Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Дау-дамайдың "диспетчері" депутат-директор ма?

13.04.2018 | 12:38
Дау-дамайдың

Түркістан қаласы Ескі Иқан ауылынан келген Даныш Маннатов арызқойлардан әбден шаршапты.  Дау депутаттыққа қайта талпынудан басталған.

-Бұған дейін Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі болдым. 2012 жылғы сайлауда «Нұр Отанның» атынан облыстық мәслихаттың депутаты атандым. 2016 жылғы сайлауда биліктің партиясы өткізген праймеризде таңдау ауылдағы мектеп директоры Зұппархан Чалдановқа түсті. Мен сайлауға бұл жолы өз-өзімді ұсындым. Кандидат болып тіркелген соң ауылда мен күтпеген жағдайлар орын алды. Өзін әлдебір қоғамдық ұйымның облыстағы филиалының төрағасымын деп таныстырған бір азамат менің үстімнен ауылдағы арызқойлардан арыз қабылдауды бастады. Онысын толығымен бейнетаспаға басып, «Ютуб» желісіне тастап отырды. Артынша әлгі төраға әлдебір газеттің тілшісімін деген бір азаматшамен ауылға келіп, азан-қазан қылды. Арызданушылармен не сөйлескенінің бәрі таспаға басылып, ғаламторға салынып отырды. Бұдан кейін Шымкенттен шығатын басылымдар мені қаралап, бет-бет материал жазуға көшті. Дәл осындай шабуыл кандидат Баходир Атаевқа да қарсы жасалды. Үш кандидаттың ішінде үстіне қылау түспеген жалғыз үміткер Зұппархан Чалданов ғана қалған еді... Арызқойлардың тасасында кімнің тұрғанын сол кезде-ақ түсінгенбіз. Әділ сайлау өтеді дегеніміз адыра қалып, дода адам айтқысыз лас тірлікке айналды... Додада «Нұротандық» Зұппархан Чалданов жеңіске жетті,- дейді Даныш Маннатов.

Екі жылда жиырма арыз жазылды

Даныш Маннатов өткен-кеткенді бекер еске түсіріп отырған жоқ. Оның айтуынша, ауылдағы әлдебір азаматтар сол 2016 жылдан бері қыр соңына түсіп алып, арызды қарша боратқан.

-Мен кәсіпкерлік жолға ерте түстім. Кезінде менің шаруашылығыммен президенттің өзі келіпі танысқан. Анам Саламат Маннаттова президентке Құран кітап табыс етіп, батасын берген еді. Кейіннен мақта зауытын құрдық, бау-бақша ектік. 2011 жыл сол

баудың жемісін Астана қаласына алып барып ауруханаларға, қариялар үйіне, балалар үйіне тегін таратып келдік. «Балапан» бағдарламасы бойынша балабақша аштық. Қазіргі таңда балабақшада 250 бала тәрбиеленуде. Президенттен алғыс хаттар алдым, Түркістан қаласының құрметті азаматы атандым. Мен енді осы кәсібімді емін-еркін атқаруыма мүмкіндік беруді, соңымнан арыз жазып, қайта-қайта тексеруші жіберуді тоқтатуды сұранамын. Арыз бойынша келген тексерулер мені әбден титықтатты. Негізсіз фактілерді тізіп тұрып жазылған арыздар президент Н. Назарбаевтан бастап, бас прокурорға, ҰҚК төрағасына, Сенатқа, Парламенттің 17 депутатына, Түркістан қалалық әкімдігіне, прокуратурасына, ішкі істер басқармасына жолданды. Бау-бақшамен айналысатын ұлдарымды да аяған жоқ. Әр жазылған арыздан кейін ауылға тексерушілер сау ете қалады. Тексереді, ақыр аяғында бәрінің негізсіз екендігіне көз жеткізеді. Бірақ осының өзі жүйкеге қаншалықты салмақ салатынын білсеңіз ғой. Сол 2016 жылдан күні бүгінге дейін үстімнен 20-дан астам мәрте арыз жазылыпты. Фактілердің ешқайсысы дәлелденген жоқ. Бес мәрте сот өтті. Бәрі менің пайдама шешілді. Соның ішінде 2016 жылы үстімнен арызданып жүрген азаматтан және редакциядан сот арқылы 50 мың теңге моралдық шығын өндіріп, оны балабақшаға аудардым. Арыздағы мен туралы жазылған мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді деп танылды. Бәрібір тоқтайтын түрі көрінбейді. Әлі де жазып жатыр. «Маннатов әкім болған кезде жерді туыстарына үлестірді, шаруашылықтың ғимаратын заңсыз жекешелендіріп алды» деген негізсіз айыптауларды жазады. Тіпті қызды-қыздымен адамгершіліктен аттап кеткен жерлері де болды.

Ескі Иқан ауылына мектеп жетіспеушілігі мені көптен бері мазалайтын. Уақытысында ауыл әкімі болған кезде салынатын жаңа мектептің жерін белгілеп кеткен едім. Алайда менен кейінгі әкімдер оған ие болып қала алмады. Жерге заңсыз үйлер салынып кетті. Салынған үйлерді бұздыру енді қиын іс. Не істеу керек? Ауыл әкімі болған кезде осы жерге жапсарлас жатқан 1,1 гектар жерді Мирзаханова деген кәсіпкер сатып алған болатын. Алайда ол кәсібін жүргізе алмай оны Алимардан Құрбанхажиев деген азаматқа сатып кетеді. Ал А. Құрбанхажиев маған жиен болып келетін. Мен оны жерін мектеп салуға тегін беруге көндірдім. Әкімдік де бұл ұсынысқа қуана келісіп, Құрбанхажиевке ауылдың басқа аумағынан жер беруге келісім жасады. Алайда осындай тиімді келісім ауылдағы кейбір ағайындарға ұнамай қалыпты. Набихан Мубараков, Рахман Маулянов, Ұлықбек Намуратов, Толқын Мұхаммеджанов дереу Түркістан қалалық прокуратурасына «Даныш Маннатов бұл жерді уақытысында Мирзахановаға заңсыз беріп жіберген, соны сотпен қайтару керек» деп арызданады. Түркістан қаласының прокуроры М.

Зұлыпқаров «бұл жер Ескі Иқанның аумағына кірмейді, сондықтан заңсыз берілген» деген қорытынды жасап, Түркістан қалалық әкімдігіне жерді сотпен мемлекетке қайтару жөнінде ұсыныс береді. Қалалық әкімдік прокуратураның талабын амал жоқ орындайды. Алайда сот жер заңды берілген деп тапты. Мен таң қалдыратыны, біреу өзінің сатып алған жерін мектеп салу үшін мемлекетке ақысыз ұсынып отыр. Алайда әлгі топ оның бұл ниетін аяққа таптап, жерді Құрбанхажиевтің өз қолынан емес, сот арқылы тартып алуды көздейді. Бұған қалайша жүрегің ауырмайды?! Осындай арыздардың кесірінен мектеп салу мәселесі екі жылға созылып кетті. Ал Түркістан қалалық прокуратурасының әрекетіне не айтуға болады? Айта кетері, қалалық прокуратураның жоғарыдағы ұсынысын кейін облыстық прокуратура заңсыз деп тауып, бұзып тастады. Қыр соңыма түскен топ баламның үстінен де өтірік арыз ұйымдастырып, жеті жылға қаматып жібермекші болды. Балам сотта ақталып шықты,- дейді Даныш Маннатов.

Экс - депутат осындай проблемалардың қазіргі депутат Зұппархан Чалдановпен бірге сайлауға түскеннен кейін басталғанын тағы қайталады. Арыз жазды деген жоғарыдағы азаматтардың бәрі сол сайлауда Чалдановтың сенімді өкілдері болған екен. Д.Маннатов айғақ ретінде бізге аудиотаспаларды да тапсырды. Бұдан қандай байлам жасауға болатыны айтпаса да түсінікті.

Облыстың әкіміне жалған мәлімет берген кім?

Чалданов депутат болған екі жыл ішінде сайлаушылары үшін көзге көрінерлік не істей алды? Осыған қатысты мына бір жағдайды айтпай кетуге болмас.

- Мен облыстық мәслихаттың депутаты болған кезде тікелей бастамаммен ауылдағы кәсіптік білім беретін №23 колледжге жаңа ғимарат салынды. Чалданов депутат болған соң осы колледждің ескі ғимаратын сұрап, сол кездегі облыс әкімі Бейбіт Атамқұловқа хат жазады. Хатта ол Иқан мектебінің 640 оқушыға лайықталғанын, 1511 оқушының ғимаратқа сыймай, үш аусымда оқу қаупінің туып тұрғанын, осыған байланысты Ескі Иқандағы №23 колледждің бұрынғы ескі ғимаратын өзі басшылық етіп отырған мектептің балансына беруді сұранады. Осы хат арқылы Чалданов облыстың басшысына екі бірдей жалған мәлімет берген. Ғимарат бос тұр дейді. Шын мәнінде ғимаратта бұл кезде студенттер білім алып жатқан және ол оқу орны үшін өте-мөте қажет болған. Екіншіден, хатта ол өзі басшылық ететін Иқан мектебін 640 орындық деп көрсеткен. Шындығында білім ұясында екі ауысымда 1780 баланың оқуына болатыны, қосымша 269 балаға орын бар екендігі Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғ. Рысбековтың бізге берген хатында тайға таңба басқандай жазылған. Бір жақсысы,

Чалдановтың негізсіз талабына облыстық білім басқармасы жауап беріп, ескі ғимаратты колледждің балансында сақтап қалды. Білдей облыстың әкіміне жалған мәлімет берген депутаттың бұл әрекетіне әзірге ешкім баға беріп, зерттеп – зерделеген жоқ. Бұл қалай?,-деді Д.Маннатов.

Біз Ескі Иқан ауылының әкімі Хасан Муслимовпен хабарласқан болатынбыз. Оның айтуынша, А. Құрбанхажиевтың мемлекетке қайтарып берген жеріне мектептің егжей – тегжейлі жобасы жасалыпты. Құрылыс алдағы жылдарға жоспарланған. «Чалданов депутат болған екі жылдан астам уақыттың ішінде ауылда нендей тірліктер жасай алды?» деген сауалға келгенде ауыл әкімі кібіртіктеп қалды. Депутаттың тікелей бастамасымен жүзеге асқан бірде-бір жұмысты есіне түсіре алмады.

Д. Маннатовтың үстінен қайта –қайта арыз жазып жүрген азаматтармен тілдесу мүмкін болмады. Есесіне Чалдановтың өзімен жолығудың сәті түсті. Ол Д. Маннатовтың айтқандарының бәрін жоққа шығарды. Ешкімнің үстінен арыз жазбапты, ештеңеге қатысы жоқ, ештеңе білмейді екен. Тіпті коллеждың ескі ғимаратын сұрап, облыс әкіміне хат жазғанын да жоққа шығарды. Қызық, сонда депутаттың өзі соңына шиырып тұрып қол қойған құжат қайда қалады?

P.S. Таңқаларлығы сол, сайлау қарсаңында Ескі Иқанға барып, Д. Маннатовтың үстінен арыз қабылдап, ауылды азан-қазан қылған қоғамдық ұйымның облыстағы филиалының төрағасымын, енді бірі әлдебір газеттің тілшісімін деген қос белсенді қазір абақтыда жатыр. Істері Шымкент қаласы Әл Фараби аудандық сотында қаралуда. Мүлдем басқа факті бойынша. Ақпарат құралдарындағы жарияланған мәліметтерге қарағанда, біреуді масқаралап, бейнетаспаға басып, онысын интернетке тастаған көрінеді. Сол баяғы әдіс-тәсіл... Ал Алимардан Құрбанхажиевтің мектеп құрылысы үшін қайтарып берген жерін заңсыз деп, әкімдікке ұсыныс берген Түркістан қаласының бұрынғы прокуроры М. Зұлпықаров сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айыппен істі болып жатыр. Ал Чалдановқа «екі қойың бір сом», депутат-директор ештеңе болмағандай елдің алдында аяғында алшаң басып жүр.

 
Көрілді: 13833
Жаңартылған: 13.04.2018 | 12:50
Категориялар: Ынтымақ, Басты жаңалықтар