұсылман мемлекетінің сұлтаны Разия-хатун. 1232 жылы Илтутмуш сұлтан ақылдылығы мен әділдігі үшін қызын өзінің мұрагері ретінде жариялады. 1236 жылы Илтутмуш кенет дүние салған соң елде билік үшін талас басталып, Разияның ағасы  Рукн ад-Дин марқұм әкесінің әміріне қарсы шықты. Өзі сұлтан болды.   Алайда Разия хатун бұған көнбей,ағасынан тақты тартып алды.  Тарихта «Разият ад-Дуния уа-д-Дин», яғни «әлем мен діннің сүйіктісі» деген  атаққа ие болған Разия сұлтан ислам тарихында айрықша із қалдырған адам. Иран жерінде орналасқан Фарс мемлекетін Әбіш хатун дейтін әйел 22 жыл басқарыпты. Мәскеуден небәрі 250 шақырым қашықтықта тіршілік кешкен Қасым хандығына 1679-1681 жылдар аралығында Фатима Сұлтан-Бегімнің әмірі жүргені орыс тарихшыларының жазбаларында сақталған.  

20-ғасырда мұсылман әйел-басшылардың  ізбасарлары ретінде Түркияның экс премьер-министрі Тансу Чилер мен Пәкістанның экс-президенті Беназир Бхуттоны және 200 миллионнан астам халқы бар Индонезияны ұршықша иіріп басқарған Мегавати Сукарнопутриді атауға болады. Енді әйел басшылардың бірқатарының өмірбаянына қысқаша тоқталайық.  

Беназир Бхутто. Пәкістандық мұсылман әйелдердің өміріне тосын өзгеріс енгізген адам. Мұсылман-шииттердің отбасында өскенімен  католиктердің мектебінде, кейіннен Гарвард пен Оксфордта тәлім алды. Беназирдің әкесі Зульфикар Али Бхутто Пәкістанның президенті, премьер-министрі қызметін атқарған ақсүйек болатын. 1977 жылы Батыс Еуропадан туған еліне оралған Беназир саяси карьера жасауға кірісе бастады. Алайда, көп ұзамай Пәкістанда мемлекеттік төңкеріс орнап, жаңа әскери жүйе премьер-министр мен оның қызын түрмеге қамады. Билікке тізгінін қолына алған  Зия уль-хақ 1979 жылы Зульфикар Али Бхуттоны ату жазасына кесті. Беназирдың өзі 1984 жылға дейін үйқамақта отырып,артынан шетелге қоныс аударды.  Әскери жүйені құрған Зия уль-Хақ кенет авиакатастрофада  мерт болған соң Беназир еліне оралды. 1988 жылы парламенттік сайлауда бағын сынаған Бхутто жеңіскен жетіп, Пәкістанның премьер-министрі қызметіне жайғасты. Беназирдің күйеуі қаржы министрлігін басқарды. Жаңа Үкімет бірталай табыстарға жетіп, әсіресе Индиямен арадағы қарым-қатынастарын түзей алғанымен сыбайлас жемқорлық бұрын-соңды болмаған деңгейде өсті. Шетелдік инвестициялардың он пайызын талап ететін әдеті үшін Беназирдің күйеуін жұрт «он пайыз мырза» деп атай бастады. Ақыры 1990 жылы Бхуттоның министрлер кабинеті отставкаға кетті. 1994 жылғы сайлауда Беназир тағы да жеңіске жетіп, премьерлік қызметке қайта кірісті. Бұл жолы да жаңа Үкімет жемісті жұмыс істей алды. Пәкістанның экономикасы үлкен қарқынмен дамып, Беназир халықаралық деңгейде айрықша беделге ие болды. Алайда, оның саяси карьерасына тағы да елді жайлаған жемқорлықтың кесірі тиіп, 1997 жылғы сайлауда Беназирдің партиясы күйрей жеңілді. Пәкістаннан кетуге мәжбүр болған Бхутто көп жылын шетелде өткізіп, ақыры 2007 жылы Отанына қайта оралды. Пәкістанда экс-премьердің жаулары  көп еді. Беназирге қарсы екі рет қастандық жасалды. Террорлық әрекеттердің бірінде 150-ге жуық адам мерт болып, 500-ден астамы жарақат алды. Сол жылы желтоқсан айында қаза тапты. 

Маргарет Тэтчер. Маргарет қарапайым ғана отбасыдан шықты. Әкесі кішігірім дүкеннің иесі, жоғары білімі жоқ адам еді. Ал қызы Маргарэт Ұлыбританияны ұзақ басқарған  саясаткер, дүниежүзілік аренада ықпалды әйел атана білді. Әкесінің «топтың соңынан ерме, олар сенің соңыңнан ерсін» деген қағидасын бұлжытпай орындап, жүздеген саясаткерлердің ішінен топ жарды.  1979 жылдан 1990 жылға дейін Ұлыбританияның премьер-министрі қызметін  атқарды. «Темір ханшайым» атанған Тэтчер көптеген күрделі реформаларды қолға алды. Бұл қоғамда үлкен қарсылық туғызып, оны сынамаған басылымдар қалмады. Алайда, Тэтчердің әу бастан көздегені – кенже қалған кәсіпкерлікті дамытып, қоғамда жылдар бойы қалыптасқан масылдықты жою болатын. Осы қадамдардың дұрыстығы тек бірнеше жылдан соң біліне бастады. Саясат алаңында талай қарсыластарын тізе бүктірген Тэтчердің және бір жеңісі – Рейган мен Горбачевті достастыруы болды. «Темір ханшайымның» дәнекерлігімен екі алпауыт мемлекеттің арасында тығыз қарым-қатынас орнады.   

Сиривамо Бандаранаике. Тарихта премьер-министр қызметін атқарған тұңғыш әйел. Елдегі саяси талас-тартыстың салдарынан 1959 жылы күйеуі қастандықпен өлтірілгеннен кейін Сиривамоның өзі үлкен саясатқа араласты. Көптеген қиындықтарға тап болып, қысым да көрді. Премьерлікке дейін қаржы министрі, қорғаныс министрі және сыртқы істер министрі қызметтерін абыроймен атқарды. Цейлон мемлекетінің атын Шри-Ланкаға өзгертіп, Ұлыбританияға деген тәуелділікті жоюы теңдесі жоқ ерлік еді. Сиривамодан соң Шри-Ланканы оның қызы басқарды.  

Корасон Акино.  Көп жылдар бойы Филиппинде диктаторлық билігін жүргізген  Фердинанд Маркос 1986 жылғы  президент сайлауында жеңімпаз ретінде жарияланғанымен оппозициялық күштер сайлау қорытындысымен келіспей, ереуіл ұйымдастырды. Билік оларға қарсы оқ атып, күшпен басуға әрекеттенді. Алайда, әскерилердің оппозицияны қолдауымен ақыры Фердинанд тағынан тайып оппозицияның көрнекті өкілі Корасон Акино билік басына келді. Бес баланың анасы елді басқару ісіне белсене кірісті. Оппозиционер күйеуінің бірнеше жыл түрмеге қамалып, кейіннен өлтірілуі Акиноны саясатпен шұғылдануға итермелеген болатын. Акино елді басқарған 6 жыл ішінде Филиппины мемлекетінің халықаралық беделін нығайта алды. Әсіресе, елден американдық әскери базалардың шығарылуы геосаяси тұрғыда үлкен жеңіс болды.  Азия құрлығындағы тұңғыш әйел президент Акино 2009 жылы 77 жасында көз жұмды. 

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg


 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: