Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Бейбітшілік пен тұрақтылық –жалпыхалықтық жетістік

15.07.2015 | 16:02
         Бейбітшілік пен тұрақтылық –жалпыхалықтық жетістік


          Ұлтаралық татулық Қазақстанның басты байлығы. Тәуелсіздік және Елбасының жүргізіп отырған салиқалы саясаты Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласында өткен кезекті VII «Ырыс алды - ынтымақ» форумында кеңінен талқыланды. «Тәуелсіздік қуатым – Мәңгілік ел мұратым» тақырыбында өрбіген жиынға қала әкімі орынбасарлары, мәслихат депутаттары, құқық қорғау саласының басшылары, қалалық, ауылдық округ ардагерлер кеңестерінің төрағалары мен ақсақалдары, ақ жаулықты аналар, дін және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, этномәдени орталықтардың жетекшілері, зиялы қауым, саяси партиялар, барлығы 200-ден астам адам қатысты. Аталмыш іс-шараны форум хатшысы Қ.Балқыбеков жүргізіп отырды.

          Алғаш болып баяндама оқыған қала әкімі Сейіт Ертай шаһардағы әлеуметтік мәселелерді алға тарта отырып, этномәдени бірлестіктер туралы тоқталып өтті. «Қазақстан бүгінде сан ұлттың достық­ мекеніне айналды. Республикамыз бойынша 130-дан аса ұлт өкілдері Қазақстанды Отаным деп өмір сүріп жатыр. Осының ішінде 108-і біздің облысымызда бар. Қаламыздың өзінде 20-дан астам ұлт тұрады. Олардың барлығы қазақтармен етене араласып, туыстай болып кеткен. Барлық мереке, іс-шараларда бір кісідей жұмылып әрекет етеді»,- дейді Сейіт Мырзақұлұлы.

          Арыста орыс-славян, өзбек, иран-әзірбайжан, татар-башқұрт этномәдени орталықтарының филиалдары жұмыс істейді. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай қала әкімі аталмыш орталықтың өкілдерін қабылдап, мерекелерімен құттықтап, алғыс хаттар табыстаған болатын. Сондай-ақ әр іс-шарада белсенділік танытып жүрген этномәдени орталықтың өнерпаздарына  бюджеттен 1 миллион теңгеден қаржы бөлініп, арнайы мерекелік киімдер тапсырыспен тіктірілді. Қала басшысы жиын барысында көпшілікке тағы бір жағымды жаңалықты атап өтті. Жақында ғана пайдалануға берілген мәдениет үйінде енді төрт орталық қоныстанып, жұмыстарын жалғастырып жатыр.  Сөз кезегінде  қалалық татар-башқұрт этномәдени орталығының жетекшісі Расиль Ахмедзияұлы басшылыққа алғысын жеткізді. «Аллаға шүкір, еліміз егемендігін алғалы етек жеңімізді жиып, рухани дүниелерімізді түгелдеуге Ұлттығымыздың негізгі белгілері дініміз бен діліміз тіліміз қайта түлеп жаңғыра бастады. Дінімізге, тілімізге, тарихымызға, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет ғұрыптарымыздың қаймағы бұзылмай, әр ұлттың өзіне тән ерекшеліктері сақталған. Осы орайда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде: Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы! – деп атап өтті. Біздің елімізде тұрақтылықты бағалай білудің арқасында ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін сұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылық нығайтылған. 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялады. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығын сақтау — ең басты назарда болып отыр»,- дейді ол.

   Форумда ардагер ұстаз Қасқарбек Әбілұлы, жастар өкілінен Дәулет Мақсатұлы сөз алып, өз ой-пікірлерін білдірді. Жиын соңы Қасиетті Рамазан айына арналған қала әкімі С.Ертайдың арнайы жайған ауызашар дастарханымен жалғасын тапты.

          Еске сала кетсек, Арыс қаласы әкімдігі жанындағы «Ырыс алды — ынтымақ» қоғамдық форумы – қала және ауылдық округ жұртшылығының бірлігін нығайту, мемлекеттік ұлтаралық, дінаралық келісім жөніндегі саясатты жүзеге асыруға үлес қосатын жергілікті атқарушы органдар мен азаматтық қоғамның қарым-қатынасының тиімділігін арттыру мақсатында құрылған институт. Форум мүшелігіне мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, БАҚ және діни бірлестіктердің өкілдері кіреді.

Айнұр Оңғарбаева.

 
Көрілді: 1987
Жаңартылған: 15.07.2015 | 16:04
Категориялар: Ынтымақ, Басты жаңалықтар