Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Наурыз батасын білесіз бе?

22.03.2017 | 11:53

Наурыз жыры

Наурыз жыры – Наурыз мерекесінде айтылатын халық ауыз әдебиеті түрлерінің бір саласы. Жыр-өлең осы күнге лайықталып, мадақтау, тілек, бата, әзіл турлерінде айтылады. Оның түрлері халық арасында өте көп тараған. Наурызға арналған бұрынғы, соңғы ақындардың шығармалары да көптеп саналады.

Ұлыс күні қазан толса,

Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алсаң,

Сонда олжалы жол болар…

… Ұлыстың ұлы күнінде

Бай шығады балбырап.

Қасында жас жеткіншек

Тұлымшағы салбырап.

Келіншек шығар керіліп

Сәукелесі саудырап.

Қыз шығады қылмиып,

Екі көзі жаудырап.

Наурыз бата

Халықта батаның түрлері көп. Соның бірі – осы Наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізгендерге осы күнге арнап «Наурыз көжеге» шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға тағы басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді. Бата жалпы жұртшылыққа, көпшілікке, бүкіл қауымға, ауылға да беріледі. Мысалы:

Өркенің өссін!

Әр күнің Наурыз күніндей берекелі болсын!

Ұлың – ұяға, қызың – қияға қонсын!

Еліңе елеулі, халқыңа қалаулы бол!

Айың тусын оңыңнан.

Жұлдызың тусын солыңнан,

Бақ берсін, Қыдыр дарысын!

Жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады. Және наурызда алған батаның орны бөлек. Мұндай батаны «уыз бата» деп дәріптейді.

Наурыз жұмбақ

Табиғатқа, аспан әлеміне, ауа райына, жерге, күн мен түнге байланысты айтылатын жұмбақтар осындай атпен аталған. Онда ақындар, қыз – жігіттер осы тақырыптардағы құбылыстарды жұмбақ өлеңдетіп айтысатын болған. Мысалы:

Ұшарқар Айдай туып, Күндей батар

Туғанда Шабансары таң сонда атар.

Аспаннан жұлдыз тарап, Шолпан туып,

Таң райы Күндемен манауратар.

Шығыстан үркер туса егінді ор,

Батса көктен егісті егетін бол.

Қырық күн, қырық түн сол Үркер көктен безіп,

Жоғалып қараңғыда шөгеді жол.

Мұндай жұмбақтар жастарды табиғат тылысымын біліп, үйренуге жетелейді.

Наурыз тілек

Әр адам өзіне, отбасына немесе туыс – туғандары мен жарандарына Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, жақсы тілек тілейді, бір – бірінің үйіне кіріп дәм татады. Мысалы:

Төрт түлік ақты болсын!

Өрісің малға, үйің жанға толсып!

Тілек – достық көңіл мен тілектестіктің, адамгершіліктің белгісі, әрі тойдың жарасты салтының бірі ретінде айтылған.

Көк тәңірі нұрыңды аяма,

Жер тәңірі ырысыңды аяма!

Әділ жанды тағынан тайдырма,

Әз халықты бағынан айырма!

Басыма бас қос,

Жасыма жас қос,

Асыма ас қос!

Мұндай жақсылықты әр отбасы өз шаңырағында қол жайып, шын ниетпен, пәк көңілмен тілейді.

Наурыз төл

Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар «наурыз төлі» деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, малжанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді. Мұндай малды көбінесе өз қызығына, тойына, құрбан айт күндерінде сойып, ырым етеді.

Наурызкөк

Наурызкөк – наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсты шығыс елі қатты күтеді. Оны алғаш көргендер «Наурызкөгім келдің бе?» деп шақырады, жем шашады . Наурызкөкті ешкім кумайды, үркітпейді, оны бақыт құсы қатарына қосады.

Наурыз есім

Наурыз құні туғандарды халық бақытты, ерекше адамдар деп ұққан. Сондай себеппен оларға Наурыз есімін беретін болған. Мысалы, қазақ халқында Наурызбай Құтпанбайұлы (1700-1781), Наурызбай Қасымұлы (1822-1847) атты әйгілі батырлар болған. Алтын ордада Наурыз есімді хан (1359-60) болғаны тарихтан белгілі. Наурызгұл, Наурызбек, Наурызәлі деген адам аттары да жиі кездеседі.

Наурыз шешек

Наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі-түрлі гүлді, қауашақты әсемдік шөп. Әсемдік үшін үйде де өсіреді. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. Наурыз шешек «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін бағалы өсімдік қатарына жатады.

Наурызша

Наурыз айында ашық күндері қолдан жасағандай ерекше ою-өрнекті әрі жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Ол күн көзіне шашырап, жылтылдап құбылады. Анықтап қарағанда басқа қар қиыршықтарындай емес жеңіл де үлпілдек болады. Мұны халық «наурызша» деп атаған. «Наурызша» жаңа жылдың, алдағы жылылықтың белгісі.

Саумалық

Наурыз айында жаңа жыл еніп, жер бусанын, күн күркіреп, жаңбыр жауып, көк дүркірегенде ауыл адамдары далаға шығып саумалық айтып, куанышты көңілмен жақсы тілек тілейді. Оны өлеңмен айтады:

Саумалық, саумалық,

Наурызмның көк құсы

Ұйқыдан көзін ашты ма?

Саумалық, саумалық,

Самарқанның көк тасы

Жібіді ме көрдің бе ?

Саумалық, саумалық,

Ескі жыл кетіп, жаңа жыл келді,

Ескі жыл есіркей кет.,

Жаңа жыл жарылқай кел –

Деп бір ескі ыдысты сындырып, «жамандық кетсін» деп ырым жасайды.

 

ikerim.kz

 
Көрілді: 1595
Жаңартылған: 21.03.2017 | 12:00
Категориялар: Ынтымақ, Басты жаңалықтар