Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

«Ұлы Дала Елі» экспедициясы Оңтүстікте

06.10.2015 | 12:27
«Ұлы Дала Елі» экспедициясы Оңтүстікте

 

 «Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» - 100 қадам – Ұлт жоспарының негізгі ережелерін тиімді іске асыру мақсатында және аталған маңызды құжаттың 86-, 87-қадамдарына сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы әріптестермен бірлесе отырып, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ» атты республикалық тарихи-мәдени экспедициясын ұйымдастырды.

Экспедицияның негізгі мақсаты – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет – 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының негізгі ережелерін тиімді іске асыру.

Экспедиция 2015 жылғы 11 қыркүйекте бір мезгілде Солтүстік және Орталық бағыты бойыншша Астана қаласынан, Батыс және Оңтүстік бағыты бойынша Ақтау қаласынан, Шығыс және Оңтүстік Шығыс бағыты бойынша Павлодардан бастау алды.

1 қазан күні оңтүстікқазақстандықтар Қызылорда облысынан келген экспедицияны Қазақ хандығының тарихында өзіндік орны бар әрі түркі әлемінің рухани орталығы саналатын Түркістан қаласында қарсы алды. Cалтанатты шарада қызылордалық экспедиция оңтүстікқазақстандықтарға республикалық іс-шараның эстафетасын – күнделік-кітабын табыстады.

Қонақтарды Қ.А.Ясауи кесенесі алдындағы пантеонда күтіп алған топ, экпедиция мүшелеріне лайықты құрмет көрсетіп, көне шаһардағы бірқатар нысандарды аралатып көрсетті. Алдымен Қ.А.Ясауи кесенесінде болып, қолөнер шеберлері орталығы мен облыстық тарихи-мәдени этнографиялық орталық жұмысымен танысып, бұқаралық ақпарат құралдары үшін баспасөз мәслихатын өткізді.

Экспедицияны осы күні Отырар ауданында жалғастырған топ алдымен «Арыстанбаб» кесенесінде болып, «Отырартөбе» тарихи кешеніне экскурсия ұйымдастырды. Аудандық Руханият Әбу-Насыр Әл-Фараби мұражайына арнайы барып, ежелгі Отырар тарихынан сыр шертер құнды жәдігерлермен жақынырақ танысты.

Мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Жер тарихы – Ел тарихы» тақырыбындағы кездесуде экспедиция мүшелері жергілікті тұрғындармен қазақ тарихы туралы кеңінен сұхбат өткізді.

Ордабасы ауданына келген топ алдымен Қажымұқан Мұңайтпасұлының кесенесінде, соңынан аудандық тарихи-өлкетану мұражайында болды. Эспедиция мүшелерін арнайы қабылдаған аудан басшылығы мерейлі дата қарсаңында ұйымдастырылған экспедиция жұмысына сәттілік тілеп, «Мәңгілік Ел мұраты – Ел бірлігі» атты мерекелік іс-шараға қатысты. Сапар кезінде Ордабасы биігіне арнайы тоқтаған топ мемлекет қамқорлығындағы қорықтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты.

3 қазанда Бәйдібек ауданында сапарын жалғастырған экспедиция алдымен Бәйдібек би, Домалақ ана кесенелері мен көне «Аппақ ишан» мешіт-медресесінде болып, аудандық мәдениет үйінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты іс-шарамен қорытындылады.

Созақ ауданындағы жұмысын экспедиция мүшелері Шолаққорғандағы Керей мен Жәнібек ханға арналған монументке гүл шоқтарын қоюдан бастады. С.Қожанов атындағы мұражайда, Қарабура әулие және Хақназар хан кесенелерінде болды. Аудан басшысының қатысуымен өткен алқалы жиынға жиылған теріскейлік тұрғындарға ел тарихы туралы тарихшылар тың деректерді кеңінен баян етті.

4 қазанда облыс орталығы Шымкент қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында бой көтерген облыстық «Отырар» кітапханасында экпедиция жұмысына арналған ауқымды шара ұйымдастырылды. Топ мүшелері сапар соңында Мәртөбе тарихи орнына барып, экспедиция жұмысын қорытындылады.

Осылайша 1-4 қазан күндері аралығында облыс аумағында бірқатар тарихи орындарда болып, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізген экспедиция жұмысы оңтүстік өңірінде нәтижелі ұйымдастырылды деуге болады.

Шара барысында экспедиция атбасын тіреген барлық аудандар мен қалалардың орталық кітапханаларына «Теңдессіз сый» акциясы аясында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып шығарылған «Ұлы дала өсиеті» кітабы «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығы сыйға тартылды.

"Қоғамдық келісім" КММ баспасөз қызметі

 
Көрілді: 1894
Жаңартылған: 08.10.2015 | 15:32
Категориялар: Ынтымақ, Ынтымақ туралы басты жаңалықтар, Басты жаңалықтар