Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Салыбек Сағымбекұлы турнирі жыл сайын өтпек

28.04.2018 | 12:05
Салыбек Сағымбекұлы турнирі жыл сайын өтпек

salybek-1-1

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданына қарасты Шұбар ауыл округіндегі ипподромда әйгілі шабандоз Салыбек Сағымбекұлының ұрпақтары қазақтың ұлттық ойындары – аударыспақ, теңге ілу, бәйге сайыстарын ұйымдастырды.

– 6 жасында әкеден жетім қалған атам баласы Салыбекті 7 жасында той қылып, тайға мінгізген екен. 11 жасында Қатынкөпір мен Аққойлы арасында бәйгеге қатысқан. Сонда әжеміз Күлшай көз өтіп кетеді деп алдынан шығып, шапан жауып, менің әкемді елге көрсетпей алып кетіпті. Содан 70 жыл аттан түспеген, жерден еңкейіп шөп алмаған. Өмір бақи серілікпен өтті. Өзбекстанға ауа көшіп, қиыншылық көрсе де атсыз жүрмеген. Бір наны, бір асым еті болса, кісі шақырып, дастархан жаятын, – деп еске алды 83 жастағы шабандоздың үлкен қызы Рахия апа.

Шабандоздың ат баптауы өз алдында бір ғылым. 

-Әкеміздің көкпарға баруының өзі той болатын,- дейді атақты шабандоздың ұлы Болатхан Салыбекұлы. Барлық бала-шағасы жиналып аттандырады. Құдды бір алапат шайқасқа бара жатқандай бұршақтай түйіліп, сұңқардай шүйіліп, қаһарын сыртына шашып, атқа қонады. Ал, аты көздерінде от ойнап, ауыздығын қарш-қарш шайнап, омырау еті бұлт-бұлт етіп шыға келеді екен. Сөйткен соңғы аты Бурыл төсек тартып жатып қалған Салыбек ақсақалмен дүниеден өтерінде кісінесіп қоштасып, қос жанарынан жас парлапты. Иесін жоқтап, аза тұтқан атқан бір жеті ғана өмір сүріпті.  

Ұлттық өнерді бұқара халыққа кеңінен насихаттауға бағытталған шараға аттың жалын ұстаған 30-ға тарта жасөспірім қатысты. Олардың ешқайсысы да құр алақан қайтқан жоқ. Барлығына ақшалай сыйлық берілді.

-Қарсыластарым Қазақстанның чемпионы болып жүрген жігіттер. Өзім бірінші рет қатысып тұрмын. Бұған дейін қазақ күресінде де күш сынасып, көкпарға барып жүретінмін, –  деді қуанышын бізбен бөліскен Әлижан Нұржанұлы. Қажымұқан ауылынан 18 жасар жеңімпазға аударыспақтан білектіде қарсылас шақ келмеді.

Шабандоздың немере інісі, зейнеткер Медеу Сағымбековтың айтуынша,  осы игі істі қолға алудағы мақсат қазақтың ұлттық ойындарын дамыту, аталған шара дәстүрге айналдырып, жыл сайын ұйымдастыру. Ауыл қариялары бұл игі бастамаға ризашылықтарын білдіріп, Салыбек шабандоздың ұрпақтарына алғыс білдірді.

А.Досалы.

"Жас алаш" газеті, 28 сәуір 2018 жыл. 

 

 
Көрілді: 786
Жаңартылған: 28.04.2018 | 12:20
Категориялар: Басты жаңалықтар, Спорт