Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

«Қазақстан» достық пен бірліктің шаңырағына айналады

08.09.2015 | 11:13
«Қазақстан» достық пен бірліктің шаңырағына айналады

 

«Қазақстан» кинотеатры достық пен бірліктің шаңырағына айналады» деп хабарлайды shymkenttv.kz сайтына сілтеме жасаған Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ресми сайты.

«Қазақстан» бір кездері Шымқаладағы ең үлкен кинотеатр болды. Облыс орталығындағы маңдайалды, еңселі мәдениет ошақтарының бірі саналды. Алайда кейінгі жылдары ғимарат қолдан-қолға өтіп, бұқара халыққа қызмет етуден тыс қалғаны жасырын емес.

«Қазақстан» кинотеатрының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, өңірдегі түрлі ұлттар мен ұлыстардың басын  қосатын достық мекенніне айналдыру туралы мәселе соңғы бір-екі жылдың көлемінде айтылып жүрген болатын. Міне, осы жоба нақты жүзеге аса бастады. Яғни, оңтүстіктегі ұлттар мен ұлыстардың орталығы осы жер болады. Ғимарат «Қоғамдық келісім» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің меншігіне өтті.

Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Керімжановтың айтуынша, ғимаратты жаңалау жобасына қазынадан он тоғыз миллион теңге бөлінген. 2016 жылы құрылыс жұмыстары қызу жүреді. Арнайы жедел саты қойылып, ғимараттың сырты толықтай жөндеуден өтеді. Ғимараттағы кинозал 800 адамға лайықталған. Зал түрлі іс-шаралар өтетін конференция орталығына айналады. Бірліктің туын биіктететін шаңырақта қазақ, өзбек, қырғыз, татар тағы өзге де ұлттың балалары бір-бірін іздеп, алысқа сабылмайды. Бір шаңырақтың астында, қызу тірліктің басында болады. Әрбір мәдени орталыққа жеке-жеке бөлме беріліп,  ортақ Отанымыз—Қазақстандағы татулық пен ынтымақты ұлықтауға бар жағдай жасалады.

Жуырда облыс басшысы Бейбіт Атамқұлов аталған ғимараттағы қайта құру жұмыстарының жобасымен танысты. Өңір басшысы жаңа ғимарат бірлік пен татулықтың ордасы ғана емес қаладағы сәулеті келіскен нысандардың бірі болуы керектігін, сол үшін құрылыс жұмыстары мен қолданылатын материалдардың сапасы жоғары болуы тиіс деген талап қойды.

Облыстағы 20 этно-мәдени орталықтың басын қосып, достықты ту ететін нысанның жобалық -сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Оны «JerGroup» ЖШС даярлауда. Аталған серіктестіктің басшысы Жасұлан Сәуірбаевтың айтуынша, жоба 80 пайызға дайын, енді бір айда сараптамаға жіберіледі.

Жобамен тыңғылықты танысып шыққан облыс басшысы Қоғамдық келісім мекемесінің ғимаратына бас сұғып, биыл ғана құрылған мекеменің жұмысымен танысты.

 
Көрілді: 847
Жаңартылған: 08.09.2015 | 11:15
Категориялар: Ынтымақ, Басты жаңалықтар