Индира Расылхан мен Ерлан Орынбасаров «тест тапсырды»

Screenshot_14.jpg      

 Өткен аптада еліміздің барлық мектептерінде соңғы қоңырау сыңғырлап, түлектер алтын ұяларымен қош айтысты. Алда оларды он бір жыл бойы  алған білімдерін дәлелдеп, бір-бір мамандықтың иесі атану үшін мемлекеттің тастай бекітіп қойған ережесі бойынша ҰБТ тапсыру белесі тұр. 2-15 маусым аралығында өтетін биылғы ҰБТ-ның нәтижелі, нәтижесіз немесе шикіліктерін талдауды Білім және ғылым министрлігіне қалдырайық.  

         Ал бізге қызығы қазақ эстрадасының шамын жағып жүрген әншілердің қандай оқушы болғандығы. Оларда бір кездері әліппе мен көбейту кестесін жаттаған оқушы болды емес пе?  Көк сандықтан жиі көрінетін олар қазір мектеп қабырғасында өткен жылдарын сағына еске алатын болар. Ал емтихан не тест тапсыратын аудиторияға демдерін терең ішіне тартып, жүректері дүрсілдеп  кірген сәттері естерінде ма екен?! Оны өздерінен сұрап көрейік.

15754483_big.jpg

          «Жетінші сыныптан кейін қарапайым орта мектептен Қаратау қаласындағы физика, математиканы тереңдетіп оқытатын лицейге ауыстым. Шынымды айтсам есеп-қисапқа ынтам жоқ. Бақылау кезінде алдыңғы қатарда отырған қыздардан есептің жауабын сұрап, шамамның келгенінше үштік алмауға тырысатынмын. Есесіне қазақ тілі және әдебиет пәндерін сүйіп оқыдым. Солай бола тұра әлгі лицейге қалай түсіп кеткенімді білмеймін. Онда екі жыл оқып, тоғызыншы сыныптан кейін колледжге түсуге шешім қабылдап, емтиханға қызу дайындалғанымды әлі ұмытқан жоқпын. Біздің заманымызда қазіргідей ҰБТ тапсыру деген болмаған. Әр түлек таңдаған мамандығына байланысты жоғары оқу орнына барып емтихан тапсыратын. Осы дәстүрмен менде жұрт қатарлы емтихан тапсырып, одан сәтті өттім. Бірақ кейіннен математиканың маған түкке де қажеті болмай қалды. Себебі музыка саласына ауысып кеттім»,- дейді әнші Индира Расылхан. Бірнеше жылға кері шегініп, мектеп формасындағы оқушы Индираны үлкен толқыныспен әңгімелеген әнші бүгінде  өзі көк галстукты  мектеп оқушыларын үйде тәрбиелеп отыр. Заманына аздап өкпесін айтқан Индира XXI ғасыр оқушыларының жолдары болған дейді. «Қазіргі таңдағы білім беру жүйесі бұрынғыдан өзгеше. Себебі біздің уақытымызда барлық емтиханға ауызша жауап беретінбіз. Оның сұрақтарының жауаптары мүлдем берілмейтін. Әр сұрақтың жауабына бір күн дайындалдық қой. Ұстаздарда қатал болды. Сондықтан  әр оқушы өз біліміне сай әділ бағасын алатын. Колледжге емтихан тапсырған кезімде шпаргалка дегенді мүлдем қолданбаппын. Сол кездегі тәртіптің, заңның қаталдығынан шығар. Ал қазір бәрінің сұрағына жауабы дайын. Тек барлығын жаттап алса болғаны. Ал сол жаттап алған жауабы туралы кеңірек әңгімелеп бер десең, қағаздағы бір-екі сөзден басқасын айта алмайды»,- дейді. Индира ханым, мұндай өкпе-назыңызды халыққа емес, тестті ресми түрде заңға бекіткен Қырымбек Көшербаев мырзаға айтсаңыз жарасып кетеді. Жә, тесттің жағдайына тоқталамай-ақ қояйықшы. Айтпақшы ақ қайыңға сырын айтып, ғажайып түстер көріп жүрген әншінің биыл мектеп бітіргеніне 20 жыл толыпты. 

               Ал мектепті 2008 жылы бітірген жас әнші Ерлан Орынбасаров Тараз қаласындағы Өмірбек Жолдасбеков атындағы №50 қазақ орта мектебінің түлегі. Тестті «Алматы Технология университетіне» барып тапсырған ол сынақтан сүрінбепті. Шешуші сәттің алдында Алланың жердегі үйі мешітке барып Тәңірден дұға тілеген көрінеді. Мектепті қызыл аттестатқа бітіргенмін деп бір марқайып қалған Ерлан тест барысында шпаргалка қолданғанын жасырмады. «Шпаргалканы қолданбаған студент студент емес деп есептеймін. Себебі шпаргалканы жаза отырып білімгер барлық тақырыпты бір есіне түсіріп шығады әрі біраз еңбектенеді. Шпаргалканы жазған студент сол пәнге толық дайындалған деген сөз»,  - дейді ағынан жарылған әнші.  Инженер мамандығын алып шыққан Ерлан мектеп қабырғасындағы әсіресе, оқушылармен ауланы тазартып, ағаштардың түбін ақтаған сәттерді сағынады екен. Оны сол сәтте тазалық пен экологияға үлес қосқанынына қуанған екен десем, оңбай қателесіппін. Сабақ оқудан шаршаған бала аулаға таза ауа жұтып, құрдастарымен күліп-ойнауға асыққан екен.                       

         Мектеп бағдарламасын еске түсіру үшін қос жұлдызға төмендегі сұрақтарды қойған едік. 

1. Қазақ хандығы қай жылы құрылды?

2. Қазақ тілінде неше септік бар?

3. Пифагор теоремасының анықтамасы?

            5-7 сыныпқа арналған сұрақтардың алғашқысынан сүрінген Индира ханым Қазақ хандығының құрылуын  бері ысырып, 18-19 ғасырға әкеліп бір-ақ тіреді. Әйтсе де екінші сұраққа мүдірмей жауап беріп, жеті септікті рет-ретімен атап берді. Есеп-қисапқа ынтасының жоқтығын жоғарыда атап өткен ол үшінші сұрақтың жауабын есіне түсіре алмады. Ал қызыл аттестаттың иегері Ерлан Орынбасаров дата, жыл, цифларды есте сақтауым қиын деген сылтаумен алғашқы сұрағымызға жауап бермесе де, жеті септіктен және  Пифагордан жығыла қоймады.        

           Қазақ сахнасында өзіндік орындары қалыптасып келе жатқан Индира Расылхан  мен Ерлан Орынбасаровтың мектеп қабырғасындағы жылдары осылай өтіпті. Оларға оқушының сұрақтарын қойып, біраз қинағанымыз үшін бізге ренжи қоймас. 

Мұрағаттан: 29.05.2014


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Индира Расылхан мен Ерлан Орынбасаров «тест тапсырды»
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: