Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Мұхамбет Қуатбекті бәріміз Шошантай дейтінбіз

Чемпион болам деп өзі де айтып жүретін

04.09.2014 | 09:11
Мұхамбет Қуатбекті бәріміз Шошантай дейтінбіз Чемпион Мұхамбет Қуатбек

Тамыздың 16-сы мен 28-і аралығында Қытайдың Нанкин қаласында жасөспірімдер арасындағы ІІ жазғы олимпиада ойындары дүркіреп өтті. Дүбірлі додаға біздің мемлекетімізден аттанған 51 спортшы спорттың 17 түрінен сайысқа түсіп, Қазақстан қоржынына 8 жүлде салса, соның 3-і алтын, 1-і күміс, қалғаны қола болды. Осылайша әлемнің 200-ден астам елінің «сен тұр, мен атайын» деген мықты спортшылары бақ сынаған додада Қазақстан командалық есепте 21-орынға орнықты. Төрт жыл бұрын Сингапурде өткен осындай сайыста ел командасының маңдайына 24-ші орын бұйырған болатын.

Олимпиаданың ашылу салтанатында мемлекетіміздің Туын ұстаған 16 жастағы боксшы Абылайхан Жүсіпов ел сенімін ақтап, алтыннан алқа тақты. Дзюдошы Бауыржан Жауынтаевтың да жауырыны жер иіскеместен, бірінші тұғырдан көрінді. Тағы бір чемпионымыз, Қарағанды облысының атынан шыққан палуан Мұхамбет Қуатбектің кіндік қаны Оңтүстік өңірінде тамып, бал қызыққа толы балалық шағы  осында өткен. Біз кешегі күні Мұхамбеттің туған ауылы – Төле би ауданыдағы Мәдени ауылына арнайы ат басын бұрып, чемпионның тарыдай болып кірген мектебіне, күрестің әліппесін үйреткен алғашқы бапкері мен отбасы мүшелеріне жолығып қайтқан болатынбыз.

Біздің келетінімізден құлағдар болса керек, Мұхамбеттің әжесі Күлімхан әже темір қақпаны айқара ашып тастап, көшеде күтіп отыр екен. Сәлемдесіп, қуанышымен құттықтадық. Жүзінен шаттықтың лебі есіп тұрған әжеміз бірден қонақ бөлмеге бастап барды. Дастархан құда күтетіндей жайнап тұр. Мұздай қымыздың бір кесесін сіміріп, шөл басқаннан кейін Күлімхан әжені әңгімеге тарттық.

- Мұхамбет «аяғы шыға» салысымен мен қайда барсам да соңымнан бір елі қалмай еріп жүрді. Құдалық күтсек те, туған күнге барсақ та жанымда жүрді, қонақтарды шырқаған өлеңімен күлкіге кенелтетін. Қазір сонысын еске алып, өзі де күліп отырады. Осы мінезіне орай оны бәріміз Шошантай деп кеткенбіз. Кішкентайынан ашық мінезді болып өсті. Жатырқау дегенді білмейді. Шұнашақтай бала кезінен сонау Шымкентке таксимен бір өзі кетіп қалып, қайтып келе беретін. Тағы көпшілікпен бірге мінбейді ғой, жалғыз өзі бір таксиді жалдап алады. Сол әдеті әлі де қалмаған. Қазір қасымыздан ұзап кетті ғой, бірақ, телефонмен қайта-қайта хабарласып, қал-жағдайымды сұрап тұрады. Немеремді сағынғанда бір дорба болып жиналып қалған медальдарын қолыма алып, мауқымды басып аламын. Қайбір күні Қарағандыда мемкетіміздің басшысы Нұрсұлтан  Назарбаевпен де кездескенге ұқсайды ғой, анық-қанығын үйге келгесін білерміз, - дейді жасы сексенді алқымдап қалған Күлімхан әже. Осы кезде әңгімеге келіні, яғни Мұхамбеттің анасы Гүлсара араласты. Қуанышы қойнына сыймай жүргені айтпаса да түсінікті.  

 - Спортқа кішкентайынан құмар болып өсті. Қорадағы малға көбінше үлкен ұлым қарайтын, Мұхамбет болса «сен малға қарай салшы, мен кейін чемпион болғанда сенің бар жағдайыңды жасап беремін» деп алдап-сулап жаттығуына кетіп қалатын. Таңертең сабағына барып келеді де қалған уақытының барлығын спортқа арнады. Әжесіне ілесемін деп жол жүруді де жақсы үйреніп алды. Сонысына қарай пысық болып өсті. Қай жаққа болса да өзі кете беретін. Киім таңдауға да ерекше көңіл бөліп, өзіне ұнаған киімдерді ғана алатын. Өзгелері мектепке лайықты қара костюм-шалбар таңдайтын болса, бұл ақ костюм-шалбарға құмар болды. Алды үшкір туфли киіп алатын. Төртінші сыныпта Шымкентке ауысып, бір жылдан кейін Қарағандыға кетті. Қанша дегенмен, сыртқа кеткеннен кейін мінезі де өзгереді екен. Қазір сабырлы қалыпқа түсіп қалды. Биыл мектепті бітіріп, Қарағандыдағы мемлекеттік университеттің спорт және туризм факультетіне оқуға түсті, - деді анасы.

Біз барғанда Мұхамбеттің әкесі бір шаруаларымен шығып кеткен екен. Кештетіп келді. Ол келгенше чемпион баланың қызыққа толы балалық шағынан естеліктер айтылып, оның қылығына барлығымыз күліп алдық. «Жасөспірім бала Шымкентке, біздің үйге келіп, шайланып алады да өзі такси жалдап ағамның үйіне кететін. Осылайша қаладағы барлық аға-аталарының үйін аралап, әңгімесін айтып, тапқан тиын-тебенін қалтасына салып, ауылға қайтатын. Ешкім оның бетінен қаққан жоқ, еркін өсті, еркелеп өсті. Жарыстарға барғанда жанкүйер болып қасында жүрдім, қажет кезінде демеуші де болдым. Әйтеуір, осы бала үлкен биіктерден көрінсе екен деп армандадық, міне, сол арманымыздың алғашқы баспалдақтары көрініп қалды» дейді әкесінің інісі Тәкен Төлендібаев. Иә, бауырыңның әлем спортшылары алдында мерейі үстем болғанға не жетсін, дегенмен, Мұхамбеттің спортқа деген бейімділігін оның алғашқы бапкерінен артық ешкім айтып бере алмаса керек-ті.  

- Мектепте күрес секциясы ашылғалы бері осында жаттықтырушы болып жұмыс істеп келемін. Секция ашылған жылы Мұхамбет бірінші сыныптың оқушысы болатын. Күреске ауылдас тұратын Ерғали деген ағасы ертіп келді. Жасының кішкентайына қарамастан спортқа бейім болып, жаттығудан қалмайтын. Боз кілемге шыққанда ешкімнен қорықпайды. Бірінші сыныпта жүргенде-ақ ауданда чемпион атанды. 5-сыныпқа дейін осында жаттығып, облыстың чемпионы дәрежесіне дейін көтерілді. 23 килограмм салмақтан бастап, 38 килограмм салмаққа жеткенде Шымкенттегі Б.Саттарханов атындағы олимпиада ізбасарларын даярлайтын спорт мектебіне қабылданды. Сол жерде Ерденов Марат деген бапкердің қолына өтті. Марат Мұхамбетті Асқар Әбдірашев деген жаттықтырушыға тапсырып, кейін ол жұмысын Қарағандыға ауыстыруына байланысты өзімен бірге алып кетті. Қазір секциямызда 42 оқушы жаттығып жүр. Барлығының да талабы жоғары, дегенмен, Алтынбек Бақдәулет деген палуанның болашағынан зор үміт күтуге болады. Өз салмағы бойынша Республикада чемпион атанды. Ол да қазір Қарағандыда, Мұхамбеттің қасында, Асқардың тәрбиеленуінде, - деді бізбен әңгімесінде Олимпиада чемпионына күрес әліппесін үйреткен Ғани Асылбеков.

Осылайша Мұхамбеттің мінезінің қыр-сырын әңгімелеп отырғанда чемпионның әкесі Шоқан Қуатбекұлы да келіп қалды. Мінезі тұйықтау, көп сөйлемейтіндердің қатарынан екен. Ашылып әңгіме айтпаса да, жүзінен жылы шырай сезіледі. Қуанған мен қорыққан бірдей демекші, аздап қобалжып тұрғаны да байқалады. Оңай деймісіз, туған ұлың түгілі қазақтың бір ұлы әлемдік додада сайысқа түсіп жатса көңілің алабұртып, бір орында тыныш отырудың өзі қиын. Ал, олимпиада чемпионы болса... Сезіміңді айтып жеткізу қиын.   

- Күреске кішкентайынан барып, ең кіші салмақта күресті. Алғашқы жеңістерінің бірі - Көксәйекте өткен халықаралық дәрежедегі турнирде бірінші орын алғаны әлі көз алдымнан кетпейді. Кейін Түркістанда өткен бір жарыста өзінен дене бітімі де әлдеқайда ірі, жасы да үлкен палуанмен күрестіріп, әділетсіздікке жол бергенінің куәсі болдым. Әйтеуір ол жолы да жүлдесіз қалған жоқ, үшінші орын алды. Дегенмен, жастайынан осындай әділетсіздіктерге жиі жолығар болса баланың беті қайтып қалар ма екен деген уайым болды. Тәуба, өзі армандаған биікті бағындырды. Әлі де жас қой, арманы биік болып, Алла алдынан жарылқасын деп тілеймін, - деді әкесі Шоқан аға.  

Шадияр Молдабек.

Көрілді: 2650
Жаңартылған: 15.09.2014 | 14:43
Категориялар: Спорттағы басты жаңалықтар, Спорт
Белгі: спорт


Тақырыпты басқа мақалалар