Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Ақпараттық топ ұлтаралық татулықты насихаттап жүр

28.07.2015 | 15:03
             Ақпараттық топ ұлтаралық татулықты насихаттап жүр

 

             Оңтүстік Қазақстан облысында  дәстүрі, тілі, діні бөлек болса да тонның ішкі бауындай өмір сүріп жатқан 100-ден астам этнос өкілдері бар. Олардың басын бір арнаға тоғыстырып, тілін, мәдениетін дамыту мақстында құрылған этномәдени бірлестіктердің саны--20, ал аудандарда олардың 51 филиалдары жұмыс жасайды. Аталған этномәдени бірлестіктердің жұмысын үйлестіріп, бағыт-бағдарын айқындайтын, іс-шараларын ұйымдастыратын тағы бір мекеме бар. Ол «Қоғамдық келісім» мемлекеттік коммуналдық мекемесі. Жақында ғана жаңа қызметіне кіріскен мекеменің басшысы Ербол Байқонақовтың  және облыстық Ассамблеяның хатшылық меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратовтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай аудан-аудандарды аралап, халықпен жүздесу өткізуде.

             Мекеме мамандары бұған дейін Шардара, Мақтарал аудандарында болып, ондағы этномәдени бірлестік төрағалары, мүшелері және ауыл тұрғындарымен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқыға салған болатын.  Насихаттық топ одан кейін Төлеби ауданына ат басын бұрды.  Аудандағы 1 мамыр ауылдық округінде басталған кездесу Киелітас, Тасарық, Көксәйек ауыларында жалғасын тапты.  Кездесулер барысында негізгі баяндаманы облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары – облыстық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов жасады. «Аудандарды аралап шығуымыздың басты мақсаты--Елбасының саясатын қолдап, этносаясатты жүзеге асыру. Биыл Ассамблеяның 20 жылдық мерейтойына орай атқарылар іс те, жоспарда көп. Соның бірі халықпен жүздесу. Біздің басты байлығымыз - әралуандылықтың бірлігі. Сондықтан мемлекет өз халқының мәдени, рухани дәстүрлерінің ұлттық игілік ретінде сақталуына қамқорлық жасайды. Осы қамқорлықтың бір тетігі ретінде мәдениетаралық сұхбаттың айрықша институты – Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі осыған бағытталады»,- дейді ол.

              Жиын барысында  қосымша сөздерге, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Ербол Байқонақов, облыстық өзбек, күрді, шешен-ингуш, қырғыз, аудандық славян этномәдени бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері шығып, этносаралық келісімді сақтау, ішкі бірлікті нығайту мәселелері жан-жақты талқыланды.

             Мемлекеттік этносаясатты жүзеге асыру мақсатында құрылған ақпараттық - насихаттық топ Ер түріктің бесігіне айналған мекен  Түркістан қаласында да болды.  Ондағы Оранғай, Қарашық, Жүйнек, Ескі Иқан, Жаңа Иқан ауылдарында кездесулер ұйымдастырылды. Мұндағы жиынға  өзбек этномəдени бірлестігінің төрағасы И. Хашимжанов, татар - башқұрт этномəдени бірлестігінің төрайымы А.Мухамедова, түрік этномəдени бірлестігі төрағасының орынбасары И.Жукиев жəне М.О.Əуезов атындағы ОҚМУ-нің Қазақстан Халқы Ассамлеясы кафедрасының меңгерушісі Ғ.Маймақов сөз сөйлеп, жергілікті халыққа  Н.Ə.Назарбаевтың бес институционалдық реформаларын іске асыру жөнінде "100 нақты қадам" ұлттық жоспарының ережелерін түсіндіру арқылы ұлттар арасындағы татулықты сақтау мәселесі бойынша сөз сөйледі. 

          Жалпы, кездесулер сұрақ -жауап түрінде өрбіп, тиісті дəрежеде өткізілді. 
Алдағы кезеңдерде осы бағыттағы жұмыстар өзге қала , аудандарда жалғасын табатын болады.

А.Оңғарбай.

 
Көрілді: 973
Жаңартылған: 28.07.2015 | 15:07
Категориялар: Ынтымақ, Басты жаңалықтар