Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Толеранттылықтың маңызы артып келеді

02.09.2015 | 15:13
 Толеранттылықтың маңызы артып келеді

        

                      

Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасымен бірлесе отырып М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде  «Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

        -- 2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы болды.  Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын ерекше атап өттік. Елдігімізді, мемлекеттігімізді паш ететін  Қазақ хандығының 550 жылдығы түрлі шаралармен тойлануда. Осындай маңызды даталарды атап өтуде біздің университет те тысқары қалып жатқан жоқ. Ең бастысы, жастарымыздың белсенділігі жоғары,- деді жиында аталған оқу орнының ректоры, техника ғылымдарының докторы Жұмахан Мырхалықов.

              Жиынға арнайы қатысқан облыс әкімі аппараты басшысының  орынбасары, облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы хатшылығының жетекшісі Мұратәлі Қалмұратов көпшілікті құттықтай келе:

--Қазақстан халқы Ассамблеясының мәртебесі бұрынғыдан да жоғарылап келеді. Еліміздегі саяси, идеологиялық, тәрбие жұмыстары Ассамблеяның қолына шоғырланды. Елбасының тікелей тапсыруымен барлық облыстарда «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрылды. Біздің  облыста да дәл осындай «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі құрылып, қазіргі таңда онда 72 қызметкер жұмыс істеуде. Соның ішінде Сайрам, Сарыағаш, Мақтарал, Төлеби секілді көпұлтты аудандарда үш штат бірлігі беріліп, аталған мекеменің филиалдары ашылды,--деді.

 Осы тақырыпты одан әрі өрбіткен ОҚМУ-дың «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» арнайы кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Ғаппар Қазыбекұлы көпсалалы  мамандарды даярлап отырған ОҚМУ-ды көпұлтты оқу ордасы деп атауға болады дейді. Бірнеше этнос өкілдері білім алып жатқан университетте бүгінгі таңда достықты нығайтып отырған «Достық» клубы жұмыс істейді. Сонымен қатар «Қазақстан Халқы Ассамблеясы» арнайы кафедрасының да студенттер үшін орны бөлек. Кафедраның мақсаты – әр ұлттың студент жастарын біріктіру және топтастыру, толеранттылықты сақтау,  тілге,  мәдениетке, бір бірінің салт-дәстүріне  құрмет көрсету,  әр ұлттың мәдениетімен таныстыру, басқа ұлт өкілдерінің көзқарасымен санасу және түсіну мүмкіндіктерін дамыту болып табылады.

           Басқосуда облыстық ішкі саясат және дін істері басқармасының, облыстық әділет департаментінің және өзге де заң ғылымдарының мамандары баяндама оқыды. Конференция жұмысынан  студенттер де тысқары қалмай, өз ойларын ортаға салды.

А.Асанқызы.

 
Көрілді: 1121
Жаңартылған: 02.09.2015 | 15:20
Категориялар: Ынтымақ, Басты жаңалықтар