Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Уәде қайда, Байсейітов мырза?!

05.11.2016 | 10:06

 

Біріншіліктің аяқталуына бір ай қалғанда «Ордабасы» футбол командасын қола медальмен құттықтап қойған едік. Шын жанкүйерлерінің қалауы сондай еді. Онымен тұрмай, команданың жанкүйерлерінің сенімін ақтауға толық мүмкіндіктері де бар болатын. Тіпті үшінші орынға таласта негізгі қарсыласы «Ертістің» жанкүйерлері шымкенттіктердің «шансы» мол екенін, оған төрешілер мен футбол федерациясының бұрынғы президенті Е.Қожағапанов «көмектесетінін» баспасөз беттерінде мәлімдеп те жүрген-ді. Оған «Ордабасының» бас бапкері Бахтияр Байсейітовтың «үшінші орын аламыз» деген уәдесін қосыңыз. Сенім ақталмады, ешкім көмектеспеді, уәде орындалған жоқ. Мұны кейбіреулер Е.Қожағапановтың қызметтен кетуімен де байланыстыруда. Көкшетауда «Оқжетпестен» ұтылып, Шымкентте «Ақтөбені» әрең ұтқан «Ордабасы» командасы төртінші орынды иеленгеніне қуануда. Бір ай бұрын қола алатынына сенімді болған біз қуана алмадық. Қуанбауымызға тағы бірнеше себеп бар.

Оңтүстік Қазақстан облысының намысын қорғап жүр деген команданың құрамына көз жүгіртіңіз. Ойынымен сүйсінтіп жүрген жергілікті жігіттерді таба алмайсыз. Стадионға жанкүйерлердің аз баратынын да сондықтан. Мысалы, алматылықтардың көпшілігі Бауыржанның, Исламбектің одан қалды Аршавиннің, Гоудың ойынын көруге барады. Жанкүйерінен қаржылық ахуалын жасыратын немесе құпия ұстайтын командаға сеніміңіз де, сүйкіміңіз де азаяды екен. Айлығы мен «шайлығын» білсек, нанын адал тауып жүрген-жүрмегенін бағамдар едік. Жасыратыны жоқ, бүгінгі футболшылар қаржы мәселесін бірінші орынға қояды. Мықты деген шымкенттік футболшылардың Алматы мен Астанада жүргенін біріншіден қаржы мәселесімен байланыстыруға болады. Оларға жақсы ұсыныс түсті немесе оларды жақсы бағамен жалға берді. «Ақтөбемен» болған соңғы ойыннан кейін журналистерге сұхбат берген бас бапкер Б.Байсейітовтың жанкүйер алдында кешірім сұрау, тіпті өкініш білдіру ниеті байқалмады. «Егер команда маусым қорытындысында үшінші орын алмаса, отставкіге кетемін» деген уәдесі еске салынғанда «Құдай бұйыртса көреміз» деген сырғытпа жауаппен құтылды. Команда құрамындағы ойыншылардың басым бөлігі сырттан келген «ардагерлер» екені, отыздан асқандардың көптігі, 35-36 жастағы легионерлер 20 мың доллар жалақы алғанымен жарытып ойнамайтыны,  кім көрінген шақырылатыны жөнінде айтылған сынға да лайықты жауап болмады. Жалақы демекші, «Ақтөбе» футбол клубы жуырда команда ойыншыларының 2016 жылдағы айлық тізімдемесін жария етті.

Тізімдегі мәліметке жүгінсек, клубта ең жоғары айлық алатын ойыншы Алексей Щеткин екен, оның ай сайынғы табысы - 9 миллион теңге. "Ақтөбенің" бұрынғы капитаны Самат Смақов 6 миллион теңге алып отырған. Қазіргі кезде қос ойыншы да өзге клуб үшін ойнайды. Саматтың «Ордабасы» командасында айлығы құпия болғанымен, бұрынғысынан аз емесі анық. Ақтөбелік клуб сапындағы легионерлер арасында ең көп айлық алатын Никита Бочаров екен,  айына - 2,5 миллион теңге. Ал клуб бапкері Юрий Уткульбаевтың айлығы - 3,5 миллион теңге.

"Ақтөбе" ФК футболшылармен жасалған келісім бойынша 2016 жылы агенттік, трансферлік және қолдаушылық төлемдерден бір тиын да төлемеген клуб басшылығы барлық келісімшарттар теңгемен жасалғанын, бұл ұлттық валюта құлдыраған жағдайда айырмашылықты қарастырмайтынын мәлімдеген. Сондай-ақ, клуб хабарламасында «Қазақстан премьер-лигасының кемінде тоғыз командасының тізімдемелері "Ақтөбе" футбол клубына қарағанда бірнеше есе жоғары", - делінген. Сол тоғыздың ішінде «Ордабасы» да бар екені анық. Бас бапкер Б.Байсейітов уәдесін орындамады. Соған қарай кетерінде, бәлкім келісім-шартын ұзартқанда, жанкүйер қауым биылғы сәтсіздіктердің себеп-салдары, клубтың қаржылық жағдайы ашық айтылар деген үмітте.

"Рейтинг" газеті.

 
Көрілді: 920
Жаңартылған: 17.11.2016 | 14:24
Категориялар: Басты жаңалықтар, Спорттағы басты жаңалықтар, Спорт