Қазақтың ырымдары
-
Қазақ баланы санамайды және санын айтпайды.
-
Қалжа жемеген әйелдiң баласы ынжық, болбыр, икемсiз болып өседi.
-
Баланы бесiкке саларда ешкiм сөйлемейдi. Егер бiреу сөйлеп қойса, бала жылауық, өскенде өсекшi болады.
-
Сәби шалқасынан жатып башайын тiстесе, оны “үйiрiн шақырып жатыр” деп ырымдайды. Яғни оның соңынан тағы бiр бала келедi деген ұғым бар.
-
Сәбидiң қырқынан шыққанда қарын шашын алмаса – қарғысы қатты болады.
-
Балаға қарғыс өтпеу үшiн оны үш кемпiрдiң бұтынан өткiзiп алады.
-
Үйге кiрiп келе жатқан бала есiк алдына құлап қалса – үйге береке, ырыс, байлық келедi. Оны төрге апарып үш рет аунатады.
-
Жүктi әйел шашын кессе – iштегi бала кемтар болып туады, бақыты кесiледi.
-
Сәби шалқасынан жатып ұйықтаса – елге белгiлi азамат болып өседi, бүк түсiп ұйықтаса – уайымшыл, жiгерсiз болып шығады, етпетiнен жатып ұйықтаса – ойшыл болады.
-
Балаға асық етiн мүжiтпейдi. “Алты жыл аш болсаң да, асық етiн мүжiме” деген бар.
-
“Бойы өспей қалады” деп, жас балаға бұғана ұстатпайды.
-
Қыздың басына ақ, қара орамал тартпайды. Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгiсi.
-
Есiктiң тұтқасын жуған сумен көз тиген баланың бетiн, екi алақанын, екi табанын жуса, тәуiр болып кетедi.
-
Қалы үлкейiп кетпесiн деп, қалымен туған балаға “Қалдыгүл, Қалдыбай” деп ат қояды.
-
Әйел итке тас лақтырса – үйдiң ырысы кетедi, әйелдiң бағы қайтады.
-
Аты сүрiншек болады деп балаға төстiң сүрiншегiн жегiзбейдi.
-
Жеңiлтек болады деп қыз баланы қырқынан ерте шығармайды.
-
Келiн атасы мен енесiнiң төсегiне отырмайды.
-
Толғағы қатты болады деп екiқабат келiншекке толарсақ жегiзбейдi.
-
Жас босанған әйел 40 күнге дейiн қолын суық суға малса – баласы тас бауыр болады.
-
Бөбек мезгiлiнде еңбектемесе – оның бауырынан тағам толы табақ өткiзедi, сонда тез еңбектеп кетедi.
-
Сәбидiң тiлi мезгiлiнде шықпаса – нағашысының үйiнен апарып, бiр қойды сойдырып, соның көтеншегiмен буындырады.