Қайрат ЕРАЛИЕВ: Ырымға емес Аллаға ғана сенемін

59aadd289f9ff.jpg               

 Оңтүстікқазақстандықтар ғана емес, тұтас еліміз болып мақтан тұтса жарасатын жерлесіміз, талантты   боксшы Қайрат Ералиев таяуда Алматыда өткен Әлем чемпионатында  Қазақстан құрамасының қоржынын  қола жүлдемен толықтырып, толағай табысқа қол жеткізді.   Әлемнің әр қиырынан жампоздар жиналған байрақты бәсекеде  мұндай дүбірлі додаға алғаш рет қатысқанына қарамастан жүлдегерлер қатарына қосылуы ел ерекше сүйсінген ерлік болды. Ел намысын сарапқа салған аса жауапты жарыстан олжалы оралған Қайратпен кездесіп,сыр бөлісудің сәті түскен еді.

- Қайрат, ел мерейін өсірген жеңісің құтты болсын! Спорттың алуан түрлері арасынан  бокспен шұғылдануға қалай аңсарың ауып жүр?

- 2000 жылы Сиднейде өткен  Олимпиада ойындарында еліміздің  намысын қорғаған Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимовтердің жекпе-жектері менің боксқа деген қызығушылығымды оятты. Олардың  жеңіс тұғырынан көрініп, көк байрағымыздың әнұранмен бірге көкке желбіреген сәті маған қатты әсер етті. Сөйтіп туып-өскен жерім Сайрам ауданы аумағындағы «Бадам-1» ауылында спорт секциясына ағаммен бірге барып  жүрдім.  Бала болған соң таңсық дүниенің бәрі сен үшін қызық болып, бәрін байқап көруге аңсарың ауып тұрады емес пе? Осындай әуестікпен бокспен шұғылдануды 12 жасымда бастадым. Кішігірім жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтадым.  Мені боксқа баулыған  алғашқы ұстазым марқұм Абай Қаратаев еді.  Одан кейін бапкер Данияр Абдуллаевтың қолында біраз шыңдалдық. Есейе келе 2008 жылы еліміздің мықты бапкерлерінің бірі  Мырзағали Айтжановтан тағлым-тәрбие алып келемін.  Ол жаттығу барысында тактикалық тәсілдерді ғана үйретіп қоймай, адамға психологиялық жағынан да жәрдем беруге тырысады. Соңғы өткен әлем біріншілігінде біздің боксшылардың өз еліміздегі шаршы алаңда  ерлік жасауымыз керектігін айтып, жігерліндірген сөзі намысымызды қайрады, қанат бітірді. 

- Әлем чемпионатында еліміздің қоржынына алғашқы қола медальді сен салдың. Қарсыластарыңның бірі кубалық атақты боксшы, Олимпиада ойынының жеңімпазы кубалық Робейси Рамиресті ойланбай тізе бүктірдің. Алайда ақтыс айқас алдында  әзірбайжандық Жавид Чалабиевті жеңуіңе не кедергі болды деп ойлайсың? 

- Кубалық боксшы қолды-аяққа тұрмайтын өте шапшаң  әрі сауатты қорғана біледі екен. Егер мен жекпе-жек барысында жайбасарлық танытқанымда, ауыр соққыларды алуым мүмкін еді. Сол себепті оған өз тактикасына  сәйкес ұрыс  салып, аяқпен жақсы жұмыс істедім. Ал кезекті қарсыласым  Әзірбайжан боксшысын  алғашқы раундта ұтқан болатынмын. Екінші раундта да шеберлігі мықты  боксшыға ұтыла қоймадым.  Екінші раунд аяқталғанда бапкерім «осы бетіңнен тайма, сен жеңіп келесің» деп сенімділікпен айтқан еді. Берілген кеңес бойынша үшінші раундта көп күш жұмсамай бір қалыпты бокстасып шықтым. Ешқандай есе жібермей, қарсыласымның соққысына дұрыс жауап қайтарып отырдым. Шынымды айтсам, жекпе-жек аяқталған соң жеңіске жеткеніме сенімді болып тұрған едім. Жалғыз мен емес бапкер, көрермендер де солай ойлаған. Алайда, шаршы алаңдағы төреші Чалабиевтің қолын көтерді. Есеп 1:2 болып, қарсыластың пайдасына шешілді. Төрешілердің неге олай жасағандарын білмедім. Әйтпесе, мен де әзірбайжандықты ұтуға толық мүмкіндіктер болды. Төрешілердің ойына,  шешіміне біз қарсылық білдіре алмаймыз. Кейде өзімді жұбатып,  әзірбайжандық боксшы менен ширақтау болған шығар деп қоямын. Әрине, ол  осал боксшылардың қатарынан емес. Төрешілердің әділетсіздігіне мен ғана емес, сол чемпионатта өнер көрсеткен  боксшымыз Ілияс Сүлейменов те ұшырады. Ілияс жап-жақсы шеберлік танытып, қарсыласынан басым түсіп келе жатқан болатын. Нәтижесінде қарсыласының бағы жанып кетті.

- Жұмыр жердің  спортшылары жұдырық түйістірген бұл жолғы сайыстың ерекшелігі шлемсіз өтті. Бұл боксшыларға ауыр тиген жоқ па?

- Жарыстың шлемсіз өткенінен қазақ боксшыларының  ұтқан тұстары көп болды. Өйткені  біздің елде бұған дейін мұндай ережемен бірнеше жарыстар өтті. Еліміздің спортышылары басқаларға қарағанда бұл сыннан алғашқы рет өтіп тұрған жоқ, тәжірибе жинақтап қалған. Ойын барысында шлем кимегеннің тиімді  және тиімсіз тұстары да болады. Біріншіден баста қорғаныш болмаған соң жарақаттар көп болады. Сол себепті рингте аздап сескеніп жүретінің рас. Ал тиімді жағы  қарсыласқа соққыны дөп тигізуге мүмкіндік мол.  

- Рингке шығар алдында қандай да бір ырымдарды жасайсың ба? Жалпы ырымдарға сенесің бе?

- Ырымға емес Аллаға ғана сенемін. Жарыстың алдында міндетті түрде Жаратқанға сыйынып, дұғаларымды айтамын. Көбінше жаттығу кезінде жігерлендіретін қазақтың әуендерін тыңдауды әдетке айналдырғанмын.   

- Мықты боксшы ретінде кімді мойындайсың?

- Қазақтың атын әлемге мәшһүр еткен Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимов, Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Генадий Головкиндерді мойындаймын. Жалғыз мен емес аталған саңлақтарымызды бүкіл қазақ жұрты мойындап, мақтан тұтатын шығар. Олардың қазақ боксына сіңірген еңбектері мол.  

- Бокстан өзге спортпен шұғылданасың ба?

 - Бала кезімнен футболға қатты  қызыққанмын. Сүйікті ісіммен айналысуға кезінде мүмкіндігім болмады. Қазір бос уақытымда достарыммен алаңда доп тебетінім бар.

- Алдағы уақытта бокстан қол үзіп, басқа кәсіппен айналысу ойыңда бар ма?

- Қандай жағдай болмасын бокстан кетпеуге барымды салам. Қанша жыл тер төгіп, еткен еңбегімді бір сәтте ұмытып, тастап кете алмаймын. Желтоқсан айында федерация кубогы басталады. Қазір сол сайысқа қызу дайындалып жүрмін. Әлі талай  әлемнің үлкен жарыстарында еліміздің намысын қорғағым келеді. Кейінірек жас шәкірттерге білгенімді үйретіп, жаттықтырушы болуды жоспарлап отырмын. 

- Сұхбатыңа рахмет. Еңбегің жана берсін!

Мұрағаттан: 21.11.2013


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Қазақ боксшысы өзбекстандық қарсыласын нокаутқа жіберді
  • Головкин бұрынғы бапкері жөнінде өз пікірін білдірді
  • Франц Беккенбауэр. Алаңдағы абыз
  • Головкин 8 маусымда өтетін жекпе-жекте қанша гонорар алады?
  • Головкиннің 8 маусымда кіммен жұдырықтасатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: