Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Еуропаның күйреуі

Еуропалықтар үйлеріне кетіп жатыр

26.06.2014 | 10:47
Еуропаның күйреуі Дж-Джонстың қуанышы

Бразилияда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионаты өзінің шешуші кезеңіне қадам баспақ. Биылғы доданың қызықты өтіп жатқаны сондай, топтық турнирдің өзінде естен кетпестей ерекше ойындар мен оқиғалар болып жатыр.
Мәселен, Уругвай – Англия, Германия – Гана немесе Хорватия – Мексика сынды кездесулердегі драмалық сюжет, тартысты ойын, тосын шиеленістер алғашқы кезең емес, тіпті плей-офф сатысына да жарасар еді. Ағылшын командасын ауылына ерте қайтуға мәжбүр еткен Луис Суарестің ерлігіне қалай сүйсінбейсіз? Жарақатынан толық айығып та үлгермеген мерген шабуылшы бүкіл Уругвай елінің үмітін ақтады. Ал үшінші турда сол қаһарман мүлде басқа қырынан танылып, италиялық Джорджо Кьеллинидің... иығынан тістеп алды.

Мұны төреші байқамады ма, әйтеуір ешқандай шара қолданған жоқ. Есесіне, Клаудио Маркизионың дөрекі ойынына дәп қасында тұрып куә болған ол италиялықты алаңнан қуып шықты да, азшылықта қалған «Скуадра адзурра» ұтылып қалды.

Әу баста «Өлім тобынан тірі шықпақ түгілі, байырғы үш әлем чемпионының азуында кетіп, тұяқ та серпе алмас» делінген Коста-Рика құрамасы әлгі мықтылардың бірін былай, екіншісін былай жығып, бірінші орынға шыға келгенде, таң қалмаған жан болған жоқ. Және олардың жеңісі – кездейсоқ сәттілік емес, әділ нәтиже. 1/8 финалға алдын ала шығып алған олар үшінші турда Англиямен тең түсті. Жалпы Англия, Италия, Испания, Хорватия секілді азулы құрамалардың топтық кезеңнен өте алмауы биылғы доданың ең маңызды оқиғалары ретінде есте қалмақ. Бұлардың қатарына Португалия мен Ресейдің де «қосылу мүмкіндіктері» мол. Еуропаның әзірге төрт-ақ командасы плей-офф сатысына шығып отыр, мұны қазірден-ақ «Қарт құрлық құрамаларының күйреуі» деп бағалап жатқандар баршылық.
Келесі кезеңге Коста-Рикадан басқа Голландия, Чили, Бразилия, Мексика, Колумбия, Грекия, Уругвай, Франция, Аргентина және Бельгия құрамалары шықты. Оңтүстік Кореяны айқын басымдықпен жеңіп, ӘЧ тарихында бір ойында 4 гол соққан алғашқы африкалық құрама атанған Алжирді енді Ресеймен тең нәтиже де қанағаттандырады. Ал орыстарға тек жеңіс қажет. Нигерия тіпті Аргентинадан ұтылса да, 1/8 финалға шығуы мүмкін, өйткені, шабуылы азусыз Иранның Боснияны ұтатынына еш сенім жоқ. Криштиану Роналду бастаған Португалия құрамасы АҚШ-пен ойынның соңғы секундтарында есепті теңестіре алғанымен, келесі кезеңге шығар-шықпасы неғайбыл. Соңғы турда олар Гананы ұта ала ма, ұтқан күнде де ол жеңіс америкалықтарды 3-орынға ысыруға жеткілікті бола ма? Жалпы кешегі немістермен ойындағы қарқынына қарап, Гана командасы Португалиядан жеңіле қояды деп те қалай айтасыз?
Айтпақшы, Германия – Гана кездесуі әлем чемпионаттары (ӘЧ) тарихындағы 800-матч болды. Осы ойында неміс шабуылшысы Мирослав Клозе есепті теңестіріп, өзінің финалдық турнирлер тарихындағы 15-голын соқты. Сөйтіп, бразилиялық Роналдоны қуып жетті. Сонымен қатар М.Клозе төрт бірдей доп додасында мергендік танытқан өзінің даңқты отандасы Уве Зеелерді және әйгілі бразилиялық Пеленің рекордын қайталады. Ал АҚШ – Португалия матчында ӘЧ тарихындағы 2300-гол соғылды. Оның авторы – америкалық Джермейн Джонс. Жалпы, биылғы доп додасы голға бай болып тұр: 25 маусымға дейін өткен 40 матчта 117 гол соғылды (орта есеппен әр ойында 2,93 голдан).
Жапониямен кездесудің 85-минутында колумбиялық қақпашы Давид Оспинаның орнына туғанына сол күні 43 жас, 3 күн болған ардагер Фарид Мондрагон шықты. Сөйтіп, әлем чемпионаттарының жаңа рекордын жасады. Бұған дейін әлемдік доп додасында алаңға шыққан ең қарт футболшы – камерундық Роже Милла еді: 1994 жылы Ресей құрамасымен ойынға қатысқан ол 42 жаста болатын.
Сәкен СЫБАНБАЙ



 

Көрілді: 808
Жаңартылған: 26.06.2014 | 10:56
Категориялар: Спорт
Белгі: футбол


Тақырыпты басқа мақалалар