Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Депутаттың ұлына қатысты іске сот үкімі шықты

29.11.2018 | 12:15
Депутаттың ұлына  қатысты іске сот  үкімі  шықты

Былтыр Оңтүстікте «Жұмыспен қамту» бағдарламасына қатысып жатқан кәсіпкерлерден ақша жинап, мемлекет  қаржысын сыбайластықпен талан-таражға салған аудандық жұмыспен қамту орталықтары мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары сот алдында тиісті жазасын алған еді. Кезек Шымкентке де келіп жетті. Бюджеттің жүз миллиондаған теңгесін  жоқ қылған топтың құрамындағы 14 азамат жуырда өздеріне тиесілі жазаны алды. Ал Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының директоры Асылжан Жамалбекке халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі.

Жалпы Жамалбек әулеті оңтүстік өңіріне кеңінен танымал. Бұл әулеттен тарағандарға істеген жауапты қызметіне, абырой-беделіне қарай жеке-жеке тоқталуға болады. Ал әлгі халықаралық іздеу жарияланған Асылжан Жамалбектің әкесі Шәріпбек Жамалбек облыстық мәслихаттың бірнеше шақырылымының депутаты ретінде де, үкіметтік емес ұйымдардың басын қосатын «Азаматтық Альянс» қауымдастығының облыстағы төрағасы ретінде де белсенділігімен, білім-білігімен, беделімен,  ел ортасындағы сый-құрметімен көзге түсіп жүрген айтулы азамат. Үкімге қарағанда А.Жамалбек орталықтың директоры қызметіне 2015 жылы тағайындалған. Орталықтың алғашқы басшыларының алқанына ақша салып отырған Жүнісалиева А.Жамалбекке ешқандай ақша бермегенін, оның ешқандай ақша талап етпегенін айтыпты. Ол тергеушінің «егер Жамалбекке қарсы жауап берсең, жеңілдеу жаза тағайындаймыз» дегенін, осыдан кейін орталық басшысына қарсы жауаптар бергені айтыпты. Ал орталықта жұмыс істеген сотталушы Ташматов сот барысында тергеушінің «А.Жамалбекке қарсы жауаптар бермесең, қамаймын» деп психологиялық қысым көрсеткенін айтыпты. Осыдан кейін ол Жамалбекке өмірінде көрмеген ақшаларды «үйінде, автокөлігінің ішінде бердім, Дубайға кеткенде артынан ақша салдым» деп ойдан құрастырып жауаптар бергенге ұқсайды. Үкімде Жамалбекке тек оның орынбасары болып істеген сотталушы ғана қарсы жауап беріп, бастығының бағдарламаға қатысушылардан алынатын ақшалардың ставкасын белгілеп, ақша жинауды тапсырғанын айтыпты.

Яғни, сотталушылардың А.Жамалбекке қатысты айтқан жауаптары адамды екіұдай күйде қалдырады. Егер бұл іске экс-директордың қатысы болмаса, онда тергеушілер оның қыр соңына не үшін түсіп алған? Қылмыстық іске мейілінше лауазымды шенеуніктерді тарта отырып, оның салмағын ауырлату үшін бе? Егер Жамалбектің ешқандай кінәсі болмаса, ол тергеу амалдарынан неге бой тасалаған? Заң алдында бәрібір ақтала алмайтынын алдын ала білгендіктен бе? Басты сотталушы ірі көлемде ақша бердім деген жұмыспен қамту орталығының бұрынғы директорлары неге жауапқа тартылмаған? Әзірге бұл сауалдарға жауап табылмай отыр.

Айта кетері, бұл іс бойынша шығарылған үкім әлі күшіне енген жоқ. Үкім 14 адамға қатысты. Мұның ішінде үшеуі қалалық жұмыспен қамту орталығының бұрынғы қызметкері. Ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылған азаматтардан ақша алып, оларды заңсыз жұмыстан босатқан бір полицей бар. Сотта олар бір-біріне қарама-қайшы жауаптар берген. Қайсысының сөзінің құлаққа қонатынын айту қиын. Бір сотталушы ақшаны екінші сотталушыға бергенмін дегенді айтады.  Ал ол сотталушы ешқандай ақша көргенім жоқ дейді. Дегенмен осы қылмыстық істің басты «кейіпкері»  Жунісалиеваның айтқандарына қарап отырып, ұйымдасқан топтың бюджет қаржысын қалай, қандай әдіс-тәсілдермен жегенін, шенеуніктердің бұл іске қалай ықпал еткенін айқын аңғаруға болатын сияқты.

Жүнісалиеваның айтуынша, ол  2012 жылдың басында Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығына мүгедек ағасының құжаттарын өткізу үшін барады.  Осы жерден ол «Әлеуметтік жұмыс орындары» және «Жастар тәжрибесі» бағдарламаларына жеке кәсіпкерлердің де қатысуларына болатынын біледі. Ол сол жылы өзінің жақын туыстарының және таныстарының атынан жеке кәсіпкерлік субъектілерін (ЖК)  ашып, оған жұмыспен қамту бағдарламасына қатысушы  жұмыссыздарды тартпақ болған. Алайда оның ЖК-ларына  жұмыспен қамту орталығы ешқандай жұмыссызды жолдамаған.  Ол мұның себебін білу үшін орталықтың сол кездегі директорына кіреді. Бастық «әр жолданатын жұмысшының жолдамасына 15000 теңгеден бересің немесе жұмысшы жолданбайды» дегенді кесіп айтқан көрінеді.  Ақыр аяғында бұл келісімін береді. 240 жолдаманың әрқайсысына 15 мың теңгеден, жалпы көлемі 3 миллион 600 мың теңгені директорға бөлім басшысы арқылы беріп жіберген. Екіарадағы «сауданың» басы осылай басталған.

Бұдан кейінгі әдіс-тәсілдің бәрі тап бір құл базарындағыдай тірлік. Жүнісалиева таныстары арқылы жеке кәсіпкерлік ашады.  Жұмыспен қамту орталығындағы сыбайластары оларға жұмыссыздарды жолдайды. Жүнісалиева әр жолданған жұмыссыздың жалақысынан ұсталатын салықтарын, зейнетақы аударымдарын төлеп, жұмыссыздың қолына айына 5 мың теңгеден беріп отырған. Бағдарламаға бөлінген ақшаның қалғаны жеке қалтасына түскен. 2013 жылы осы тәсілмен бағдарламаға 25 жеке кәсіпкерлікті қатыстырған. Келісім бойынша 9 миллион теңгені орталық басшысының  алақанына салып берген. 2013 жылдың екінші жартысында  орталықтың басшысы ауысады. Ол әлдененің исін сезсе керек, Жүнісалиеваны «ақша бермесең, бағдарламадан шығарып тастаймыз» деп қорқытады. Бұл жаңа басшыға қосымша 2 миллион 700 мың теңге берген. 2014 жылы да осы әдіспен жұмыс жүргізіліп, орталық басшысы 7 миллион 200 мың теңгені қалтаға басқан. 2014 жылы орталыққа жаңа басшы келеді. Оның да алақаны қышып жүрсе керек, «қосымша ақша бермесең, бағдарламадан шығасың» дегенді ол да айтқан. Бұл амал жоқ, 2 миллион теңгені апарып беруге мәжбүр болған. 2015 жылы ол  бағдарламаға 20 ЖК-ны қатыстырған. Бәрі сәтті болу үшін орталықтың есепшісіне, бөлім басшысына ірі көлемде сыйақы берген. Айыпталушының орынтағында отырған 10 сотталушының көпшілігі  жеке кәсіпкерлік ашып, сол үшін  Жүнісалиевадан айына 30 мың теңгеден ақша алып отырған. Бірқатары түрлі тапсырмаларды орындап отырған. Мәселен, Үкімге қарағанда Жүнісалиева мен оның «нөкерлері»  бағдарламаға қатысқан жұмыссыздарды да өздері тауып, құжаттарын да өздері рәсімдеп отырған. 

2015 жылы Жүнісалиева орталыққа  60 адамның құжаттарын өткізген. Әр адам үшін орталықтың жауапты қызметкерлеріне  20 мың теңгеден берген. Мұндай «сыбайластар тәжірибесі» 2016 жылы да жалғасын тапқан. Бұл жылы Жүнісалиева «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламасы бойынша 23 жеке кәсіпкерлікті қатыстырып,  451 адамның жолдамасын иеленген. Әр жолдамаға 15 мың теңгеден беріп отырған. «Жұмыссыздық саудасы» бара-бара кеңейе түседі. 2017 жылы бағдарламаға қатысқан кәсіпкерліктердің саны  34-ке жеткен.  Жолдамалардың саны 700-ден асқан. Жүнісалиева орталықтағы бөлім басшыларын да сыйақысыз қалдырмаған.

Ұсталған кезде Жүнісалиеваның басқаруындағы «BMW X5» көлігінен 63 дана «Bank RBK» банкомат карточкалары, жалпы соммасы 2 008 800 теңге ақша, адамдардың тізімі жазылған 10 дана парақ, ал үйін тінту барысында жұмысқа жолданған адамдар тізімі, платеждік төлемдер, 38 дана жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мөр таңбалары, 91 дана «Bank RBK» банкомат карточкалары, 21 дана «Халық банк» банкомат карточкалары, 14 дана «Kassanova Bank» банкомат карточкалары, жалпы саны 75 дана жеке тұлғалардың нотариус арқылы берілген сенімхаттары, банктер арасында жасалған келісім шарттар, бұдан басқа зергерлік бұйымдар табылған.

Сот Жүнісалиеваны Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша кінәлі деп тауып, оны 8 жылға бас бостандығынан айырды. Оның мемлекетке қайтаруы тиіс шығынының өзі 370 миллион теңгеден асады. Ал жұмыспен қамту орталығының бұрынғы үш қызметкерінің екеуі 7 жылдан, ал біреуі 1,6 жылға бас бостандығынан айырылды. Полицей  екі жылға сотталғанымен, рақымшылық заңын қолдана отырып, жауапкершіліктен мүлдем босатылған. Жүнісалиеваның «көмекшілерінің» дені 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.  

Жоғарыда айтылғандай, қылмыстық топ 2012-2017 жылдар арылығында жүздеген, мыңдаған адамды жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеп, өтірік жұмыспен қамтыған. Әкімдер сол кезде жалған жұмыссыздарды өздерінің есептеріне, баяндамаларына енгізіп, жоғарыдағы  бастықтарын алдады-ау, ә!

Мұндай көзбояушылықтың дәл қазір де жүріп жатпағанына кім кепіл? 

 
Көрілді: 875
Жаңартылған: 29.11.2018 | 12:18
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат