Бұқаралық ақпарат құралдары Жақсылық Досқалиев жайлы жарыса шулатып жатыр. Бүгін «Денсаулық министрінің денсаулығы нашар, ес-түсін білмейді» деп, одан ертеңіне «ойбай, денсаулық министрі өтірік ауырып жатыпты, дәрігерлер жалған сөйлепті» деп, бір-бірін жоққа шығарған ақпараттардың астарына көз жүгіртер болсаңыз, шынында Ақорда төңірегіндегі бір алыптардың арасында үлкен «айқастар» жүріп, кезек-кезек итжығыс болып жатқаны рас сияқты. Досқалиев емделіп жатқан Ұлттық ғылыми медициналық орталық директорының орынбасары Әлібек Мұстафиннің бір күн бұрын емін-еркін отырып сұхбат беруі, ертеңіне сүмірейіп отырып, айтқанының бәрін жоққа шығарғанына қарағанда бұл тірлікте соңғы сәтте тізгінді Қаржы полициясының қолға алған тәрізді. Досқалиев «ауру ма, сау ма?» деген мәселеге қатысты қаржы полициясы ұсынған бейнематериалды №2 Сарыарқа аудандық сотының судьясы Галина Былкилова қарап шығып, «Денсаулық жағдайының ауыр көрінісін жасау арқылы материалды сотта обьективті қарауға және істі тергеуге бөгет жасауға әрекеттенген» деген қорытынды жасапты. Сонымен жалған түсініктеме берген дәрігерлерге қылмыстық іс қозғалып, олар 3 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Дәл қазір палата жанынан қайтадан күзет қойылды. Астанадағы №2 Сарыарқа аудандық соты күдіктіні қамауға алу туралы ұсынысты қолдаған. Жақсылық Досқалиевтің үстінен бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалып, қаржы полициясы оған аса ірі көлемде пара алды, Ұлттық медициналық академиясының ректоры кезінде оқу орнына тиесілі жер телімін сатып, сыйға Астанадағы екі пәтер мен Қараөткел поселкесіндегі үйді қабылдағаны, пара ретінде 6 пәтерді иемденді деген ауыр айыптар тағып отыр.
Ақпарат құралдарының жазғанына қарағанда олар бұл істің төркінін алыстан іздейді. Астананың аспанында ашық күнде найзағайдай жарқ етіп, осыған дейін томпиып, жасырынып жатқан «кландардың» көрпесін сыпырып тастаған бұл оқиғаның біз білетін «біссіміләсі» – Бас прокуратурадағы өте құпия басқарманың бастығы Мұсабеков деген азаматтың тұтқындалуынан басталған сияқты. Әйтеуір, бас прокуратурадағы осы бір бассыздықтан кейін ел ішінде алып-қашты сөз көбейіп кетті. Елдің сөзіне сенсек, бір-бірімен «сүзісіп» қалған «кландардың» бір жағы Саудабаев-Қалмырзаев тобы, екінші жағы Аслан Мусин басқаратын топ білем. Президент аппаратының жетекшісі А. Мусин ретін тауып, қаға берісте Қалмырзаевтың «командаласы» еліміздің Білім министрі Жансейіт Түймебаевты қағып түскен. Қалмырзаев та қарап қалмай бір кездері өзі басқарған Қаржы полициясы арқылы Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің қолына кісен салады. Міне, елдің арасындағы гу-гу сөздің мазмұны осындай... Қайсысының аузына қақпақ боларсың... Әрине, бұл сөздің қаншалықты рас-өтірігін бір Құдай біледі, бірақ, Досқалиевтің бұл істегі ақ-қарасын арнайы органдар анықтайтын болады.
Жалпы, Жақсылық Досқалиев дегеніміз кім? Әрине, екеуін де қызметтері арқылы ел жақсы таниды. Жақсылық Досқалиев ең алдымен елге өте білікті хирург, тәжірибелі дәрігер ретінде кеңінен танымал болды. Еліміздің медицина саласында осы уақытқа дейін Шарманов, Ормантаев, Әлиев сынды «дәулердің» өз мектептері болды ғой. Досқалиев соның ішінде Мұхтар Әлиевтің қасында жүрді. Әрине, біздің елде Досқалиевтай қолы алтын хирургтар сирек, бірақ сенімді тірегі болмай, тірсегінен қиылып кетіп жатқандар қаншама?! Сол кездегі Әлиевтің құдіреттілігі болса керек, ол Ақтөбедегі медициналық академияның ректоры қызметінде аз уақыт отырды да, 2001 жылы еліміздің «бас дәрігері» болып шыға келді. Бірақ, Досқалиев мықты дәрігер болғанымен министрлікті басқаруда мықты басшы бола алмай көп ұзамай у-шумен қызметімен қош айтысты.
Министрлік қызметтен кейін Досқалиев Алматыдағы медицина академиясының ректоры, одан «Нұр Отан» партиясының тізімімен Мәжіліске депутат болып сайланды. Міне, осы жерде Мәжіліс төрағасы Аслан Мусинмен жақынырақ байланысқан деген жел сөз бе, жөн сөз бе кім білсін. Мусин Президент әкімшілігінің басшысы болып өте құзыры күшті қызметтің құлағын ұстады. Ал Мәжілістегі әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы қызметін атқарған Ж. Досқалиев Денсаулық сақтау министрлігіне екінші мәрте басшы болып келді. Бұл жолы шынын айту керек, Ж. Досқалиев министрлікке мықты дәрігер боп ғана емес, әбден ысылған, тәжірибе жинақтаған сақа басшы ретінде оралды. Бірақ, оның ақыры осылай болды...
Енді Білім және ғылым министрі болған Жансейіт Түймебаев туралы да тілге тиек ете кетейік. Ол ел көзіне Президенттің шеф-протоколы қызметінде жүрген кезде жиі түсе бастады. Одан Мәскеуге елші болып кетті. Ол жақтан елге Білім министрі болып оралды. Неге екенін қайдам, білім саласына келген басшылардың бәрі реформа жасауға құмар. Бұл әрине, заман талабы шығар, бірақ ол реформалардың кейбірі елдің көңілінен шықпай жататыны бар. Министрлер келеді, кетеді... Ал, білім саласының мәселесі сол күйі қордаланып қала берді. Түймебаевтың кезінде 12 жылдық білім беру мәселесі біраз дау болды. Бұл іске қаншама қаржы құйылып еді, бірақ соңы сұйылып кетті. Сосын тағы бір айтары, Түймебаевтың тұсында білім саласын интерактив тақталар жауып кетті. Тіпті мектептердің материалдық базасының мықтылығы осы интерактивті тақталармен өлшене бастады. Тіпті ел президенті осы тақта арқылы оқушы-мұғалімдермен жүздесіп, облыстың бір мектебіне бара қалса, міндетті түрде әлгі озық үлгілі жабдықты көруі тиіс болып кетті. Енді Түймебаевтің бұл ісін кейінгі министр жалғастыра ма, жоқ па, ол жағын уақыт көрсетеді. Дәл қазір Түймебаев туралы түйірдей ақпарат жоқ. Қайда жүр, қандай қызметке барды, жоқ, үйінде бүк түсіп жатыр ма, ол жағы туралы ақпарат тым тапшы.
Әңгіменің бәрі Жақсылық Досқалиевтің басындағы жағдайдан туындап отыр ғой. Әрине, қолмен істегенді мойынмен көтеру қажет. Бірақ, осыдан 4-5 жыл бұрын болған істі қаржы полициясы неге енді қозғап отыр? Қаржы полициясы таратқан мәліметке қарағанда Досқалиевке тағылған айыптардың бәрі 2006 жылы орын алған. Сонда одан бері қаржы полициясы ай қарап отырды ма? Бұл жәйт шынында «кландар» арасында қызу «айқастың» болып жатқанын және бір кездері президент айтқандай біздің елде кез-келген шенеунікті кез-келген сәтте қолынан жетектеп, түрмеге отырғызуға болатынын дәлелдей түскендей ме, қалай өзі... Министр, әкімдер қарапайым халық үшін үлкен басшы, керек болса, тұлға, ал, біреулер үшін жәй ғана пешкі екен ғой.
P.S. Кеше «Азаттық» радиосында ҚР Президентінің Іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаевтың миына қан кетіп, инсультпен ауруханаға түскені туралы мәлімет жарияланды. Бірақ, бұл ақпаратты Қалмырзаевтың көмекшісі жоққа шығарыпты. «Қалмырзаев аман-сау. Қазақстанда. Жұмысқа шықпай қалғаны рас» деп жауап беріпті Қалмырзаевтың көмекшісі Болат Сұлтанбаев. Әрине, бұл ақпарат рас па, жоқ па, ол жағы белгісіз, бірақ, осыдан қарама-қарсы жақтың да қол қусырып отырмағанын байқайсыз. Ендігі жүріс кімдікі?
Оinet.kz мұрағатынан