Oinet.kz — ақпараттық-сараптамалық сайт

Сооронбай Жээнбеков президентікті сатып алған ба?

22.11.2018 | 15:47
Сооронбай Жээнбеков президентікті сатып алған ба?

Қырғызстанда экс-президент пен қазіргі президент Алмазбек Атамбаев пен Сооронбай Жээнбековтың арасындағы текетірес ушығып барады. Егер екіжақ ортақ тіл табыспаса, мұның соңы... әйтеуір, жақсылыққа алып бармайтыны айдан анық.

Неге десеңіз, биліктен кетсе де Ақ үйде Атамбаевтың сөзін сөйлейтін әлі бір қауым ел бар. Олар қажет болса, Жээнбековтің командасына жауап қайтара алатынын дәлелдеді. 

Жақында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деп айыпталған бұрынғы премьер Сапар Исақовтың адвокаты Нұрбек Тоқтакунов Фейсбуктегі парақшасына былтыр президент сайлауы кезінде Жээнбековтың тарапынан жіберілген біраз заңсыздықты жария етті. Мәселе ақшаға қатысты. 

Адвокаттың келтірген деректеріне қарағанда,  сайлау компаниясында Жээнбековтың сайлау қорындағы қаражат  ресми мәліметтегідей 2,3 миллион доллар емес, 23,5 миллион долларды құраған.  Ал заң бойынша президентікке үміткердің сайлау қоры 15 миллион сомнан аспауы тиіс. Бұл қаржының басым бөлігі сайлаушыларды сатап алуға кеткен көрінеді.

Жээнбековтың штабына бұл қаражаттар «СШ чз И.С» деген белгімен түскен. Бұл «Сооронбай Шәріпұлына Икрамжан Саттарұлынан» дегенді білдіретін көрінеді. Икрамжан Илмиянов президент Алмазбек Атамбаевтың кеңесшісі қызметін атқарған.  Ол кезде Жээнбеков пен Атамбаев одақтас, бақталастарымен тізе қосып бірге күресіп жүрген айырылмас достар еді ғой. Бір жылдан кейін жағдайдың күрт басқа арнаға бұрылатынын кім білген?   

Н.Тоқтакунов осыдан кейін:

-Өмір бойы мемлекеттік қызметте істеген Жээнбеков 23,5 миллион долларды қалай тауып жүр?-деген сауалды көлденеңдетеді. Расында да күмәнді.

Бұдан кейін  Н.Тоқтакунов кәсіби заңгер ретінде Қылмыстық кодексті парақтайды.  Оның жазуынша, Жээнбековтың әрекеттері «сайлаушылдарды сатып алу» және «кандидаттың сайлау кампаниясы кезінде сайлауы қорын белгіленген мөлшерден асыруы» баптары бойынша сараланады екен. Жоғарғы кеңес Жээнбековке осы баптар бойынша айыптаулар тағып, алдымен парламенттік комиссия құруы тиіс екен.

-Президентке импичмент жариялау оңай емес, бірақ ол мүмкін. Жээнбековтың бес жылдық мерзімін күтіп не керек?  Елде ешқандай реформа болмайды. Жээнбеков саяси бәсекелестерін қудалауды бастап кетті. Мұның бәрін сыбайлас жемқорлықпен бүркемелеп отыр. Сот, құқық қорғау органдары өздерінің міндетін орындап отырған жоқ,-дейді өзінің жазбасын түйіндеген адвокат.    

Экс-президент Алмазбек Атамбаев осы жайтқа қатысты түсінік берді.
- Мұның бәрін штабтың есепшісі білген. Ол қазір ақысыз демалыс алып, шетелге қашып кетті. Себебі ол өзінің өмірі үшін қорқады. Қазіргі билік Бакиевтың жолымен кетіп барады,-деген Атамбаев бір кездері Бакиевтің қарсыластарын ұрып-соғу, күш көрсету, тіпті өлтіруге дейін барғанын еске салды.  Сұхбат барысында ол:

-Егер Икрамжан Илмиянов қамауға алынбағанда, сайлау қорындағы қаражатқа қатысты  құжаттар жарыққа шықпайтын еді,- деді (Атамбаевтың бұрынғы кеңесшісі қазанда сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген айыппен тұтқындалған болатын).

Яғни, жемқорлыққа қарсы аяусыз майдан ашты деген Жээнбековтың өзі де таза емес сияқты. Президенттің баспасөз қызметі адвокаттың мәлімдемелерін жоққа шығарды, түсініктеме беруден бас тартты. Бәрібір бұл үнсіздік президенттің пайдасына шешіліп тұрған жоқ.

Атамбаевтан күтпеген жерден соққы алған Жээнбековтың ендігі әрекеті қандай болмақ? 

 
Көрілді: 1096
Жаңартылған: 22.11.2018 | 15:51
Категориялар: Басты жаңалықтар, Саясат