Жақсылық Шекеев: «Лауазымды тұлғалар қазір заңға емес алақанға көбірек қарайды»

2dc91f8c40eaeebbd902de6ecadf256a_XL.jpg

Жақсылық Шекеев, жер қатынастары басқармасының бастығының орынбасары:

Кезінде Түркістан, Шымкент қалалары мен Сайрам ауданын басқарған Өмірзақ Әметтің соңынан қашан да даулы мәселелердің шұбатылып еріп жүретініне баршамыз үйреніп те қалдық. «Мұнда  әкім Әмет болған» десе, әйтеуір сол жерден шикілік шығатыны заңдылыққа айналып кеткендей. 

Сол Әметтің осыдан тура 8 жыл бұрын, Түркістанды басқарып тұрған шағында шығарған шешімінің кесірі әлі күнге дейін мазалап отырғанын редакциямызға арнайы келген Сырға Сейтқазиева ашына жеткізді. 90-шы жылдарда  Жаңа Иқан ауыл округінен жер үлестерін алған тұрғындардың арасында Сырға Сейтқазиева мен Толқын Мамадалиев те болған. Баспанасы жоқ Сейтқазиевтер отбасы дала қосын паналап, әлі күнге дейін сонда тұрып жатыр. 2001 жылы Түркістан қаласының әкімі Өмірзақ Әмет бұл жер иелену құқығын  арнайы шешімімен  бекітіп те берді. 

Алайда, Шымкент-Түркістан трассасының бойындағы шұрайлы жерге әлдекімдер көз тігіпті. Араға бір жыл уақыт салып, Әметтің өзі үлескерлердің меншігіндегі 4 гектар жерді Кенжеева деген азаматшаға 10 жыл мерзімге пайдалануға беру жайлы шешім шығарады. Әметтің мықтылығын қараңызшы, 3,5  гектар жер  үшін жылдық  төлемақысын бар-жоғы  26 теңге ретінде белгілеп (сонда әр гектарға 6 теңгеден түседі), осы арқылы  мемлекеттік бюджетке қаржы түсіруге «қомақты үлесін қосты». Тағы бірнеше жылдан кейін Кенжеева өз құқығын растау үшін мемлекеттік актісін де жасатып алды. «Яссы» шаруа қожалығынан аталмыш жерде орналасқан бидай қамбасын сатып алып, соның негізінде жер телімі  де менікі деп шыққан көрінеді.  Көп ұзамай Сейтқазиева мен Мамадалиевті жер телімінен  қуғындай бастайды. 

- Кенжеева сотқа қайта-қайта  арызданды, - деп мұңын шағады Сырға Сейтқазиева. - Сот оның талаптарын қатарынан екі рет қанағаттандырған жоқ. Себебі, ұсынған құжаттарының барлығы күмәнді, заңсыз. Алайда, сотқа қайта-қайта арызданған  Кенжеева ақыры өз пайдасына шешім шығартқызды. Қаңтардың 13-ші жұлдызында шыққан соттың шешімі бойынша біздің құқығымыз заңсыз деп танылып, мүлікті заңдастыру кезінде алған құжаттарымызды теріске шығарды. 

- Осыдан бірнеше жыл бұрын мен Мұхаммед Кенжеев деген Түркістан қаласының тұрғынына жер телімімді уақытша пайдалануға бергенмін, -  дейді жер үлесінің иесі Толкин Мамадалиев. - Алайда, ол мені алдап, сыртымнан  жерінен бас тартты деп шешім шығартып жіберген. Тіпті мемлекеттік актісін де алып қойып, өз әйелінің атына рәсімдеп үлгерген. Өзіме тиесілі 3,48 гектар жерді өкіметке қайтарамын деп, ешкімге арыз жазған емеспін.

 Сейтқазиева мен Мамадалиев түрлі органдарға арызданғанымен, көпке дейін нәтиже болған жоқ. Облыстық жер қатынастары басқармасы тексеру жүргізіп, талай шикіліктің бетін ашты. 

- Біздің тарапымыздан жүргізілген зерттеулер барысында Мамадалиев жер учаскесінен бас тартпағандығын, оны Кенжееваға бермегендігін көрсетсе, Түркістан қаласы әкімінің 2001 жылғы 9 сәуірде шығарылған шешімінің күші жойылмағаны анықталды. Осыны біле тұра басқа шешім шығарып, жерді өзгелерге беріп жіберу – барып тұрған заңсыздық, -  деп түсіндірді бізге облыстық жер қатынастары басқармасы бастығының орынбасары Жақсылық  Шекеев. 

Құжаттарының заңсыздығына пысқырып та қарамаған Кенжеева осы жылдар ішінде мал қорасын салып та үлгергені былай тұрсын, Сейтқазиевтер отбасына доқ көрсете бастаған.  Жер қатынастары басқармасы жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде анықталғандай, Кенжеевтердің әлгі сатып алдық деп жүрген  бидай қамбасы «Яссы» шаруа қожалынығың меншігі болмай шықты. Оның үстіне, сатып алу туралы келісім-шарт жылжымайтын мүлікті тіркеу мекемесінде мүлдем тіркелмегені де белгілі болды. Сондай-ақ, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары С.Төрежановтың хатында «дау туындаған жер учаскесінде мал қорасын салуға қала әкімінің рұқсат берген қаулысы, Кенжеева Клараның жер учаскесін беру туралы өтініші жоқ» деп көрсетілген. Осыған қарамастан сот Кенжееваның пайдасына шешім қабылдап жіберуден жасқанбады. 

- Біздегі жинақталған құжаттар Сейтқазиева мен Мамадалиевтің құқығын бұзып, Кенжееваның жерді заңсыз алған, аудан әкімі жерді заңсыз берген, заңсыз құрылыс салынған дегенге сайып тұр. Алайда мықты лауазымдылар қазір заңға емес, алақанға көбірек қарайды-ау. Кімнің алақаны көңіліне жағады, солай шешім шығарып береді. Әйтпесе, сол Сейтқазиеваның басқа барар жері, басар тауы  жоқ. Өзі бала-шағасымен дала қосын паналап отыр.  Дала қосының  не екенін мақта тергендер жақсы біледі. Дамыған 50 елдің қатарына кіргіміз келеді екен, ол үшін заңдылықты сақтап үйренуіміз қажет. Құқықтық мемлекетте заңбұзушылыққа жол бергендер жауапкершілікке тартылуы тиіс,-дейді  облыстық жер қатынастары басқармасы бастығының орынбасары Жақсылық Шекеев. 

: Бізге жеткен мәліметтерге жүгінсек, қазір прокуратура соттың шешімін бұзу туралы ұсыныс дайындап отыр. Ендігі жерде сот қандай шешім шығарады екен? Кім үстемдік құрады? Заң ба әлде... 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: