Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Бас бәйгені Созақтан келген Мавлюда иеленді

20.07.2015 | 10:02
Бас бәйгені Созақтан келген Мавлюда иеленді

 

Абай Құнанбаевтың 170 жылдығына орай  Оңтүстік Қазақстан облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасы «Отырар» кітапханасында  мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту және Абай шығармашылығын насихаттау  мақсатында  «Абай оқулары» байқауын өткізді.  Ұйымдастырушылар осындай байқаулар арқылы  қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген өзге ұлт өкілдерінің ықыласын арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау, отансүйгіштік сезімді арттырады дейді.  

Байқауға жас  16-22 аралығындағы өзге ұлт өкілдері қатысқан. Олар Абай Құнанбаевтың өлеңдерін, поэмаларын, «Абай жолы» романынан үзінді оқып, жатқа айтып беруі міндетті болатын.

Айта кету керек, бұл байқау облысымызда 2011 жылдан бері өткізіліп келеді. 2011 жылы Бас жүлдені Кентау қаласынан қатысқан З.Айгисинова иеленіп, республикалық байқаудан 2-орынды алды. Ал 2012 жылы Түлкібас ауданынан Х.Абилов, 2013 жылы Отырар ауданынан Иван Клименко, 2014 жылы Кентау қаласының тумасы Алиева Турсуной  иеленді. 

Байқау екі кезеңнен тұрады: бірінші кезең – көркем сөз оқу шеберлігін айқындау, Абай шығармаларын (поэзия, қара сөздері) мәнерлеп жатқа оқу, «Абай жолы» романынан үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа орындау. Екінші кезең - әншілік қабілетін таныту.  Абай әндерін және халықтың бір әнін орындау.

Қазылар алқасы үміткерлер білімін бағалау кезінде олардың мемлекеттік тілді меңгеруіне, көркем мәтінді оқу шеберлігіне, қазақ тілінде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйленуіне, ән орындау қабілетіне, сахналық мәдениетіне назар аударады. Бас жүлдені жеңіп алған қатысушы республикалық байқауға жолдама алады.

Ал «Отырар» кітапханасы биыл да байқауға байланысты  Абай шығармаларын насихаттауға бағытталған көрме ұйымдастырды.

Биылғы байқауға облыстың  аудан, қалаларынан 14 үміткер қатысты.

 Бас жүлдені Созақ ауданы Созақ жалпы орта мектебінің оқушысы Мауленкул Мавлюда иеленіп, 23 қыркүйек күні Семей қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.

 1-орынды Төле би ауданы Сұлтан Рабат жалпы орта мектебінің оқушысы Мурзаметова Мафтуна, 2-орынды Арыс қаласы Б.Оңтаев атындағы орта мектебінің оқушысы Макс Ангелина Анатольевна, 3-орынды Шардара ауданы Қоссейіт жалпы орта мектебінің оқушысы Ануар Далер Есенбайұлы иеленді.

О.Жәнібек.

 
Көрілді: 986
Жаңартылған: 20.07.2015 | 10:05
Категориялар: Ынтымақ, Басты жаңалықтар