- Қазақ тілінде сөйлеуге қарағанда орысшаға бейімдеусіз. Мұндайлар алдымен орысша ойлап, артынан қазақшаға аударады дейтін. Сіз ше?
- Мен де солай. Кішкентайымнан орыс тілінде сөйлеп өскендіктен болар, сөйлегенде орысша ойлап, кейін қазақшаға аударамын. Әзірге... Бәрібір қаным қазақ. Соңғы жылдары ана тілімде сөйлеуге көп көңіл бөле бастағаннан кәсіпкер ретінде де, облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де жиындарда қазақша еркін сөйлеуге төселіп, біртіндеп бұл әдеттен арылып келемін.
- Бала-шағаңыздың қай тілге құрметі басымдау. Жасырмай ашығына айтсаңыз.
- Елге мәлім жайтты сендерден жасырып қайтем? Бұрмалап айтсам ертең-ақ «ұрлығым» ашылып, газеттен оқыған ел бетіме баспай ма? Үлкен ұлым Баймырза әуелі осы облыс орталығындағы жекменшік «Төржан» мектебінде, одан кейін мақтаулы №8 мектепте орысша оқыған. Онымен орысша сөйлесемін. Жасы 18-де. Ал екінші ұлым Дінмұхамед қазақшаға судай. Ол қайта керісінше бізге үнемі «қазақша сөйлеңдер» деп ескертіп жүреді. Тіпті қазақ тілінен олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атанып жүр. Кенже ұлым жуырда бір жасқа толды.
- Үлкен ұлыңызды орысша оқытуыңызға не себеп болды?
- Шынымды айтсам, тәуелсіздік туы жаңадан тігілген тоқсаныншы жылдары бұл мәселеге бас ауыртатындай мүмкіндігім болмады. Жарық, жылу мен газ тапшылығы туындаған қиын кезеңде кәсіпкерлікке бет бұрғандықтан есіл-дертім соған ауып, «Мереке» дүкенін, «Сапар» қонақ үйін, одан да басқа бірқатар нысандарды ашу ісімен әлек болып жүре беріппін. Ал үйде балаға ұлты орыс тәрбиеші қарайтындықтан Баймырза орысша сөйлесіп өскен. Қиналмасын деп орыс мектебіне беруді ұйғардық.
- Әдетте қазақы тәрбиені көрген бала бауырмал келеді ғой. Үлкеніңіздің орысша, екінші ұлыңыздың қазақша оқығандықтан мінез айырмашылықтарын байқайсыз ба?
- Жалпы, менің негізгі мамандығым- педагог, әкем де педагог. Кезінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істедім. Сондықтан айтарым, адамның мейірімді, бауырмал болуы қай тілде тәрбиеленгеннен бұрын ең әуелі тәрбиеге қатысты атқарылған тірлікке байланысты деп білемін. Баланың аты бала ғой, «ананы әпер, мынаны әпер» деп жатады. Дегенмен, тым еркелетпеуге тырысамын. Мәселен, бірге ойын-сауық орталықтары мен дүкендерді аралағанда бір ойыншықтан артық әпермеймін. Әйтпесе, дүнием жетпейді емес, жетеді ғой.
«Басқаларда «Джип», менің балам «Волгамен»...
- Бизнесменнің балалары мектепке қымбат көлікпен баратынын жиі естиміз. Бұл «дәстүрден» сіздің балаларыңыз да шет қалмайтын шығар.
- Тіпті де олай емес. «Бизнесмен Қайрат Сапарбаевтың балалары қымбат көліктерден түспейді» дегенді естідіңіздер ме? Мәселен, Баймырза «Төржанда» оқығанда мектептің арнайы автобусы тасымалдайтын. Бірнеше рет автобусқа үлгере алмай сабағынан кешікті. Ондайда өзім мінетін қызметтік көлігім -«Волга» апарып салады. Бірде ұлым келіп «папа, мен бұдан былай мектепке автобуспен барамын» дейді. Себебін сұрасам, «сыныптастарымның көбісі «Джиппен» мектепке келеді. «Волга» мінгенім үшін барлығы маған күледі» деп жауап берді. «Айналайын, өзің оқып, табыс тапқан соң «Джип» аласың ба, жоқ «Мерседес» мінесің бе, ол жағын өзің білесің. Ал дәл қазір саған «Волгадан» артық көлік бере алмаймын» деп турасын айттым. Баймырзаның өз мінезі бар, ол автобуспен жүре беретінін айтты. Жалпы, көшеде арнайы кортежбен, «мигалкамен» жүретін жігіттерді танимын. Өзім жалғыз жүре беремін, көлік жүргізушім де, оққағарым да жоқ. Шымкентте елден бұлайша бөлектеніп жүрген ұят. Мысалы, журналист мамандығы қауіп-қатері аз болмағанмен сендер де оққағарсыз емін-еркін жүрсіңдер ғой. Сендер ешкімнен қорықпасаңдар мен неден, кімнен қорқуым керек?
- Балаларыңыз өскенде қай салада жүргенін қалайсыз?
- Олар мамандықтарын өздері таңдау керек. Үлкен ұлымның таңдауы қазір қонақ үйді басқару ісі мамандығына түсіп отыр. Оған не айтам, жүрек қалауы білсін.
- Перзенттеріңізді шетелде оқыту ойыңызда жоқ па?
- Бұл енді өздеріне байланысты. Үлкен ұлым «Америкадағы Гарвард университетінде оқимын» деп алдына мақсат қойып жүр. Бірақ ол үшін емтиханды өте жоғары деңгейде тапсыруы қажет екені белгілі. Шетелдегі тәртіп сондай, байлығыңа, дәулетіңе ешкім қарамайды. Тіпті миллиардер Билл Гейтстің баласы болсаң да емтиханнан сүрінсең оқуға қабылданбайсың. Оны балам жақсы біледі. Қолынан келсе оқысын. Сынақтан өтпесе келіп Шымкентте білім алсын.
- Ұлдарыңыздың есімдерін кім қойды?
- Баймырзаның есімін әкем таңдады. Кезінде Баймырза деген атамыз соғысқа аттанып, қаза тапқан. Ортаншы ұлымның атын Дінмұхамед деп нағашы апасы қойды. Ал кенжемнің есімін таңдауға екі ұлым да қатысты. Екеуі өзара кеңесіп, «Баймырзадан «бай», Дінмұхамедтен «мұхамед» алынсын» деп ұсыныс айтқан соң Баймұхамед деген есім еншісіне бұйырды. Сол кезде Біріккен Араб Әмірліктерінен шейх жолдасым хабарласып, одан сүйінші сұрадым. Осы мемлекеттің негізін қалаушы шейх Заидтың құрметіне «ұлыңның аты Заид болсын» деген тілек айтты. Оның өтінішін жерде қалдыра алмағандықтан, кенжемнің толық есімі Баймұхамедзаид болды.
-Балалы үйді базарға бағалаған халықпыз ғой. Ұл-қыздың санын көбейту жағы жоспарлануда ма, әлде?..
- Құдай қаласа. Бұл жөнінде жұбайыма айтып жүрмін. Құдай қосқан қосағым Динара үшінші ұлымды 41 жасында туды. Енді маған бір қыз сыйласа деген арманым бар. Кейде әзілдеп, «маған қыз туып бермесең екінші әйел аламын, бұған шариғатта рұқсат берілген» деймін
«Дастарханымызға айына 90 мың теңге»
- Қалжыңсыз, бай-манаптардың бірқатары расында да екі-үш әйел алмай тынбайды ғой. Екінші әйел аламын десеңіз жұбайыңыз көне ме?
- Білмеймін, оны өзінен сұраңыз (тағы күлді). Жалпы, мен әйеліме ризамын. Жұмысыма ешқашан араласпайды, килікпейді. Арамызда ешқандай жанжал, түсініспеушілік болмаған. Бизнесте жүрген 20 жыл ішінде шамамен 40 шақты пәтер сыйға тарттым. Кімге қандай үй, көлік алып беріп жатырмын, онда шаруасы жоқ.
- Сыйға тартқан пәтерді негізінен ағайын-туысыңызға әперетін шығарсыз?
- Ағайын мен жолдастарымнан гөрі туыстығы жоқ, қарапайым азаматтарға көбірек пәтер сыйға тартқанмын. Ауылдан келетіндердің көбісі жылдар бойы баспанасыз жүреді. Соларға қолымнан келгенше жәрдем беруге тырыстым. Мысалы, «Сапар» қонақ үйінің құрылысында Төрехан деген жігіт жұмыс істеді. 7 бала-шағасымен құрқылтайдың ұясындай пәтерді жалдап тұрды. Оның жағдайын көрген соң «Сапар» қонақ үйінің құрылысы біткен бойда саған 5 бөлмелі пәтер әперемін» дедім. Сөзімде тұрдым. Әйтпесе оның маған туыстығы жоқ. Сол сияқты тағы да бірнеше қарапайым құрылысшы жігіттерге жәрдем бердім. Жалпы, менің көп уақытым құрылыста өтті. Сонда жұмысшылармен араласып, жағдайын сұрастыратынмын. Бір жағынан алғанда, ол кезде пәтердің бағасы қазіргідей емес, арзандау еді ғой.
