«Ауруханалар жұмысының берекесі қашып, науқастар дәрісіз жатыр»

NewsPrev.jpeg

 

 

«Ауруханалар жұмысының берекесі қашып, науқастар дәрісіз жатыр»

Мәжіліс депутаты Сәуірбай Есжанов Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты

     Жыл басынан бастап денсаулық сақтау саласында жаңа жүйе енгізілген болатын. Бүгінде сол бірыңғай ұлттық  жүйе жөнінде пікірлер қайшылығы да жоқ емес. Науқастардың таңдауына мүмкіндік жасау, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етудің оңтайлы да тиімді жолын табу мақсатындағы жүйенің жүзеге асырылуындағы кемшіліктер туралы жоғары мінберлерде де мәселе көтеріле бастады. «Нұр Отан» партиясының атынан оңтүстіктен Мәжіліс депутаттығына екі дүркін сайланып елдің аманатын орындауда адалдық танытып жүрген жерлесіміз Сәуірбай Есжановтың Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке жолдаған депутаттық сауалы денсаулық саласындағы жаңа жүйеге қатысты көптің көкейінде жүрген өзекті мәселелерге арналған.  Депутат сауалында Үкімет басшысынан денсаулық сақтау саласын жетілдіру үшін Бірыңғай ұлттық жүйені жөндеу-түзетуге тапсырма беруін сұраныпты. Халық қалаулысы, сайлаушыларының ризашылығына бөленген маңызды мәселе көтерген Сәуірбай Есжановтың сауалы қызу қоғамдық пікір туғызып жатқандықтан оқырмандар назарына ықшамдалған нұсқасын ұсынып отырмыз.

 

Жаңа жүйе енгізілгеннен бастап еліміздің азаматтары бірқатар проблемаларға тап болды. Денсаулық сақтау министрлігі халыққа «... емделушілерге дәрігерді және медициналық мекемені таңдау еркін қамтамасыз етуді» уәде еткен болатын. Ал, іс жүзінде қалай болды? Тұрғындар таңдаған емханалар қызмет көрсету міндетін алғанымен, үйге шақыру (азамат аталмыш емхананың қызмет көрсету аумағынан тыс жерде тұратындықтан, ал бұл мақсатқа қосымша көлік және медициналық қызметкердің штаттық бірлігі бөлінбегендіктен) жүзеге асырылмайтынын және азаматтар жеңілдікпен (тегін немесе 50 пайыз арзандатылған) берілетін дәрі-дәрмектерді емхана аумақтық қағидаттар бойынша ұсынатындықтан ала алмайтындарын ескертеді. Әрине, бұл тұрғындардың негізді наразылығын тудырып отыр. Сондай-ақ, аталмыш емхананың дәрігерлері өз тұрғындарын бекітуге мүдделі емес, өйткені, расында да қаланың басқа аудандарынан бекітілген емделушілерді айтпағанда өз әкімшілік аумағындағы тұрғындарға үйіне барып қызмет көрсетуге үлгермейді. Сонымен қатар, дәрігер өз бөлімшесіне қарамайтын науқастың үйіне барып қызмет көрсете алмаса, ондай жағдайда аурудың асқынуы, я болмаса ауыр жағдай туындаса жауапкершілік аталмыш науқас бекітілген дәрігерге жүктеледі. Өйткені, басқаша жәйт ешқандай нормативтік құжаттарда қаралмаған. Нәтижесінде, іс жүзінде, өз аумағынан тыс жердегі емханаға бекітілгісі келетіндерді дәрігер райынан қайтаруға тырысады немесе бекіткенімен үйіне барып қызмет көрсетпейтінін ескертеді. Я болмаса, емхананың толықтығын айтып, бекітуден бас тартады.

Бірыңғай ұлттық  денсаулықсақтау жүйесін жүзеге асыруда емделуші жатып ем алуға кез келген стационарды таңдай алады және ол стационарға науқасты емдеуге кеткен шығын өтеледі деп жорамалданған болатын. Олай болмай тұр. Стационарды таңдау еркі туралы айтуға да тұрмайды, науқастар сол күні-ақ жатып емделуге мүмкіндік алғанына қуанады. Өйткені көпшілігіне ауруханаға жату үшін 10 күнге дейін кезекте тұруына тура келеді. Жаңа жүйені дайындау кезінде науқасқа өз ауданындағы орталық ауруханада орын болмаған жағдайда дәл сондай төсек-орын басқа ауданның орталық ауруханасынан, облыс орталығынан, я болмаса басқа облыстағы емдеу орындарынан ұсынылатыны болжанған болатын. Іс жүзінде бірде-бір науқас, мысалы, орынның жоқтығынан бір ауданнан екінші ауданға емделуге бармайды. Өйткені оған және оның отбасына тұрғылықты жерден ем алған ыңғайлы, әрі ол қосымша көлік шығынын қажет етпейді. Ал, басқа облысқа барып, аудандық немесе облыстық  деңгейдегі ауруханаға жатып ем алу туралы айтуға да болмас, өйткені облыстағы медициналық ұйымдардың басшылары науқастың басқа облыста ем алуына мүдделі емес. Себебі, олай болған жағдайда медициналық қызметкерлер сол емделушіге бөлінген қаржыдан қағылады. Онымен тұрмай, ол науқасты басқа облысқа жіберу үшін Астана қаласындағы республикалық госпитализациялау бюросына қоңырау соғу қажет. Ол да оңай шаруа емес.

Медициналық  қызметке нақты шығындар бойынша төлемақы жүргізу үшін денсаулық сақтау Министрлігі жаңа 066у үлгісін дайындады. Бұл үлгі бойынша жұмыс істеу дәрігерлердің көп уақытын алуда. Емделушілердің стационарда емделгені үшін төленетін ақы медико-экономикалық хаттамаға сәйкес (әрбір ауру стационардың деңгейіне байланысты нақты емдеу құнына ие) жүргізіледі. Ем алған әр науқасқа баға емделушінің шығу статистикалық картасы енгізілген соң компьютерлік бағдарламамен қойылады. Аталмыш бағдарламамен жұмыс істеуде ескерілмеген бірнеше жәйттер анықталған: 1) көптеген аурулар стационарлық емдеуге жататын диагноздар тізімінен мүлде алынып тасталған, науқастар бұған наразы; 2) медико-экономикалық хаттамаларды дайындау кезінде қазіргі уақытта қолданылмайтын емдеу тәсілдері және дәрі-дәрмек препараттары негізге алынған; 3) хаттамаларда көптеген қызмет түрлері, бірқатар дәрі-дәрмектер, медициналық бұйымдар ескерілмеген. Аймақтық кеңестерде бұл мәселелер денсаулық сақтау министрлігінің өкілдеріне айтылды, бірақ олардың ешқайсысы тұшымды жауап бере алмады. Олардың барлығы бағдарламаның жетімсіздігін және ұсыныстарды дайындаушыларға жолдау қажеттігін айтады. Компьютерлік бағдарламаның жетілмегендігінің нәтижесінде науқастардың статистикалық картасы төлемге өтпейді, күн сайын бағдарламаны жаңарту келіп түседі, бір карта бірнеше рет толтырылады. Сонымен қатар, нақты емдеу құны бағдарламаға енгізілген бағадан асқан жағдайда медициналық ұйымның артық шығыны төленбейді. Бұл емделушіге дара қарау қағидатына қайшы келеді. Сөйтіп, емдеуші дәрігер робот секілді алдын ала негізделген үлгі бойынша жұмыс істеуге мәжбүр, тіпті нақты бір емделушіге басқа көлемде көмек көрсету қажеттігін біле тұрса да, медициналық ұйым шығын тартатын болғандықтан, оны істеуге құқы жоқ . Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған +(-) 15% төлем дәлізі іс жүзінде тиімсіз. Медициналық ұйым басшылары емделген науқастар үшін алатын қаржы көлемі туралы мүлде хабарсыз. Егер компьютерлік базада берілген емдеу құны бойынша жорамалдасақ, онда біз тек еңбекақыға яғни, емдеу тарифтерінің өте төмендігінен нақты қажеттіліктің жартысына жұмыс істеудеміз. Ал басқа шығындардың (коммуналдық төлемдер, тамақ, дәрі-дәрмек) қалай жабылатыны ешкімге белгісіз.

Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде жыл басынан бері көкейтесті проблемалар қалыптасып отыр. 2009 жылдан Қазақстанда дәрі-дәрмектік препараттар рыногында жалғыз дистрибьютер – «Фармация» СК-ы жұмыс істеп келеді. 2010 жылдан дәрі-дәрмектерді сатып алуға бөлінген қаржының 70 пайызы «Фармация» СК тендеріне бағытталған және оларды жеткізуді осы мекеме жүзеге асыруы тиіс. Іс жүзінде тендер қаңтардың ортасында өтті, медициналық мекемелермен келісімдерге қаңтардың аяғында қол қойылды. Сонымен, жеткізу кестесі ақпан айынан жасалды, алайда бүгінге дейін дәрі-дәрмек жеткізіліп жатқан жоқ. Ауруханалар жұмысының берекесі қашқан, науқастар дәрісіз жатыр. ҚР Үкіметінің №1729 қаулысының 8 тармақ 83 тарауымен медициналық ұйымдарға дара дистрибьютер тізіміне кіретін препараттарды басқа жабдықтаушылардан сатып алуға тыйым салынған болатын. Науқастардың және медициналық ұйым басшылары тарапынан болған көптеген шағымдардан кейін 2010 жылы 4 ақпанда денсаулық сақтау министрлігімен дара дистрибьютердің бағытын басқа жабдықтаушылардан сатып алуға рұқсат етілді, бірақ ҚР ДМ №733 бұйрығымен белгіленген  шектеулі бағамен. Анықтай түселік, шектеулі бағалар өте төмен белгіленген және көптеген жабдықтаушылар көрсетілген баға бойынша дәрі-дәрмек жеткізуден бас тартуда. Яғни, бұл да медициналық мекемелерді дәрі-дәрмекпен үзіліссіз қамтамасыз ету мәселесін шеше алмайды.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: