200 литрден басталған кәсіп
Тамақ өнеркәсібі ауданның тұрақты экономикалық дамуында аса маңызды орын алады. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі өңдеу өнеркәсібінің ең қарқынды дамып отырған секторы болып табылады. Осыны ескерген Сайрам ауданының әкімдігі тамақ өнеркәсібін дамыту мақсатында жүйелі жұмыстар атқаруда.
Ауданда «Хан» сауда маркалы кәсіпорыны еліміздің барлық жеріне сүт өнімдерін экспорттайды. Зауыттың негізгі қызметі - жартылай қатты ірімшік «Кашар» өндіру.
Шараванов Камалиддин Нематжанұлы Түркістан облысының Сайрам ауданына қарасты Ақбұлақ ауылында туып-өскен. 1999 жылы Селжук университетінің экономика және әкімшілік ғылымдар факультетіне түсіп, 2004 жылы бітірді. Кейін Шымкент "Мирас"университетінде қаржы саласында екінші жоғары білім алды.
Камалиддиннің 2005 жылы Түркиядан туған ауылы Ақбұлаққа келіп жеке кәсібін бастайды. Жас кәсіпкер бизнесін бастау үшін несие алмай, Анталияға барып, инвесторлармен кездесіп, келісімге келген.
Кәсіп ашу үшін бастапқыда 475 мың доллар кеткен. Оның 200 мыңың несиеге, 138 мың долларды туыстарынан алып, қалғанын Түркиядан келген серіктесі төлейді. Қажетті құрал-жабдықтарды да серіктесі көтерген. Камалиддин Түркиядан технолог шақырып, 2007 жылы бизнесін бастайды. Егер қазір зауыт күніне 20 тонна сүт қабылдайтын болса, әуелде ол 200 литрден басталған. Кейіннен серіктесі бұл кәсіптен кетіп, Камалиддин кәсібін жалғыз жалғастыруға мәжбүр қалады. Кәсіпкердің айтуынша ол бұл жағдайда өзінің мақсаттылығының, тұрақтылығының арқасында жеткен.
Ол сүт сатып алу көлемін ұлғайту туралы шешім қабылдап, қосымша қаражат алу мақсатында Халық банкіне жүгінеді (ол бұрын Казкоммерцбанкпен жұмыс істеген), сол жерде кәсіпкерге «Даму-Өндіріс» бағдарламасы бойынша несие алу ұсынылады. Бағдарлама өңдеу өнеркәсібінің компанияларына негізгі құралдарды сатып алуға және айналым капиталын толықтыруға қаражат алуға мүмкіндік береді. Камалиддиннің айтуынша, бағдарламаның шарттары өте қиын, бірақ пайыздық мөлшерлеме небәрі 6 пайызды құрайды.
Кәсіпкер алынған қаражаттың барлығы сүт сатып алу көлемін ұлғайтуға, яғни фермерлерге жұмсалғанын айтты.
Бүгінде компанияда 50-ге жуық адам жұмыс істейді, сондай-ақ зауытта 15 түрлі өнім өндіріледі. Сүт тез бұзылатын өнім болғандықтан, қызметкерлердің әрқайсысы жеке оқытылады.
Зауыт тек жоғары сапалы табиғи сүт қабылдайды. Алынған сүт дереу зертханаға жіберіледі, онда май, қышқылдық және су құрамы тексеріледі. Одан әрі пастеризация жүреді, содан кейін процесс сүттен жасалынатын өнімге байланысты жүреді: ірімшік, айран, сүзбе немесе т.б. Кәсіпорынға «Агробизнес 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында жыл сайын сары май мен ірімшікке субсидия бөлінеді. Аталған мекеме Түркістан аймағын ғана емес, еліміздің бірқатар өңірлерін сүт, айран, ірімшік, творог, құрт секілді түрлі сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Қиындықтар мен жиі кездесетін бәсекелестікке қарамастан, Камалиддин «қазақстандықтарды табиғи өнімге отырғызуға» ниетті. Қазір компания өндірістік аймақта участке сатып алды. Ендігі мақсат сатып алынған аймаққа жылыжайлар салып, сүт өндіретін және тамақ өндіретін шағын зауыттар ашқысы келеді.
Айта кетейік, ауданда өнеркәсіп саласында 41,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 108,7 пайызды құрады. Өндірілген өнімнің 32,8 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібінде өндірілген. Шағын кәсіпкерлікте 20 147 белсенді субъектілерімен 115,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтер көрсетілген. Былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,5 есеге артқан. Ағымдағы жылдың 9 айында "Бизнестің жол картасы 2025" / "Ұлттық жобаның" 2-ші бағыты аясында 55 кәсіпкерге 5,8 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Ал, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 155 мемлекеттік грант берілді (жоспар 130 адам).
Ауданға 9 айдың қорытындысымен 51,0 миллиард теңге инвестиция тартылды. Тартылған инвестицияның 38,6 миллиард теңгесі жеке инвестиция. Аудан бюджетінің өзіндік кірістері артуда. Ағымдағы жылға өзіндік кірістер жоспары 11,2 миллиард теңгені құрады. Шағын кәсіпкерлік нысандарына түгендеу жұмыстарын жүргізу, мүлікті қайта бағалау және басқада атқарылған іс шаралардың нәтижесінде 3 жылда өзіндік кірістер көлемі 5,5 миллиард теңгеге, яғни 2 есеге ұлғайып отыр. Өз кезегінде кірістердің ұлғаюы ауданның әрі қарай дамуына септігін тигізуде. Ағымдағы жылға арналған аудан бюджетінің кірістер көлемі 21,8 миллиард теңгені құрады, оның 11,2 миллиард теңгесі өзіндік кірістер болса, 10,5 миллиард теңгесі трансферттер сомасы.
Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілері есебінен түскен салық көлемі 10,2 миллиард теңгені құрады, 2022 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өсім 132 пайызды құрап отыр. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында ауданның 6919 кәсіпкері 7513,9 миллион теңге көлемінде несие алған. Оның ішінде: «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 64 жоба – 1781,5 миллион теңге; «Агро несиелік Корпорациясы» АҚ арқылы 22 адам - 219,0 миллион теңге; «Ырыс» МКҰ арқылы 35 кәсіпкерге - 114,8 миллион теңгеге қолдау көрсетілген. Микрокредиттік ұйымдар арқылы 6798 адам - 5,9 миллиард теңге көлемінде несие алған.