- Қазір солармен қарым-қатынасыңыз қандай?
- Біразы басқа салаға ауысып кетті. Көбісінің жағдайы жақсарған. Бірақ, қай жерде кездесе қалсақ маған сый-құрметтерін көрсетіп қалбалақтап жатқандары. Мен соған ризамын.
- Соңғы рет пәтерді қашан сыйға тарттыңыз?
- Былтырдың өзінде үш отбасыға көмектестім. Бірақ бұрынғыдай бірден сатып алып емес, ипотекалық несиенің 30 пайыз жарнасын өтеуге жәрдемдестім. Мұны не үшін істеп жүрмін? Кезінде әкеме жағдайы жақсы азаматтар жәрдемдесті. Оның да жалғыз чемоданмен жүрген күндері болған. Демек, жағдайым келіп тұрса мен неге көмектеспеймін? Бір қолмен табыс алсаң, екінші қолыңмен беруің керек.
- Өзіңіз қайда тұрасыз?
-Осы облыс орталығындағы Түркістан көшесінің бойында үйім бар. Бірақ өзім көбінесе «Махамбет» бизнес орталығындағы қонақүйде тұрамын.
- Отбасыңызбен бірге ме?
- Жоқ, отбасым Алматыда. Сіз ойлағандай бірнеше қабатты коттеджде емес, пәтерде тұрады. Жер үйде тұру үшін оған күттіммен қарау керек. Әкемнің үйінің жанында менің де екі қабатты үйім бар. Бірақ онда бармаймын. Бәлкім, зейнеткерлікке шыққанда сонда барып орнығармын.
- Жұбайыңыз не істейді?
- Ол әсемдік салонының басқарушысы. Айлық табысы 300-400 мың теңге шамасында. Одан ақшаны сұрамаймын да, тапқан табысы қайда жұмсалатынын тексермеймін де. Оның үстіне, әйел әлемі үшін ең қажеттісі- әсемдік салонының қызметтері тегін. Бұдан басқа не керек? Дегенмен, кей-кейде менен ақша сұрап тұратынын да жоққа шығармаймын. (Күліп алды).
- Отбасыңыздың бір айлық бюджеті қандай?
- Мен өте үнемшіл адаммын. Айталық, дастарханға күніне үш мың теңге жұмсаймыз. Санай беріңіз, айына 90 мың теңге. Бұл жеткілікті.
- Бұл тек дастраханыңызға қойылатын дәм-тұздың шығыны. Ал өзіңіз қайда киінесіз, базардан ба, әлде сауда үйлерінен бе? Әйеліңіз азық-түлікке базарға жұмсаса барасыз ба?
- Базарға бармағанмын, бармаймын да. Ол менің бизнесмен болғанымнан байланысты емес, қарапайым мұғалім болып жұмыс істесем де базарға бармас едім. Бұл шаруаны әлдеқашан жұбайыма жүктегенмін. Жалпы, қазір бөлекшелеу киім киіп кімді таңқалдырасың? Екінің бірі «Пьер Карден» костюмын киіп алған. Байқаған шығарсыз, үстімдегі киімім аса қымбат емес. Джинсы мен жемпір - күнделікті киімім осы. Әрине, үлкен әрі жауапты жиындарға жақсы костюм, қымбат аяқ киіммен барамын. Негізі, киімнің қымбаттылығында тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы – ол таза болуы керек. Адам өзіне күтіммен қарау керек.
- Отбасыңызда қанша ағайындысыздар?
- Отбасымызда бес бала болып өстік. Екі әпкем бар, Дильбара – Шымкентте, Гүлнар Алматыда тұрады. Ұлдардың арасындағы үлкені мен. Менен кейінгі Мирлан он жыл бұрын қайтыс болды. Арамыздағы ең кішісі - Нұрлан. Қазір «Афросиаб», «Инду», «Сноб» және балық тағамдары мейрамханаларының иесі. Жалпы, біздің отбасымызда бұрыннан қалыптасқан жақсы дәстүр бар. Диплом алғанша көмек көрсетіліп, ең қажетті нәрселер – баспана мен көлік мәселесі шешілуіне қол ұшын созамыз. Арғы жағын өзінің талабына, талпынысына, істің көзін білуіне қарай бағынан көреді. Інім Нұрлан да осындай сынақтан өтіп тірлігінің тасын өрге домалатқан азамат.
«99 рет беріп, 100-ші рет ақша бермесең жаман атанасың»
- Ағайындарыңыз сізден ақша сұрамайды ма?
- Жоқ, ақша сұрамайды. Кеңес сұрап келетіндер көп, бірақ қаржылай жәрдем ешкімге бермеймін. Оларды осыған үйреткенмін. Әкемнің де қағидасы осындай. Маған қазірге дейін ұрсады. Міне, бүгін де азанда телефон соғып, «түс болды ғой, әлі ұйықтап жатсың. Неге жұмыс істемейсің?» деп ұрысты (күлді).
- Туысқандарыңызбен қарым-қатынасыңыз қаншалықты?
- Барлығымен жақын араласамыз. Той-томалақта қуанышын, өлім-жітімде қайғысын бірге бөлісеміз. Бірақ ешкімді жеке бизнесіме тартқаным жоқ. Мені ешкім еркелетпеген. Ең жаман нәрсе - еркелік. Біреуді еркелетсең, ертең өзіңнің басыңа проблема әкеледі. Аллаға шүкір, туысқандарымның барлығы жақсы. Мардан көкемнің ұлы Марат қазір университеттің ректоры. Інім Нұрланның өз бизнесі бар. Әке-шешем өзімен-өзі.
- Ағайындарыңызбен арада кикілжіңдер мен жанжалдар болып тұра ма?
- Жанжал қандай кезде болады? Сен біреуге 99 рет ақша беріп, 100-ші рет бермей қойсаң, ең жаман адам атанасың. Жанжал сол жерде туындайды. Ал менде ешкіммен жанжал болған емес. Мұндайға мені әкем үйретті. Жоғары оқу орнын бітіргенімде ол маған «Қайрат, әке-шешеңнің қолында тұра бермей, өз еншіңді алып шық» деді. Онысына алғашқыда ренжідім. Бірақ кейін дұрыстығына көзім жетті. Қазір әкемнің жасы 76-да, соған қарамастан әлі де еңбектеніп жүр. Ең үлкен бақыт - бала-шағаңның аяғынан тұрып кеткеніне куә болу. Ешкім сен үшін өмір сүрмейді. Осыны ұлдарыма түсіндіруге тырысамын.
- Туысқандарыңызбен арадағы қарым-қатынасыңыз жайлы сұрақ қойып, жанжалдың бар-жоғын тәптіштеп сұрап жатуымыздың себебі бар...
- Түсіндім. Интернетте мен жайлы жазылған дүниелерді меңзеп отырсыз ғой. Елдің назарында жүрген ер азамат болған соң мұндайға дайын болуың тиіс. Бұл өмір. Көреалмаушылар, сенімен келіспейтіндер жетіп артылады. Талай әкім келіп, кетті оңтүстікке. Барлығына қатысты пікірімді ашық білдіріп отырдым. Осыдан екі-үш жыл бұрын облыс әкімі Әшімовпен көзқарасымыз үйлеспей өзара келіспеушіліктер туындағанда әке-шешемнен бастап өзімді, әйелімді балағаттаған хаттар ғаламторды шарлап кетті. Оны Әшімов ұйымдастырды ма, жоқ әлде мені жек көретін басқа біреулер жазды ма, ол жағынан хабарсызбын. Мен туралы не жазылмады дейсіз? Бәрінен бұрын көкем Мардан Сапарбаевтың беймәлім өліміне де байланысты мені негіссіз айыптайтындары ауыр тиеді. Мәселе былай. Сталиннің кезінде «анонимщиктер» болған. Аты-жөні белгісіз біреулер жазған домалақ арыздардың кесірінен қазақ ұлтының қаншама қайраткер ұлдары жазықсыз қудалауға түсті, атылды. Сондай «анонимщиктер» қазір де жүр арамызда. Мен оларды жек көремін. Әдетте «анонимщиктер» жауапқа тартылмаған соң ойына келгенін жаза беретіні айтпаса да түсінікті. Бірақ, мен «анонимщик» емеспін. Қашан да ойымды ашық білдіремін, айтқан сөзіме жауап беремін. Бір кездері Президентті де сынағанмын. Тіпті Президентке хат жазатын болсам да соңынан «Қайрат Сапарбаев» деп аты-жөнімді көрсетіп, қолымды қоямын.
Oinet.kz мұрағатынан