Жазушы Бейбіт Сарыбайдың әңгімелері

Screenshot_4.jpg

Бейбіт Сарыбай,жазушы: 


«Шегебай бар ма?»

Үйде отырғанбыз. Сыртқы есік ашылды. «Сәлеметсіздер ме?» деген дауыс естілді. Әйелдің даусы. Егер даусына қарап адам тануға болатын болса, мынауың өңді келіншек. Сәлемін алып үлгертпестен: «Шегебай осы үйде тұра ма?» деді дүңк еткізіп. Менің есім шығып кетті... Есің шықпағанда ше, үйіңнің есігін қағып, әкеңді әйел адам іздеп кеп тұрса. Және «Шегебай осында тұра ма?" деп өктем сөйлесе. Папамның не ойлағанын кім білсін, менікі ғарыштық жылдамдықпен кетті. Ой жылдам деген рас, ә. 

Арғы бөлмеден әйелім Бану шығып «Иә, осы үйде тұрады. Кіріңіз, мына бөлмеде» деді. Әлгі әйел «Кеше «скорый» шақырыпсыздар ғой, бүгін баланың жағдайын білуге келдім» дегенде барып, «уһ» дедім. Қызым Айбаршынды қарауға келген 6-участоктың кезекші дәрігері екен. Бұлар сөйтеді. Емделушіні фамилиясымен айтады. «Айбаршын» дей салса нелері кетер еді, адамның есін шығармай. 

Бірден бір қызық оқиға есіме түсті. Бану мен Айбаршын екеуі ауруханада жатқан. Папам (Шегебай) екеуміз жағдайын білуге барғанбыз. Төртеуміз далада біраз отырдық. Бір кезде дәрігер терезеден басын шығарды да: «Шегебай, болды ішке кір, дала суық» деді. Папам отырған жерінде «шок» болды... «ова», «ева» деген жаман, бірақ мынау да сәл «не удобна» екен. Сондықтан Бауыржан бабамыздың жолымен ұлы, қызы дегенді жалғауымыз керек-ау. Қалай ойлайсыздар?


«Мачо» еді ғой, жарықтық»

Құрметті жамағат, бәленшекеңнің жаназа намазына жиналған жамағат сапқа тұрыңыздар. Бәленше Түгенше ұлы 93 жасқа қараған шағында бұ дүниеден о дүниеге рақлат етті. 13 жасын балиғатқа шығарып тастағанда 80 жыл ғұмыр кешкен. Оның 40 жылы еңбекпен, 20 жылы зейнетпен өтті. Оның сыртында 5 жылы «агентте», тағы 5 жылы «фейсбукта» өтіпті. 40 жылы бойында ватсапта бопты. Осы жылдар аралығында артық айтқан жерлері болса кешіресіздер ме?

- Кешіреміз.

- Жақсы адам ба еді?

- Жақсы адамыңыз не молдеке, «он вабще та супер» болған.

...Осы кезде қазан жақта жүрген бір келіншек көзінің жасын сығып алып: «Мачо» еді ғой, жарықтық» деп күбірлеп жіберіпті.



«Шекараның сыртында жылап тұр»

Үкіметте үлкен жиналыс өтіп жатыр екен.

- Сөмкеге бақа салған кім? Қожа! Сабақтан қалған кім? Қожа! Сұлтан қойшының елтірісін ұрлағанда қасында болған кім? Қожа! Миллиардтарды ұрлап шетелге қашып кеткен кім? Храпунов, Әлиев, Әблязов. Онда неге біз ылғи Қожаны кінәлауға дайын тұрамыз. Сендер күлесіңдер. Олар (Храпунов, Әлиев, Әблязов) әне шекараның сыртында жылап тұр. Ішке кіре алмай. Олар соншалық жаман адам емес. Олардың тұзы жеңіл, олар просто жемқор. Бұл күлкі емес қой.


«Қалыңмалдың» арзан кезінде...

Кешкі серуен барысында қызым екеуміз дүкенге кіргенбіз. Қызым «алып бер» деген соң, бір «Албени» шоколадын алып бердім. Қазір 100 теңге тұрады екен. Қызым қағазын аршып жеп жатқанда баяғы балалық шағым есіме түсіп кетсе керек, қарап тұрып қаптым. Менің қарағанымды басқаша түсінген қызым: «Папа, өзің де біреуін алып жесеңші» деді. Сасқанымнан: «Жей бер, мен баяғыда 25 теңге тұратын кезінде тойып жеп алғам» дептім. Ендігі айтпағым, алдағы уақытта спирттік өнімдер мен темекілер 93 пайызға қымбаттайды деп жатыр. Сонда көрші «патсанчиктер» темекі берсе «өздерің шеге беріңдер, мен 2000 теңге тұратын кезінде тойып шегіп алғам» деп, сыра берсе, «өздерің іше беріңдер, мен былтыр 300 теңге тұратын кезінде тойып ішіп алғам» деп тұратын шығармыз, сірә. Бәрін қойшы, «қалыңмалдың» 80 мың теңге кезінде әйел алып алғанымыз қандай жақсы болған.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Есей Жеңісұлы: «Сетка»
  • Құрдастар қалжыңы
  • Жазушы Бейбіт Сарыбайдың әңгімелері
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: