Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

«Ордабасы» командасы 3 миллиард теңгені қайда жұмсап жатыр

22.09.2016 | 10:26

 

Соңғы кездері футболға, оның ішінде ел біріншілігіне қатысты әңгіме көп айтылуда. Шет елден қомақты ақшаға келетін легионерлер, футболшылардың жалақысы, келісіп ойналатын кездесулер, төрешілердің айнымалы төрелігі... секілді мәселелер жиі көтерілуде. Қыруар қаржы жүрген және жариялылық жоқ жерде сөздің көбейетіні қалыпты жағдай. Дегенмен, бұл ашықтықты және ел алдындағы есепті қажет ететін мәселе.

Алысқа бармай-ақ  оңтүстіктің намысын қорғап жүр деп жанкүйер жанашырлық жасайтын «Ордабасы» туралы айтайық. Әлеуметтік желіде осы команданың қаржылық жағдайына қатысты мәліметтер жария етілді. Өткен жылы «Ордабасы» футбол клубының бюджеті 3 млрд. теңгеге жуық болған. Ал енді осы қаржының қайда және қалай жұмсалып жатқаны жөнінде ешқандай ақпарат таба алмайсыз. Есеп беріп жатқан ешкім жоқ. Бәлкім команда басшылары облыс әкіміне немесе футбол федерациясына есеп беретін де болар. Алайда, әрбір ойынын ашық аспан астында, күннің ыстығы мен жауынына қарамай тамашалайтын жанкүйер қауымның білгісі келетінін ескеріп жатқан жан жоқ. Онымен тұрмай, әлгі 3 млрд. теңге халықтың қаржысы, облыс әкімі немесе футбол маңайындағылардың қалтасынан шықпаған. Команда құрамында ойнайтын легионерлер аз ақшаға келмеген болар? Олар және жергілікті футболшылардың айлық жалақысы қанша?

Футбол командасының бюджеті барлық жобалар секілді облыс әкімдігінің тиісті басқармасында қаралып, облыстық мәслихат депутаттарының талқысына салынады екен. Ал, халық қалаулылары оны ешқандай сұраусыз, бірден қолдайтын секілді. Өйткені, осы уақытқа дейін бірде-бір депутаттың доп тебуге бөлінген қаржыға қатысты мәселе көтергенін естіп-көрген емеспіз. «Ордабасы» үшін 3 миллиард теңге аз да көрінер, ал ерте көктемнен қара күзге дейін қолынан кетпен-күрек түспейтін диқандар үшін бұл әжептәуір ақша. Яғни, сұраусыз, елеусіз қалдыратын дүние емес. Егер футболшылардың барлығы өз еліміздің өрендері болса түсіністікпен қарап, «қаржы елде қалып, өзіміздің жігіттердің жағдайы жақсарып жатыр» деуге болар еді.  

Қысқасы, «Рейтинг» газеті арқылы айтайын және білейін дегенім, «Ордабасы» футбол клубының басшылары жанкүйерлері, яғни облыс тұрғындары алдында есеп беруі тиіс. Ел алдында есеп беріп жүрген министрлер мен әкімдерден олардың қай жері артық, әлде қаржыны бөлгендер мен алғандардың арасында жұртқа құпия «алыс-берістер» бар ма...

«Рейтинг» газеті,

22 қыркүйек 2016 жыл.

 
Көрілді: 698
Жаңартылған: 22.09.2016 | 10:31
Категориялар: Басты жаңалықтар, Спорт