Досыбай Шерімқұлов: «Кәсіподақтар әр ұйымға бөлінгеннен ештеңе ұтпайды»

Screenshot_6.jpg

Партияның жетегінде жүрді дегенімізбен, кещегі кеңес заманында кәсіподақтар ұйымы ықпалды, әлеуметтік мәселелерін шеше алатын, қолында жұмысшы құқығын қорғаудың нақты тетіктері бар әлеуетті ұйым болды. Ал, бүгінгі кәсіподақтың алға қойған міндеттері қандай? Ол  бұл міндеттерді шешуге қаншалықты қауқарлы? Біз осыған орай облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Досыбай Шерімқұловпен сұхбаттасқан едік.

--Досыбай Айтбайұлы, кеше мен бүгінді салыстырып қарар болсаңыз, кәсіподақтың жұмысында көп өзгеріс бар. Ең бастысы, оған деген көзқарастың да бұрынғыдай еместігін жасыруға болмас. «Кәсіподақта қазір құзырет жоқ» деген пікірлер көп айтылады. Бұған сіз не айтасыз?

--Кеңес заманында кәсіподақтың жұмысына көп көңіл бөлінгені рас. Әлеуметтік сақтандыру қоры деген болатын. Азаматтың жұмысқа жарамсыз кезінде төленетін ақысы, жүкті әйелдерге берілетін жәрдемақылар, демалыс орындарына жолдамаларға арнап қазынадан бөлінетін қаражаттардың барлығы кәсіподақтың иелігінде еді. Ол кезде  облыста кәсіподақ мүшелерінің саны 700 мыңнан асатын. Қазіргі заманда өзіңіз білесіз, кәсіподақ қоғамдық ұйым ретінде тіршілік етіп жатыр. Заң бойынша мемлекет қоғамдық ұйымдардың жұмысына араласпайды. Бірақ мақсат сол бұрынғысынша, жұмысшылардың әлеуметтік, құқықтық, еңбек қатынастарындағы мүдделерін қорғау. Облыста қазір 13 салалық кәсіподақ бірлестіктері бар. Олардың 180 мыңға жуық мүшелері бар.

--Тәртіптік кеңестің мүшесісіз. Осы кеңесте Ордабасы ауданында қысқартуға ұшыраған мүгедек азаматтың мәселесі қаралды. Оның жанайқайы біздің газетімізде де жарияланды. Қарап отырсаңыз, қысқартудың құрығына ілініп жатқандардың арасында көпбалалы аналар, мүгедектер де кездесіп жатыр.  Басына қиын жағдай түскен осындай жұмысшының мүддесін, құқығын кәсіподақ қаншалықты қорғап жатыр? 

--Әрине, өзінің құқығының бұзылғанына шағымданып жүрген азаматтар бізге де келіп тұрады. Біз оларға заң шеңберінде көмек көрсетеміз. Осымен айналасынатын заңгерлеріміз бар. Өтініш жазған азаматтарға жауап береміз. Міндетті түрде.  Өзіңіз айтып отырған Ордабасы ауданы Бөген ауылдық әкімшілігінде істеп жүріп, қысқартуға ұшыраған мүгедек азамат бізге де шағымданған. Оның айтуынша, төрт баласы бар. Әйелі де мүгедек. «Мен кез-келген жұмыс істеуге намыстанбас едім. Бірақ оған мүгедектігім мүмкіндік бермей тұр» деді. Оған басқа жұмыс тауып берілді. Облыс әкімі барлық аудан-қалаларда қысқарту жөніндегі комиссиялардың құрамына кәсіподақ мүшелерін кіргізу жөнінде тапсырманы тиісті азаматтарға менің көзімше берді. 

--Былтыр есіңізде болса, мектептердегі бухгалтериялар орталықтандырылып, көптеген есепшілер жұмыссыз қалды. Кәсіподақ осыған қаншалықты қолдау бере алды?

-- Мектептердегі бухгалтериялардың орталықтандырылуы республика бойынша қолға алынған шара. Біз мемлекеттік саясатқа қарсы шығып, негісіз айқай-шу шығарудан аулақпыз. Жұмысшының қысқартуға ұшырауы барлық жерде болатын жағдай. 

--Кезінде кәсіподақтың меншігінде көптеген демалыс орындары болатын. Дәл бүгінгі күні олардың саны қанша?

--Облыста кәсіподақтың меншігінде «Манкент» шипажайы ғана бар. Бұрын Сарыағаштағы демалыс орны да бізге қарайтын. Тоқсаныншы жылдардағы қиыншылық кезінде республикалық кәсіподақтар федерациясына қарасты демалыс орындарының көпшілігі коммуналдық меншікке өтті. Себебі оларды ұстап тұру мүмкін болмады. «Манкенттің» де жағдай ауыр еді. Оны не сату керек, не инвестор тауып жұмысын дұрыс жолға қою керек болды. Тиімді шарт ұсынбасаң, әрине инвесторлар келмейді ғой. Сондықтан шипажайдың біраз пайыз акциялары солардың меншігіне өткен. Қазір «Манкенттің» 60 пайыздан астамы кәсіподақта, қалғаны жекелеген азаматардың қолында. 

--Әрбір кәсіподақ мүшесі ай сайын  жалақасының 1 пайызын кәсіподаққа аударып отырады. Ал, жиылған қаржының бір бөлігі облысқа, ал облысқа түскен қаржының бір бөлігі республикалық кәсіподаққа жіберіледі. Оның есеп-қисабын есебін кім жүргізеді? Мұны айтып отырған себебіміз, қайбір жылы Сарыағаш ауданындағы медицина қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы өз алдарына енші алып, «қаржыны ешқайда аудармаймыз, 100 пайыз өзімізде қалсын» деген талап жасағаны есімізде. Аудандық кәсіподақ ұйымдарының мұндай талап қоюы қаншалықты заңды? 

--Кәсіподаққа мүше болу әркімнің өз құқы. Қоғамдық ұйым болған соң бізге қазынадан ақша қарастырылмаған. Кіріс көзі тек жарна. Кәсіподақтың облыстық, республикалық ұйымдарындағы қызметкерлердің жалақысы, басқа да шығындары осы жарна арқылы төленеді. Жұмысшының құқығын сотта қорғау да шығынды қажет етеді. Сондықтан аудандардағы кәсіподақ ұйымдарымен арадағы келісімге сәйкес жиылған жарнаның бір бөлігі жоғарыда тұрған ұйымдарға аударылып отырады. Оның көлемі де келісіммен белгіленеді. Әрбір кәсіподақ мүшесі қаржы аударып отырған соң оның есебін төрағадан талап етуі тиіс. Тексеру комиссиялары белсенді жұмыс істеуі керек. Сонда өкпе-реніш болмайды.     

 Сарыағашта болған оқиға есімде. Әрине бөлінеміз десе, біз заң шеңберінде ештеңе істей алмаймыз. Менің бұл жерде айтарым, 50 жұмысшыдан гөрі, 500 жұмысшының даусы, талабы күштірек. «Жалғыздың үні шықпас» деген бар емес пе?! Бір саладағы кәсіп иелерінің бір кәсіподақ бірлестігінде болғаны дұрыс. Біріккен жағдайда олар жұмыс берушілерге талабын орындата алады. Бөлінгеннен ештеңе шықпайды. 

Oinet.kz мұрағатынан

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: