Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Түркістан облысында «Дәстүрлі құндылықтар керуені» жиындары өтуде

23.11.2018 | 10:37
Түркістан облысында «Дәстүрлі құндылықтар керуені» жиындары өтуде

Түркістан облысының аудан, қалаларында «Дәстүрлі құндылықтар керуені» тақырыбындағы көшпелі жиындар өтіп жатыр. Бұл  халыққа мәдени, рухани, діни тұрғыда түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында ұйымдастырылуда.

Күні бүгінге дейін осындай шаралар өңірдің Арыс қаласы мен Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Келес, Шардара, Қазығұрт жəне Төлеби аудандарында өткізілді. Басқосуларға облысқа танымал дінтанушы-теологтар, беделді спортшылар, мәдениет майталмандары мен зиялы қауым өкілдері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық филиалдарының  имамдары  және өзге де сала өкілдері қатысуда. Мәселен, Арыс қаласында өткен жиында шаһардағы діни ахуал жайы сөз болды. Аудан әкімінің орынбасары  Рысдәулет Айтбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Арыста діни ахуал тұрақты.

«Дәстүрлі құндылықтарға қарт адамдардың жас отбасыға берген ақыл-кеңестері жатады. Әр отбасыда бұл құндылықтар әр түрлі. Олардың ұқсас жақтары да бар. Кез келген отбасыда дінді сақтап, некені бұзбау, ұрпақ жалғастырып, бала тәрбиелеу сынды ортақ дәстүрлі отбасылық құндылықтар қалыптасқан. Әрбір отбасының басты мақсаты бақытты ғұмыр кешу болып табылады. Бақытты отбасын құру бірінші кезекте жас жұбайлардың тәрбиесіне тікелей байланысты. Мемлекеттің басты міндеті мен мақсаты да осы дәстүрлі құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпаққа ізгілік жолын дəріптеу. Сол міндетімізді орындау мақсатында аталған керуенді ұйымдастырып, пікір алмасуға келіп отырған азаматтарға алғысымды білдіремін», - деді  жиында қала әкімінің орынбасары.

Жергілікті халықпен кездесуде Түркістан облысы Дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» директорының орынбасары Мəди Бесбаев пен бөлім басшысы Дәлелхан Оспанов, облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Шолпан Мамытханова мен Арыс қаласының «Ырыс алды-ынтымақ» қоғамдық форумының хатшысы Қоныс Балқыбеков,  қалалық Өнер мектебі директорының орынбасары Темірхан  Әбдіковтер сөз алып, басқосудың маңыздылығына тоқталды. Жиынға қатысушылар тарапынан баяндамашыларға сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.

Айта кетейік, қараша айының 19-нан бастау алған шара 29 қарашаға дейін жалғасады.

 
Көрілді: 695
Жаңартылған: 26.11.2018 | 10:39
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат