Премьер-министр Асқар Маминнің өзіне дейінгі премьерлерден бір ерекшелігі қарамағындағыларға талапты өте қатаң қояды, мінезі қатаңдау. Ол келгелі үкімет отырысы бір сағат ерте басталатын болып жүр. Кейбір білгіштердің айтуынша, премьер таңғы сағат төртте тұратын көрінеді. Төсегінен тұрған бойда жаттығулар жасап, осыдан кейін ағылшын мен қытай тілдерін меңгеруге отырады екен.
Маминге алдағы уақытта қазақ тілінен де дәрістер өтіп, қазақша тілін жаттықтыруы керек. Оның қазіргі қазақшасы құлаққа дөрекілеу естіледі. Кейбір дыбыстарды жақсы айта алмайды. Кейбірі түсініксіздеу шығады. Кейбір сөздерінің аяғын жұтып қояды. Маминнің қазақшасы бұрынғы премьер Кәрім Мәсімовтен тәуірлеу шығар, бірақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдан нашарлау. Роман Скляр бүгінгі Үкімет отырысында екі рет баяндама жасады. Біреуін қазақша, біреуін орысша. Қазақшаны қаншалықты меңгергенін қайдам, бірақ мемлекеттік тілде оқыған баяндамасына жақсы деген баға беруге болады.
Роман Скляр Павлодарда туып өскен. Уақтында Павлодар облысы әкімінің орынбасары, үш министрлікте вице-министр, мәжіліс депутаты болған. Жуырда ол жаңа үкіметтің құрамына Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып енді.